«Күләшпен кездесу – әнмен кездесу еді» деп еске алыпты әнші турасында әйгілі композитор Латиф Хамиди. Олай деуіне себеп те, дәлел де мол. Өйткені әншінің бойындағы саф алтындай жарқыраған тума талант қай кезде де өзінің даралығын танытып тұратын.
Күләштің әнін бір тыңдаған жан үн құдіретіне мас болып, әншіні қайта-қайта тыңдауға бейілді еді. Ал талайды тамсандырған сол дауыс оқу-тоқусыз, табиғаттың өзімен әнші бойына дарыған айрықша дарын екенін білген музыка мамандары сол кездің өзінде-ақ әншінің көмейіне ұя салған көркем үнді құбылысқа балайтын. Әйтпесе театрға алғаш жұмысқа қабылданған жылы операның не екенін білмеген жанның арада жылға жуық уақыт өтпей сахнаның нағыз бұлбұлына айналғаны құбылыс емей немене?
Күләш Байсейітованың әнші ретіндегі жұлдызының жанып, даңқ шыңына шығуына 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде сомдаған «Қыз Жібек» бейнесінің орны ерек. «Бұл рөл Күләш үшін жазылғандай, Күләш Жібек рөлін ойнау үшін туғандай еді. Егер «Қыз Жібек» операсы зор табысқа ие болды дейтін болсақ, сол табыс Күләштің арқасында келді деуге режиссер ретінде мен жасқанбаған, қызғанбаған болар едім» деген әйгілі актер Құрманбек Жандарбековтің пікірі ойымызды қуаттай түседі.
Ал Құрменбектің өзі ше? Ол сомдаған Төлеген тосын шешімдерімен ел есінде жатталып, актер есімі аңызға айналды. Небір ойлы бейнелердің бағын ашқан өнерпаз тағдырынан Бекежан бейнесінің алар орны үлкен. Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітовамен тандемде өнер көрсеткен шығармашылық одақ ұлттық операның шын мәнінде жұлдызын жақты. Қойылым атағы әсіресе Мәскеу сапарынан кейін тіпті аспандады. Сол сәтті әртістің жан досы әрі сахналық серіктесі Қанабек Байсейітов естелігінде былай деп жазады: «Мәскеуде онкүндікте «Қыз Жібекті» қойып жатқанбыз. Астана жұртшылығы мен үкімет басшыларының алдында жүрексіну де жоқ емес. Мен – Төлеген, Құрманбек – Бекежан. Төлегенді өлтірген соң Бекежанның «Сармойын» әніне салып Қыз Жібекке айтатын ариясы бар. Соның жоғары көтеретін жеріне келгенде, Құрманбек тәуекелге салмай, табан астында қарқ-қарқ күліп тапқырлық жасады. Күлгенде де қалай болса солай күлкі емес, керемет музыкалық күлкі жасады, нотамен күлді. Бекежанның пышақ кессе қан шықпайтын қанішер бейнесін айқындай түсті». Әу баста әртістің әумесерлігіне баланған бұл тосын күлкі кейін өнер әлемінің үлкен жаңалығына айналды. «Правда» газетінен бастап жарыса жазған басылымдар қазақтың Құрманбектей ұлынының керемет күлкісіне бас иді. Оның актерлік тапқыр шешімі мәскеуліктерді қатты риза еткен еді.
Айтулы сапарда Күләш та құрметтен кенде қалмады. Қайталанбас дауысы мен шебер орындаушылық өнерінің арқасында Мәскеудің талғампаз тыңдармандарын қазақ өнеріне бас игізіп, мойындатты. Сол кездегі өкімет басшысы Йосиф Сталиннің Күләштің керемет даусына таңғалып: «Бұл қандай халық? Грузиндерден әншілік өнері асқан халық бар екен ғой, ол – қазақ халқы!» деп тамсана таңдай қағатыны да дәл осы сәт болатын. Іле әншінің бұл қайталанбас өнері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, небәрі 24 жасында кеңес одағы тарихындағы ең жас «Халық әртісі» атанды.
Күләш өнеріне тәнті болған жазушы Ғабит Мүсірепов: «Музыкалық мектептің есігін ашпаған, дауысы қырналмаған, сыланбаған әнші өзіміздің әндермен қатар, классикалық музыканы қалай оп-оңай меңгеріп кетті? Театр мектебін көрмеген, үлкен режиссураға кездеспеген адам бейне жасаудың ең нәзік жолдарын өз бетімен қалай тауып келетін еді? Маған мұның барлығының жауабы біреу-ақ сияқты сезіледі: соның барлығы Күләштің өзімен бірге туған, Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы «Чудо!» деп таңдай қағыпты. Ал әнші талантына бас иген композитор Латиф Хамиди Күләш Байсейтоваға арнап әйгілі «Бұлбұл» әнін шығарды.
Иә, қазақтың маңдайына біткен бұлбұл әнші Күләш Байсейітова шын мәнінде ән өнеріндегі құбылыс еді. Әйтсе де әнші үшін марапаттың ең үлкені «Қазақтың бұлбұлы» атандырған халқының зор ықыласы еді.
Биыл қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібектің» сахна көргеніне тура 90 жыл толады. 1934 жылдың 7 қарашасында театр өнеріне құбылыс болып келген қос талант қазақ көрерменін ең алғаш ұлттық операның озық үлгісімен қауыштырды. Тамсана қол соққан тыңдарман қошеметінде есеп болмады. Саңлақтар салған сара жолмен содан бері де қазақ сахнасына қилы-қилы «Қыз Жібек» шықты. Бірақ Күләш пен Құрманбек тандемінің бәсі бәрібір биік. Күләштің сиқырлы үні, Құрманбектің аңызға айналған керемет күлкісі – күні бүгінге дейін өнердің зор табысы саналады. Тек жалғыз ғана әттеген-ай – ұлттық өнерімізді ұшпаққа шығарып, Мәскеу төрінде мойындатқан сол бұлбұл Күләш есімінің әлі де өз елінде лайықты ұлықталмай келе жатқаны. Кезінде елорда төріндегі ұлттық опера және балет театрының төрінде жарқырап тұратын әнші ныспысы ұжым жаңа мекен – «Астана операға» қоныс аударғанда ескі жұртта қалып, соңынан театрға телінген бұл атау мүлде жойылып тынды. Ұлттық өнерді ұшпаққа шығарған ұлы әншінің атында бүгінде бірде-бір театрдың болмауы – өнердегі үлкен олқылық деп білеміз. Шерхан Мұртазаша айтсақ, бір кем дүниенің зоры осы болса керек.