• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Талбесік 16 Сәуір, 2024

Табиғатпен санасайық!

149 рет
көрсетілді

Адам мен табиғатты о баста егіз жаратқан. Бірінің бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені табиғатты аяласа, адам өзіне бақыт табады. Ал табиғат өзін аялаған ұрпағына бақытты өмір сыйлайды, жемісін береді, егісін береді, жылуын береді, көлеңкесі мен шуағын сыйлайды.

Кейінгі кезде табиғат пен адамзат баласының арасындағы байланыс үзіліп кеткендей. Бір-бірімен үндестік жоқ сияқты. Адамдардың табиғатқа көзқарасы мүлдем өзгерді.

Өткен жазда жер-жерде өрт болды. Жасыл ормандар, қызыл гүлдер шоққа айнал­ды, қарағайлар жанды. Адам құрбан болды. Ал биылғы көктемде қар суы­ның тасқыны бүкіл даланы, бүкіл елді әбігер­ге салып жатыр. Теңізі орта­йып, көл­дері қаңсып, өзендері тартылып жатқан дала­ның осындай кезде, техникасы дамыған, мүм­кіндігі бар кезде, адамдары саналы, оқы­ған кезде, зерттеуге болатын, алдын ала бәрін болжайтын кезде суға кетіп отыр­ға­ны қалай деген ой түнде ұйқымнан оятады.

Бала кезімізде қар бұдан да көп болды. Көршілер келіп, үйдің төбесінен ойып жол жасап, есігі­мізді ашып шығарып, бірін-бірі бүкіл ауыл қар құрсауынан құт­­­қарып, қорадағы малын, жанын, үйдегі баласын, отынын – бәрін түгендеп отыратын еді. Ал бүгін ше? Бүгін мүлде басқа.

Бұрын үлкендер ескі жыл санауы бо­йын­ша қай айда қандай қасірет, қай айда қан­дай қатер, биылғы қыс қалай болады, бұл жыл, бұл ай өткен ғасырда қандай бол­ған, соның бәрін тәжірибеден түйе ке­ліп, жас ұрпаққа түсіндіріп отырушы еді. «Биылғы қоян қайтадан қайталанса, бая­ғы Есенгелдінің Жайық суын ортайтатын жыл­қысын қырып тастағандай қиын бо­ла­­ды. Ал биылғы қоян жұмсақ болады, өйт­­кені бұл жыл санау бойынша ақ қоян, бол­­ма­са тағы басқа қоян», деп осылай қария­лар дастарқан басында да, былай да айтып отыратын. Оған бәрі құлақ асатын еді.

Мен білетін сонау жылдардағы қазылған каналдар отыз жылдан бері арнасы тазармай, құм басып бітті туған облысымда. Жаңақала ауданындағы көлдердің суын құмды Орданың Мұрат­сай кеңшарына құятын, одан сонау атақты Сарыөзен, Қараөзендерге апарып жалғайтын. Көктемгі қар суын да, жаздағы суын да бір-бірімен көбейтуге мүмкіндік жасайтын сол жұмыс кейінгі кезде ұмытылды. Адамдар оқыған са­йын сауатсызданып бара ма деп күдіктенемін.

Айта берсе, мұндай мысал өте көп. Ал үлкен қалаларымыздың бү­гінгі еріген қар суы тасқы­ны­ның астында қалып отыр­ға­ны ойламай істейтін, ақылдаспай істейтін шаруалар және үлкен сауатсыздықтың, немқұрай­ды­лық­тың кесірі деп ашық айта аламын.

Бәріне ғылыми көзқарас керек. Арықтарды қазғанда оның қайда барып ағатынын ойлас­тыру керек. Бәріне де ақыл-оймен, тіпті баяғы бабалар жиған тәжірибемен келуіміз керек. Не ол жоқ, не бұл жоқ, не білім жоқ, не оқу жоқ, не зерттеу жоқ. Бұл қалай? «Ақбұлақты» да әкім­нің айтқан жерінен қазады, ол жер­дің астында су бар-жоғын ешбір гидролог, ешбір оқымысты келіп зерттемейді. «Су бердік, су бердік» деп алақан шапалақтайды, теледидардан сөйлейді, ал ол су жыл жарымнан кейін тоқтап, халық қайтадан сусыз қалады. Жұм­салған қаражат, халықтың бай­лы­ғы желге ұшады, жер астына көмі­леді. Осының бәрін ойлайтын кезең жетті деп емес, өтіп кетті дер едім мен.

Ал енді осы қатыгездігі үшін адамдардан табиғат өш алып жат­қан жоқ па деген ой келеді. Өйткені табиғат – Анаң ғой. Сен оның орманын кестің, үй салдың. Көл­дерін сорып алып, балығын сүзіп алып, айнала ысыраптадың, бәрін саттың. Тіпті оған ешқандай жанашырлық көрсетпедің. Ен­деше, біздің бүгінгі мейірімсіз жан­­­дардан табиғат осылай өш алып жатқан шығар деп те ойлаймын.

Жапонияда жүз жыл­дық емен­ді қасына сүйеніш салып, басын қылтитып, өсіріп отыр суа­рып. Мен көрген Түркияда сонау Османнан қалған шынарды құлатпау үшін соның ың­ғайымен үйлердің төбесін тесіп салып, құрылысты бұрып әке­тіп, соның өсетін жолын бөге­мей, баптап отыр. Ендеше, соларды көріп, бәлкім, олардың көктеп, өсіп отырғаны да сол табиғатты аялағанынан шы­ғар деген ой келеді. Ал енді біз болсақ, табиғатты кәдімгі өші­міз қалғандай бүлдіреміз. Кас­пийде итбалықтың кішкентай ғана аяғы жоқ баласын таспен атып өлтіріп, әбден қиянат жасайды. Ал балықты сауда үшін деп ертеңгі күнге тұқымы қалмаса да, ертеңгі балаға, немереге, шөбереге ештеңе қалмаса да, сүзіп аламыз көлдерді барып. Ол не деген жауыздық табиғатқа деген?

Ертеңгі өсіп жатқан ұрпағыма азық болар деп далаға еркін киігін жіберіп еді. Оны да аяусыз қырдық, мүйізін қағып алдық, өзін өлтірдік, тіпті етін далаға тастадық. Ал Пайғамбар намаз оқып отырғанда шапанының етегін кесіп кетті дейді ғой мы­сықты оятпау үшін. Бұл да со­нау бір заманнан келе жатқан қағи­да еді. Енді сол мысықтың өзін қазір біз жұрттың көзінше аяусыз ұрып өлтіреміз. Міне, осының барлығы – қатыгездік. Сол қатыгездіктің, ендеше, табиғат бізден қайырымын алады.

Біздің даламыз бала кезімде толған әр­түрлі қызғалдақ еді. Оны Гол­лан­диядан тасудың қажеті жоқ-ты. Сол қыз­ғалдақты да біз жұлып-жұлып, текке тастап, тапап, қызғалдақ өсетін жер­ді трактормен жыртып, ойпырмай, кәдімгі осы әкеміздің құны қалғандай, қазір жойып болдық. Даланы жап­қан сан алуан қызғалдақ көзіме елестейді. Жүгіріп теріп, тауы­са алмайтынбыз. Құшағымыз толмайды, кіш­кентай ғана алып келетінбіз үйге. Кішкентай ғана... Оның өзін сондай әлпештеп, ерекше қуанып, оны сатпайтынбыз ол кезде. Оның барлығын қазір жоғалт­­тық, жойдық. Ал жойылып жатқан басқа да шөптердің түрі қанша?

Менің бала кезімде қар тоқта­ту деген науқан болатын. «Қайда жұмыс істеп жатырсың?» дегенде «Қар тоқтатуда жүрміз» дейтін. Оны кәдімгі айқай салып бригадирлер жинап алып кететін азаматтарды. Сөйтіп, қар тоқтатуға кірісетін. Яғни жолақ-жолақ етіп отырғызылған сонау Сталин заманындағы «лесопосадка» дейміз, соның арасында ашық қалған жерлерге аққала соғып, қар тоқтатады. Соққан боранның қары сол жерге тау болып үйіледі. Содан одан еріген су «лесо­посад­каға» кетеді, жерге сіңіп қалады. Сонау 90-жылдары «лесопосадканы» отқа жақты. Халықта көмір жоқ, ақша жоқ кез еді. Енді сол «лесопосадканың» шабылып қалған ағаштарының орны әлі күнге толған жоқ.

«Зеленстрой» деген бар. Сол ағаш­тарды қайта тірілтіп, қайта жаң­ғыр­тып, өзінен-өзі өсіп жатқан Орал­дың қара то­пырағына, анау Көкше­нің қара топырағына толтырып егіп тастаса, Қостанайда да осындай топан су, қардың суы келмеген болар еді деп ойлаймын.

Экология министрлігі, болмаса осы жер байлығын қадаға­лай­тындар жұмыс істемейді ғой деймін. Бұл қалай болар екен? Ал елдің тағдыры, жердің тағдыры, Отанның тағдыры туралы әңгіме тіпті осы күні хабарларда да аз айтылады, мектептерде де аз айтылады. Туған жерді сүю дегеннен бастау керек қой алғашқы сабақты, әліппені. Сол туған жерді сүю туралы әңгіме айтылмағалы, міне, біз осындай қатыгез ұрпақ өсіріп алдық. Тіпті жастар емес, үлкенінің өзі қатыгез болып кетті. Мұндайды Табиғат-Ана, әрине, кешірмейді. Сондықтан қатты ойлануымыз керек бәрімізге.

Талбесігімізден мәңгі жер бесі­­гі­мізге дейін тербетіп отыр­ған Жер-Ана бізге ренжіп жатқан сияқты. Адамзат ойлануы керек. Қатыгездіктен мейірімге қарай бет бұру қажет. Әсіресе табиғатты аялау, адамдарды аялау, бір-бірі­мізді сыйлау жоғалып бара жатқандай. Осының барлығы – ойланатын жағдай. Қариядан бастап балаға дейін сана, жауапкершілік керек. «Табиғатпен санасайық» дегім келеді.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын