Оны ішкі туризмнің басым саласына айналдыру алдағы басты міндеттердің бірі, дейді Айыртау ауданының әкімі, «Құрмет» орденінің иегері Ағзам ТАСТЕМІРОВ
– Ағзам Ахметжанұлы, тарпаң мінезді жылқы жылы да тарих қойнауына енді. Алдымен қол жеткен табыстар мен жеткен жетістіктерді бір түйіндеп өтсеңіз.
– 2014 жыл еліміз секілді айыртаулықтар үшін де жемісті аяқталып отыр. 11 айдың қорытындылары бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгері басушылық бар. Ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 27 миллиард теңгеге жетіп, 6 пайызға ұлғайды. Егістік жер көлемі бойынша облыста алдыңғы орын алатынымызды әрі биылғы ауа райының аса күрделі болғанын ескерсек, гектар шығымдылығын 15,1 центнерден айналдыруымыз, жарты миллион тоннаға жуық астық жинауымыз диқандар қауымының ерен ерлігі арқасында мүмкін болды. Елбасының ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі міндеттемесіне сәйкес 2700 бас асыл тұқымды мал сатып алынды. 450 басқа шақталған бордақылау алаңы құрылды. «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары шеңберінде әкелінген Қамбар ата, Шопан ата түліктері – бір бөлек. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға Үкімет тарапынан 1 миллиард 283 миллион теңге субсидия бөлінді. Бұрын-соңды мұндай көлемде демеуқаржы алмағанымызды айта кеткен жөн.
Соңғы кездері өнеркәсіп саласын өркендетуге ерекше ден қойылып, қарышты қадамдар жасалды. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Сырымбет» АҚ жылдық қуаты 1 миллион тоннаға тең қалайы тау-кен байыту кешенін салуда. Жоба құны – 10,5 миллиард теңге. «Ғасыр-Айыртау» ЖШС жылына 2300 тонна жарма өңдейтін цехты, «Баянтай» фирмасы сыйымдылығы 20 мың тонналық астық қабылдау комбинатын іске қосты. Жыл басынан бері 37 орта және шағын бизнес объектілері ашылып, 96 адам жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Саумалкөл ауылында 80 пәтерлі үй бой түзейтін болады.
2398 адам жұмысқа орналастырылды. 338 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 20 адам кәсіптік қайта даярлаудан өтті. Бүгінде ресми тіркелген жұмыссыздардың саны – 77 адам. Бұл экономикалық белсенді тұрғындардың 0,3 пайызын құрайды.
Басқа салалар бойынша да оң серпін байқалады.
– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталып, жылқы жылы сіз үшін ұмытылмасы анық. Қуанышыңыз құтты болғай!
– Рахмет. Азды-көпті еңбегім бағаланып жатса, алдымен аудан тұрғындарына көрсетілген құрмет деп түсінемін. Мен Омбы облысының Есілкөл ауданына қарасты Мәкен ауылында туып-өстім. Атамекенге қоныс аударғаннан бері елім, жерім үшін қалтқысыз қызмет етуге ұмтылып келемін. Екі жоғары оқу орнын тәмамдап, саясаттанушы және экономист мамандықтарын алып шықтым. Еңбек жолымды жүргізушіліктен бастап, бірқатар лауазымды қызметтер атқардым. Ақжар ауданына 5 жыл жетекшілік еттім. Айыртау ауданын басқарғаныма 1,5 жылдай болып қалды. Зайыбым екеуіміз көп балалы отбасы санатындамыз /күлді/. Төрт бала тәрбиелеп отырмыз.
– Жылқы жылы тағы қандай айрықша оқиғалармен ерекшеленді?
– Көп қой. Солардың ішінен Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының Айыртау ауданына арнайы келуін ең айшықтысына балар едім.
– Бала кезімізде үлкендерден «Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа» деген сөзді жиі естуші едік. Мұның өзі келер күнге үлкен үміт артып, әр жүрекке қонақтаған жақсылықтың бүр жарып, шешек атқанын қалайтын ізгі ниеттің бір көрінісі болар. Кең риясыз өмірдің көктемдей көгілдір көңілдері мен Жаңа жылға жоспарланған жұмыстары жетіп жығылар?
– Тілегіміз көп қой. Лайым, тек жақсылығын берсін дейміз! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында барша қазақстандықтарға нақты міндеттер белгілеп, үлкен талаптар жүктеді. Президентіміздің бірінші кезекте қойған мақсаты әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу, халқы біртұтас, тату отбасындай қуатты да гүлденген Қазақстанды құруға атсалысу жолында алдымызда тұрған сын-қатерлерге дәйектілікпен тойтарыс беретін Жаңа Экономикалық Саясатын мүлтіксіз жүзеге асыру болып табылады. Осыған орай нақты іс-шаралар жоспары жасалып, жұртшылықты толғандыратын түйткілді мәселелерге бірінші кезекте назар аударып отырмыз. Көлік және байланыс біздің аудан үшін де зор маңызға ие. Олардың жағдайы мен күтімі өте өзекті екенін аймақ басшысы Ерік Сұлтанов та талмай айтып келеді. Автомобиль жолдарының ұзындығы бір мың шақырымнан асады. Былтыр бұл мақсат үшін 618 миллион теңге қарастырылса, биыл қаражат 1,5 есе артық бөлінді. Келесі жылы бұдан да қомақты қаржы жұмсалып, Антоновка – Лавровка – Горный, Саумалкөл – Новоишим – Червонное бағыттарындағы жолдар қалпына келтіріледі. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», «Аймақтарды дамыту» бағдарламалары бойынша да ағымдық жөндеулерге қаражат қарастырылған.
Екіншіден, тұрғындарды жұмыспен қамту әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі саналатындықтан, орташа айлық жалақыны өсіруді ойластырып отырмыз. Жасыратыны жоқ, бұл көрсеткіш жөнінен мақтана алмаймыз. 2013 жылы 58259 теңгені құраса, биыл 63673 теңгеге жетті. Бұл цифр бізді қанағаттандырмасы анық. Үшіншіден, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде елді мекендерге сапалы ауыз су жеткізу жұмысы одан әрі жалғасады.
– Елбасы биылғы сапарында бірқатар міндеттер жүктеген жоқ па?
– Әрине. Баршамыздың назарын мал шаруашылығына басымдық беруге, егіншілікті әртараптандыруға, ұқсату кәсіпорындарын көбейтуге, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға аударған болатын. Бұл бағыттарда да белсенділікті күшейтетін боламыз.
– Айыртау– асты-үсті пайдалы қазбаларға мол болуымен қатар сұлу табиғатымен, тарихи көне ескерткіштерімен ерекшеленетін аудан. Осыған орай былтыр туризм саласын жандандыру бағытында кешенді жұмыстардың атқарылғанын білеміз. Осы бір игі іс биыл жалғасын таба ма?
– Сөз жоқ. Облыс аумағында туризмнің 51 нысаны болса, солардың 42-сі біздің ауданда. Ерік Хамзаұлының тікелей қолдауымен ішкі туризм саласын дамытудың арнайы бағдарламасы жасалып, Шалқар, Имантау көлдерінің маңайындағы бірқатар демалыс орындары қалпына келтірілді. Енді алдағы уақытта «Жемчужина» демалыс базасы, «Арықбалық» туристік-сауықтыру кешені секілді озық жобалар іске асырылады.
Осында орналасқан энеолит дәуірінің бірегей ескерткіші – Ботай қонысы әлемге ортақ мәдени қазына ретінде ресми мойындалғандықтан, шетелдік туристерді дала өркениетінің қалыптасу және даму мәселелері қатты қызықтырары сөзсіз. Ботайлықтар даланы игерудің бастамасы ретінде жылқыны қолға үйреткен, көлік құралы ретінде пайдаланған. Бие сүтін ашытып, қымыз дайындаған. Сол себепті, дәстүрлі қазақ қоғамының көшпелі өмір салты мен тіршілік әрекетінен жан-жақты мағлұмат беру әрі ұлттық брендке айналдыру мақсатымен ашық аспан астындағы мұражай құру – алдағы күндердің еншісі. Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, «Сырымбет» қонысы, «Ақ ирек» тарихи мекенжайы асыл қазынамыз саналады. Бұл мәдени мұралар Қазақстанның туристік индустриясын дамытуға бағытталған салалық бағдарламасына кіргізілген.
«Солнечный ВИП» демалыс аймағы базасында маралдың мүйізімен емдеу орны ашылды. Ол үшін 300 миллион теңге инвестиция құйылды. Келесі жылы 10-20 бас марал өсіру ойымызда бар. Демалыс орындарына су, жарық тарту, жолдарды жөндеу жайы да басты назарда ұсталатын болады.
Биылғы жылы да алдымызда ұлан-ғайыр міндеттер тұр. Жауапты жұмыстарды еңсеру жолында барлық қазақстандықтар берік топтасқандықтың үлгісін танытып, алға сенімділікпен баса беруіне тілектеспін.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы.