Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза ауыл. Таза өлке. Таза ел» акциясы басталды. Ел бойынша қолға алынған іс-шараға өңір тұрғындары белсене қатысып жатыр. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында ұйымдастырылып жатқан бастама бірнеше апта бойы жалғасын таппақ.
Өңірдегі акция Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің маңына тал көшеттерін отырғызудан басталды. Бұған қоса облыс орталығы мен Жуалы ауданының аумағында да акция аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Оған жергілікті азаматтар қолдау көрсетті.
«Жасыл желекке оранған Жамбыл жерін гүлдендірудің, қоршаған ортаны қорғаудың мәні зор. Сол тұрғыдан алғанда республикалық деңгейде қолға алынған акцияға жұдырықтай жұмыла қатысқан жөн. Бұл іске белсенділікпен атсалысып жатқан әрбір азаматқа тек алғыс айтамыз. Өңіріміз көркейіп, гүлдене берсін», дейді бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев.
Акция Жамбыл жерінде бес апта бойы өткізіледі деп жоспарланған. Тараз қаласынан бөлек өңірдің барлық ауданында қоршаған ортаны қорғауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл іске ауыл тұрғындары да белсене атсалысады. «Таза өлкенің» алғашқы аптасында елді мекен тұрғындары мен қоғам белсенділері, түрлі мекеме қызметкерлері аулаларды тазартуға белсене кірісті.
Қазіргі кезде Талас ауданына қарасты барлық ауылда аулаларды тазарту қолға алынған. Жергілікті атқарушы билік бұл ортақ іске қолдан келгенше қол-дау көрсетіп отыр. Жүзден аса азамат акцияға өз үлесін қосып жатыр. Сондай-ақ еріктілер де жұмылғанын айта кеткен жөн. Дерекке жүгінсек, алғашқы күннің өзінде 236 жол белгісі, 27 аялдама және 360 тірек ретке келтіріліпті.
Жамбылдықтар акцияның «Киелі мекен» аталған екінші аптасында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмысын қолға алуға бекініп отыр. Ал «Жасыл аймақ» аптасында көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жанданады.
«Айналаның таза болғаны – қандай жақсы. Тазалық адам денсаулығына айтарлықтай жақсы әсер ететіні анық. Бұл акцияны қос қолдап қолдаймын. Қалай десек те қоршаған ортаға жанашырлықпен қарағанымыз абзал. Бұл – кісілік парызымыз», дейді медицина ғылымдарының докторы Сейтхан Жошыбаев.
Жамбыл облысы