• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 14 Сәуір, 2024

«Хат қоржын»

100 рет
көрсетілді

Әлемді астықпен жарылқаған Алтын Орда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Алтын Орданың тікелей мұрагері Қазақстан екенін айтты. Мемлекет басшысы осы орайда аталған мәселеге қатысты халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек екенін айрықша атап өтті.

Алтын Орданың астық қоймалары – Қара теңіз және Таман жерлерінде кенеттен құрғақшылық басталып, астық шықпай қалған кезде Византияда ғана емес, Жерорта теңізінің кейбір елдерінде де аштық орын алды. Жаһандану үдерістерін бастаған тұңғыш империя Шыңғыс хан мен оның немерелері құрған империя еді. Соның ішінде әлемдік сауда Еуразия кеңістігінде Тынық мұхит жағалауынан Жерорта теңізіне дейінгі аралықта қарқынды дами бастады.

Біз бүгінде көшпелі қоғамдарға қатысты қалыптасқан бұрмалаушылық идеяларды жиі айтып жүрміз. Еуразия даласындағы көшпеліліктің негізі маусымдық көші-қон жағдайындағы мал шаруашылығы болғаны белгілі. Дегенмен, атақты орыс тарихшысы И.В.Зайцев жазғандай, шаруашылық қызметінің жалғыз түрі көшпелі мал шаруашылығы болып табылатын халықтар жоқ және ешқашан болған емес. Әртүрлі тарихи кезеңдерде және әр жерде егіншілік, сауда, қолөнер, жүк керуені, әскери қызмет, тағысын тағылар азды-көпті рөл атқарды. Бір сөзбен айтқанда, көшпелілердің жартылай отырықшы және отырықшы халыққа айналу үрдісі үздіксіз жүріп жатты.

Көптеген Орда және Ордадан кейінгі мемлекеттік құрылымдарда мал шаруашылығы экономиканың негізі болған жоқ. Сол Қырымда мал шаруашылығымен қатар, егіншілік, бау-бақша шаруашылығы бірдей маңызды рөл атқарды. Қырым хандығының негізгі астық қоймасы түбектің оңтүстігіндегі жағалау белдеуі мен Таман болды. Таман (қазір Ресейдің Краснодар өлкесі) мен Кубань бүгінде астық дақылдарының негізгі жеткізушілері екендігі кездейсоқ емес.

Алтын Орда экономикасының ең маңызды тармағы ауыл шаруа­шылығы экспорты, оның ішінде бидай болды. Орда тарихының бұл фактісі, оған қатысты басқа да көптеген дерек сияқты, тарихнамада сирек кездеседі. Бұл Алтын Орданың тек көшпелі өмір салты туралы қалыптасқан идеяларға сәйкес келмейді. Соған қарамастан, Орданың Византиямен саудасы ішкі алауыздық салдарынан азайған бойда Византияда ашаршылық заманы басталғаны белгілі.

 

Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ,

Қазақ-орыс халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

 

АСТАНА

 

 

Қарапайым еңбек адамын құрметтеген

Елді таза қол, адал жүрекпен басқарып, халқын сүюдің ерен үлгісін көрсеткен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бір ісін жуырда танысқан Мейірхан ападан естіген едім. «Менің елу жыл отасқан жұбайым – қарапайым жұмысшыдан бригадирге дейін көтерілген еңбекқор азамат Қырқынбек Өмірқұлов – Димекең жақсылық жасаған мыңдаған адамның бірі ғана болар, деген еді өз әңгімесінде Мейірхан апа. – Жұбайым 1946 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы (қазіргі Құлан), Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Әскерден оралған 1968 жылы Алматыға соғып, жолдастарымен қаланы аралағанда әсем Алматы оған бірден ұнайды. Қалада қаламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар, бірақ тағдыр айдап сол күндері жұмысшыға зәру «Алматыотделстрой» тресіне қарасты «СМУ-19» мекемесіне жұмысқа орналасады».

 Мұның Алматыда небір құрылыстар салынып, әсем ғимараттар бой көтеріп жатқан кез екені белгілі. Еліміздің символына айналған ең биік те сәулетті «Қазақстан» қонақүйі, 12 метрлік алып күмбезі менмұндалаған Оқушылар сарайы, Ә.Қастеев мұражайы сынды көркем де көрнекті ғимараттардың құрылысында жұбайының қолтаңбасы барын Мейірхан апа мақтан тұтады.

Бірде үйге шабыттана кірген Қырқынбек аға: «Мираш, сенесің бе, мен бүгін Қонаев жолдаспен кездестім ғой! дейді алабұртып. – Қасында бір кісі бар, сағат 10-дар шамасында құрылысқа кіріп келді. Ұзын бойлы, маңдайы жарқыраған кісі екен. Жоғары қабатта жұмыс істеп жатқан жігіттердің бәрін төменге түсірді. Бастығымыз соның алдын ғана сыртқа шығып кеткен болатын, амал жоқ, құрылыстағы бар тіршілікті мен таныстыруға мәжбүр болдым. Төменге түсіп, кетуге оқталғанда маған қарата: «Бауырым, өте жақсы түсіндірдің, ризамын. Алматыға қашан келіп едің? Қайда тұрасың? Баспанаң бар ма?» деп сұрады. Мен анаммен, үш баламмен пәтер жалдап тұратынымды, үй кезегінде тұрғанымды жасырмай айттым. «Аты-жөнін жазып алшы», деді Димаш аға қасындағы жігітке. Менің жүрегім бір қуанышты сезгендей дүрсілдеп кетті».

Расында, арада үш ай өтпестен Өмірқұловтар отбасы қаланың орталығындағы Төлебаев пен Қарасай көшелерінің қиылысындағы бес қабатты кең үйге көшеді. «Жақсыдан – шарапат» деген. Мұндай жақ­сылықты қалай ұмытарсың!» дейді Мейірхан апа. Бүгінде отағасы ара­мызда жоқ екен. Ал апамыз төрт баласынан тараған немере-шөбере­леріне бас-көз болып, Қонаев берген құтты пәтерде тұрып жатқан көрінеді.

 

Гүлжанат ШОНАБАЙ

 

АЛМАТЫ

 

 

«Көкейіне қонсын деп қазағымның...»

Өзіміздің облыстық «Арай» жастар газетінен «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра!» деген көлемді мақала оқыған едім. Асыл мұрамыз жайлы ойымызды Қадыр ақынның өлең жолдарымен өрнектегеніміз дұрыс-ақ. Мен бұған қуанамын, құптаймын. Бірақ...

Өз басым «Нағыз қазақтың қазақ еместігін» қабылдай алмадым. Өйткені осы өлең жолының мағынасын бірден түйсіну қиын-ақ. Расында Қадыр Мырза Әли бұлай жазбаған. Пікіріме дәлел ретінде оның 2003 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Көкейкесті» жинағына жүгінбекпін. Аталған кітаптағы «Домбыра» өлеңінде (154-бет) ақын ойы былай беріліпті:

Қазақ – нағыз қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Міне, Қадыр қаламынан туған құнды сөз. Көкейге қонады. Оқыр­манды ұлтжандылыққа, өнерді сүюге үндейді. Осы жолдарды домбыра әуені, күй құдіреті туралы айтар ойыңызға арқау етіңіз. Бабалар үнін естисіз.

Менің айтпағым:

«Көкейіне қонсын деп қазағымның,

Бір өлеңді бір емес, жазамын мың.

Жазып-жазып қалжырап, келесі күн

Рақатын көремін азабымның», –

деп жырлаған Қадыр Мырза Әли мұрасына абай болайық.

 

Құттымұрат РАХМАНҰЛЫ

 

ТАРАЗ