Соңғы кезде еліміздегі үш алпауыт мұнай-газ кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың белгілі бір үлесін сатып алу үшін ресейлік инвесторлардың Батыс бұғаттап тастаған миллиардтаған долларды пайдалануы туралы сөз қозғала бастады. Бұл әрине, аса күмәнді әрі қауіпті ұсыныс, десе де мәселеге сәл тереңнен үңіліп көрейік.
90-жылдары Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай-газ кен орындарының әрқайсысымен 40 жылға келісімшарт жасалды. Теңізбен келісім уақыты – 2033 жылы, Қарашығанақтікі – 2038 жылы, Қашағандікі 2042 жылы аяқталады. Сол мерзімдер біткеннен кейін де оларға тиіспеген жөн деп есептеймін. Мәселен, молдован бизнесмені Стати ісі Қазақстанды қиын жағдайда қалдырды. Соттасып жатқанына 10 жылдан асты. Бір сот бітсе, екіншісі басталады. Өйткені бизнесмен Анатолий Стати халықаралық тәуелсіз сотқа жүгінген. Мына үш ірі кен орнының келісімшартында да «егер қандай да бір келіспеушілік туындайтын болса, біз жергілікті сотты мойындамаймыз, ісіміз Лондондағы тәуелсіз арбитражды сотта ғана қаралады» деп жазылған. Сондықтан олармен арадағы келіспеушіліктің туындағаны бізге қажет емес. Туындай қалса, біздің жеңіліп қалу ықтималдылығымыз жоғары.
Үш кеніш те аса күрделі кен орны саналады – тым тереңде орналасқан және ондағы қысым мен құрамындағы күкірт деңгейі өте жоғары. Сондықтан ол жерлерді ойдағыдай игеру үшін үлкен көлемде инвестиция салынып, озық технологиялар мен білікті мамандар керек еді. Бұл компаниялармен келісім жасалған кезде елімізде ақша да, технология да, маман да болған жоқ. Сондықтан біз олардың шарттарына көнуге мәжбүр болдық. Келісім жасасып жатқан кез – еліміз үшін тым қиын кездер еді, тиісінше біз қолда бардың бәрін саттық. Кейін сыни тұрғыдан ойлап көрсек, неліктен бәрін сатып тастадық екен деп ойланамын. Мәселен, сол кезде Теңізде «ҚазМұнайГаз»-дың 25 пайыз үлесі бар еді, соның 5 пайызын «ExxonMobil»-ға 1 млрд долларға сатып жіберуге мәжбүр болды. Қашаған мен Қарашығанақты бір жыл ішінде беріп жіберді. Әуелі, аңысын аңдап, біреуін бере тұрсақ қайтер еді? Жалғыз олар емес, басқа да ұсақ-түйек кен орындары сатылып жатты ғой, солардың ақшасын неге кәдемізге жарата тұрмадық? Неге жаппай саттық? Меніңше, осындай ұтылыстың бірден бір себебі – еліміз тарапынан келіссөзге мықты экономист, заңгерлердің қатыспауы болды. Сол кезде кен орындарын геологтер басқарды, олар кейін туындайтын экономикалық тәуекелдерді аңғара алған жоқ. Салдарынан біз үшін өте тиімсіз келісімдерге қол қойылып кетті.
Бірақ мойындау керек инвесторлар үш кен орнын жоғары деңгейде игеріп отыр. Ондағы инновациялық-технологиялық мүмкіндіктердің жүзеге асырылуы, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, жұмыс этикасының қалыптасуы, адам еңбегінің бағалануы бәрібір басқа кен орындарынан әлдеқайда озық. Олар жыл сайын мұнай өндіру көлемін арттырып келе жатыр. Елімізде оларға пара-пар деңгейде кен орнын игеріп, қызметкерлеріне жағдай жасап отырған компания таба алмаспыз.
Ал осындай орындардың үлесін ресейліктерге берейік деудің астарында не жатуы мүмкін? Үш кен орны да өнімдерін толықтай шетелге экспорттайды. Ішкі нарыққа бір тамшы мұнай бермейді. Әу бастағы келісімде солай жазылған. Қалған компаниялар болса, өнімдерінің белгілі бір бөлігін ішкі нарыққа жіберуге міндеттелген. Ал ішкі нарықта жыл санап мұнай өнімдерін тұтыну деңгейі өсіп келе жатыр. Осы қарқынмен кете берсе, онда болашақта аталған үш кен орнын да мұнайының бір бөлігін ішкі нарыққа жіберуге міндеттеуге тура келеді. Әйтпесе елімізде тапшылық басталып, оның соңы үлкен әлеуметтік қиындыққа әкеліп соқтырады. Бәлкім, осы түйткілді шешудің бір амалы ретінде осындай әңгіме қозғалып жатқан сияқты. Өйткені ол компаниялар кесімді мерзім таяғанда «Қазақстан үшін зауыт саламыз», «Қазақстан үшін әлеуметтік жобаларға көбірек қаржы бөлеміз» деп кетпеудің жолын қарастыра бастауы мүмкін. Сондықтан бұл ел билігінің «егер ішкі нарыққа мұнайдың бір бөлігін жөнелтетін болсаңдар, біз сендерге тиіспейміз, басқа акционерлерді араластырмаймыз» деген белгісі болуы да ғажап емес.
Ал егер расымен инвестор ауыстырғымыз келсе, ол кен орындарының үлесі ең бірінші кезекте елімізге өтуі керек. Әрі қарай кімге берерін Қазақстан өзі шешсін. Ресейдің шетелде «қаңтарылған» активтерін біздің кен орындарына алмастыруға кім рұқсат берді? Осы жерде не Үкімет, не Энергетика министрлігі, не «Самұрық-Қазына» шығып бір ауыз сөз айтуы керек еді. Өйткені үш кен орны инвесторларында үрей туындады ғой, ал оны ешкім басқан жоқ, жұбатқан жоқ. Бұл дұрыс стратегия емес.