Кейінгі жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе жас ғалымдарды ғылымға тарту, оларды рухани және материалдық тұрғыдан ынталандыру жұмысының жүргізілуі талай жастың ғылым жолына түсуіне себеп болып отыр.
Жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыруға арналған гранттық конкурстар, бағдарламалар мен тағылымдамалар туралы жеке-жеке тоқталуға болады. Бірақ осы ретте қазір қызмет етіп жатқан, жаңадан мәртебе алған Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жас ғалымдарды қолдауға қатысты тың шешімдеріне тоқталғым келеді. Жыл басында академияда Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл ұйым еліміздегі талантты жас ғалымдарды бір ортаға шоғырландырып, ғылым саласындағы мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдары бойынша тәуелсіз ұсыныстар беріп, құқықтық-нормативтік құжаттар мен ережелердің жобасын дайындап, оған өзгеріс енгізуге нақты ойын жеткізеді. Осы кеңес құрамында отандық ғылымда тұңғыш рет жас ғалымдардың құқығын қорғайтын омбудсмен лауазымы енгізіліп, маманымыз өз жұмысын бастап кетті.
Мемлекеттің ғылымға көңіл бөлуі – жақсы үрдіс. Дегенмен жалпы алғанда, елімізде ғылымды қаржыландыру әлі де тиісті деңгейде емес. Кейінгі жылдардағы оң өзгерістерге қарамастан, Қазақстан – ғылымға инвестиция құю бойынша әлі де артта қалған ел қатарында. Қоғамда «Қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтері, Марғұландары қайда?» деген сауал қойылады. Егер қажетті технологияларды шетелден сатып аламыз деп, жылдар бойы өз ғалымдарымызды мойындамасақ, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан қалыптаспақ? Кейінгі жылдары елімізде ғылымды қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің шамамен 0,13% бөлініп келеді, салыстырмалы түрде қарасақ, ғылымды қолдауға ішкі жалпы өнімнің Израильде – 4,9%, Оңтүстік Кореяда – 4,6%, Тайванда – 3,5%, Швецияда – 3,4%, Жапонияда – 3,2%, АҚШ-та – 3,1%, Қытайда 2,2% бөлінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді бастамалары нәтижесінде елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағыттағы жұмыс қазіргідей жақсы қарқынмен жалғасса, елімізде ғылым дамудың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз.
Қуантар ӘЛИХАНОВ,
Ұлттық ғылым академиясы Пәнаралық ғылым орталығының директоры, PhD