Ақпарат құралдары – қоғамдық сананың қалыптасуы мен жетілуіне әсер ететін маңызды институттардың бірі. Бүгінгі әлемнің келбетін баспасөзсіз, радио, телевизия, әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Ақпарат құралының құлағынан ұстағандар өз кезеңінің оқиғасы мен құбылысын тарихтың шежіресіне айналдыра отырып, оқырманы мен көрерменіне бүкіл әлемнің сұлбасын айна қатесіз жасап беріп отыр. Сол себепті бүгінгі масс-медиа өкілдерінен кәсібилікпен бірге, азаматтық жауапкершілікпен қызмет ету қасиеті талап етіледі.
Кейінгі жылдары газет-журналдардың тағдыры қылдың үстінде тұрғандай тілшілер қауымының көңіліне қорқыныш келіп ұялайтыны бар. Кейінгі жылдары идеясы айқын, бағдары белгілі, талай жылдық тарихы бар мерзімді басылымдар тақырып, мазмұн, пішін жағынан өзгеріске ұшырай бастағанын байқау қиын емес. Қоғам қаласа да, қаламаса да, интернет ресурстары алға озып, ақпарат тарату мен қабылдаудың басты арнасына айналып келеді. Интернет дәстүрлі ақпарат құралдарын түбегейлі жойып жібермегенімен, түр-тұрпатын өзгертіп, сұранысқа сай жаңа форматқа көшуге мәжбүрлеп отыр. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен ІІ республикалық Өңірлік мерзімді басылымдар форумында бас қосқан БАҚ өкілдері газет редакциялары сәт сайын бетпе-бет келетін заманауи медиа кеңістіктегі күрделі мәселелерді талқылауға шақырды.
Достық үйінде «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты екі күнге жалғасқан форум жұмысы ұлттық журналистиканың ең көкейкесті мәселесін көтерген бес панельдік отырысты қамтыды. Форумның екінші күнгі жұмысы Президент Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізген «Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбындағы панельдік отырыспен басталды.
– Қазір заман өзгерді. Газет-журналдарды қалай бәсекеге қабілетті етеміз, баспасөзге оқырманның ықыласын қалай аудару керек деген сұрақтар туындайды. Кезінде аға буын аңыз етіп айтатын «қойшының етігінде «Жалын» журналы жүруші еді, диханның қосында «Қазақ әдебиеті» тұрушы еді, жастар бригадасында «Лениншіл жас» оқылушы еді» деген күндер артта қалды. Ол кезде ақпарат көзі баспасөз еді. Қазір бір телефонның өзі тұтас телеарнаның, бір гаджет бір редакцияның жұмысын атқарып отыр. Сондықтан жаңа заманның талабына сай әрекет ету басылымдардың басты міндетіне айналды. Бүгінгі отырысымызда бәсекелестік артып отырған кезеңде қағаз басылымдардың ғұмырын қалай ұзақ ете аламыз деген мәселені талқылаймыз, – деді Ержан Байтілес.
Басылымдарды онлайн форматқа өткізу туралы «Курсив» сайтының бас редакторы Мира Халина әңгімелеп берді. М.Халина қандай ақпарат құралы болса да, алдымен тұтынушының сұранысын қанағаттандыруды мақсат етуге тиіс екенін алға тартты. Оқырманға тек тексерілген дерек, нақты дерекке құрылған шынайы ақпарат, оқығанда жалықтырмайтын қызықты оқиға керек. Әсіресе тасқа басылатын газет ақпаратының сенімді дереккөзінен алынғаны жөн. Сараптама, инфографика, карикатура, сурет – барлығы рөл ойнайды. «Мен әрқашан сапа мен сенімділік жағындамын», деп сөзін түйіндеді Мира Халина.
Youtube арнасын жүргізудің ерекшелігі мен менеджменті тақырыбында сөйлеген «Сұрауы бар» жобасының авторы Ербол Сейілхан аудитория қалыптастырудағы өз тәжірибесімен бөлісті. Youtube арнасын қалай ашуға болады, қаржы бөлінбейтін арнаны жүргізу үшін ақшаны қайдан алу керек, жарнама іздеу, инвестор тарту – журналисті ғана емес, қарапайым азаматтарды да қызықтыратын сұрақтар. Бүгінде Youtube арнасын Қазақстан халқының 12 млн жуық тұрғыны тұрақты көреді. Оның 8 млн көрермені қазақ тіліндегі контентті тұтынады. Бұл әлі де болса қазақтілді аудиторияның ақпаратқа зәру екенін көрсетеді. Осы қызмет нарығының жеткілікті игерілмеген орнын толтыратын, қазақтілді көрерменнің сұранысын қанағаттандыратын вакуум әлі де бос. Әзірге саяси-әлеуметтік бағыттағы арналар ғана дамып жатыр, ал желінің салалық бағыттағы алаңы бос тұр. Мысалы, білім, құрылыс, тіпті үйге жөндеу жұмысын жүргізу секілді адамға керек қарапайым тұрмыстық сұранысты қанағаттандыратын қазақтілді алаң атымен жоқ. Оның орнына сұраныс иесі өзге тілдегі, өзге бір елдің ақылмандарының ақыл-кеңесін тұтынуға мәжбүр. Сол секілді балалар контенті де жетіспейді. Е.Сейілханның айтуынша, мысалы, «Айгөлек» журналына шыққан қызықты мақаланың Youtube нұсқасын жасап, оқылымды жасаудың мүмкіндігі зор. Бұған қоса, бұл арна жай ғана ақыл беріп, үйретіп қоймай, еңбекке ақы төлейді. «Сондықтан Youtube-ке келіңіздер, кәсіби тұрғыда тұлғалық қырыңызды ашуға әсері бар алаңды еркін пайдаланып, авторлық хабарыңызды әзірлеп, қазақтілді контентті арттырыңыздар», деді Е.Сейілхан.
Әлеуметтік медиа, жасанды интеллекті пайдалану арқылы мерзімді баспасөздің ықпалын арттыру тақырыбын көтерген медиа-тренер, PR маманы Ақерке Берлібайдың кеңестері журналистер үшін жаңалығы мол пайдалы кейс ретінде қабылданды. Оның айтуынша, PR маркетинг мейлі ол интернет басылым, мейлі баспасөз болсын, кез келген ақпарат құралында өз дегенін жасап, билігін жүргізіп отыр. Ең ғажабы, қазір адамдар ақпарат іздемейді, әлеуметтік желінің ұлан-ғайыр жеке мәліметтер қоры негізінде ақпарат адамның өзін табады. Ал әлеуметтік медианы пайдалану, нейрожүйенің мүмкіндігі бұл міндетті тіпті де жеңілдетіп әрі жеделдете түсуде. «Мерзімді басылымдар өз міндетін атқарып болды, енді оның жаназасын шығара берсе болады» деген пікір түбірінен қате. Цифрлық дәуірдің сананы өзгерткені, айналаға мән беруді азайтып, керісінше, қабылдауды арттырып, ақпарат тұтынудың адам айтса сенгісіз шетсіз-шексіз мүмкіндігін қамтамасыз етіп бергені рас. Тіпті қаралымы көп ресми сайттардың өзі тексерілмеген жаңсақ ақпараттарды жариялауға жол береді. «Жұмысқа кетіп бара жатып, жолай дүңгіршектен газет сатып алып, кофе ішіп отырып газет оқудың «шармы» жоғалып барады. Алайда жаңалық деген – естен шыққан ескі дүние, мерзімді басылымдарда да солай. Өткенде «Курсив» газетін қолыма ұстап оқып отырып, мен бәрібір интернетте, әлеуметтік желіде оқыған ақпараттан гөрі газетте жазылған ақпаратқа көбірек сенетінімді байқадым. Түрлі көңіл күйге негізделген жалғаны бар, шыны бар, толассыз ағылған ақпарат тасқынын талғаусыз жұтып жатқан кезде мидың еріксіз «тоқта!» деп белгі беретінін газет арқылы түсіндім. Өзге елдердің тәжірибесін зерттей келе, мерзімді басылымдардың өмір сүре беретініне сендім. Бар болғаны заманауи медиа-пейзаж талабына сай басылымдарды тартымды жасай түсудің тәсілдерін қарастыру керек», дейді Ақерке Берлібай.
Бүгінгі баспасөздің маңызды саласының бірі – балалар басылымдары. «Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» аталған форумның 5-панельдік отырысына «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш модератор болды.
– Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы оқырман қалыптастыру, балалар кітапханасын құру, балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру, оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Қазақстанда 30-ға жетер-жетпес балалар басылымы бар. Өңірлік мерзімді басылымдар форумына қатысушы әріптестер балалар контентін дамытуға арналған жақсы идеяларымен бөліседі деп сенеміз, – деді Думан Анаш.
Сессияда алғашқы болып сөз алған педагогика ғылымдарының кандидаты, SDU оқытушысы Бақытгүл Салықова балалар басылымдарының дамуы және оның балалар мен жасөспірімдер медиа құзыреттілігіне әсері туралы әңгімелеп, ерте бастан оқу дағдысы қалыптасқан баланың өскенде түрлі манипуляцияға қарсы тұра алатын мәдениеті де қалыптасатынын айтты. «Елімізде 4 миллионнан аса оқушы бар, бірақ балалар басылымдарының таралымы неге 3-4 мыңнан аспайды?» дейді баяндамашы ғалым. Ал Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының» директоры Әлия Сайдембаева оқуға құштар буынды қалыптастыру үшін балалар кітапханасын насихаттау, журналистер мен кітапханашылардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін, ал еліміздің кейбір ауылында кітапхананың атымен жоқ екенін ашына айтты.
«Еркетай» журнал-комиксінің бас редакторы Оразхан Жақып отандық комикстердің даму бағыты туралы сөз қозғады. Сарапшы қазақтілді комикс журналдарға сұраныс артып келе жатқанымен, кино саласына ағыл-тегіл қаражат бөлініп жатса да, осы уақытқа дейін аудиторияның сұранысына сай балаларды қызықтыратын суперкейіпкерлері бар мультфильм немесе кино түсірілмегеніне қынжылыс танытты. Сондай-ақ форумның ең жас спикерлерінің бірі «Ulan» газетінің тілшісі Нұрлыхан Жұмаханның «Қызықты контентті қалай жасауға болады?» тақырыбындағы баяндамасы қатысушылардың пікірталасын тудырып, қызықты көзқарастардың тоғысуы ортақ ойға жетеледі.
Сонымен, алыс аймақтардан баспасөз өкілдерін шақырып, әріптестердің жүздесуін ұйымдастырып, екі күнге созылған форум көңілге сенім ұялатып, мерзімді басылымдардың тамырына қан жүгірткендей тың серпін берді. Форум жұмысын қорытындылаған Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов басылым өкілдерінің көтерген мәселелері мен ұсыныстары бойынша хаттама толтырылып, алдағы уақытта шешімін табуына министрлік тарапы мүдделілік танытатынын айтты. Сондай-ақ «Медиа дамыту қоры» БАҚ саласына арнайы грант жариялайтынын мәлімдеді. Бұл тұста атап өтетін бір жайт, жобаға қатысу үшін редакция құрамы он адамнан кем болмауы керек және бөлінетін қаржы 10 миллион теңгеге дейін болады. Форум соңында Президент Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес пен Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов салаға еңбегі сіңген журналистерді «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттап, министрліктің Алғысхатын тапсырды.
АЛМАТЫ