• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2024

Ертіс бойындағы жұрт неден секемденеді?

149 рет
көрсетілді

Павлодар облысы су тасқынының екінші кезеңіне дайындықты үдете түсті. Ертіс арқылы ағып келе жатқан мол судан туындайтын қауіптің алдын алу мақсатында өңірлік жедел штаб құрылды. Өзеннің ойпаң тұстарында орналасқан елді мекендердің айналасындағы топырақ үйінділері биіктетіліп, құм толтырылған қаптар қойылып жатыр.

Ертіске Шығыс Қазақстандағы қоймалардан су жіберіле бастады. Бұқтырма мен Шүлбі суқой­ма­ла­рынан өзенге жалпы көлемі 6,5 текше км су босатады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Есесіне ке­йінгі 11 жылда алғаш рет Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басады деп күтіліп отыр.

Алайда таяқтың екі ұшы бары сияқты су мол босатылған жылдары өзеннің ойпаң жерлеріндегі ауылдарға тасқын су кіретіні де рас. Төтенше жағдай қызметінің мамандары мұндай шамадағы мол ырыздық Ертіс өзенінің ойпаң жерлерінде орналасқан елді мекендер үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Соған орай қазіргі уақытта Павлодар қаласының іргесіндегі ауылдарда, Ақсу қаласында, Ақтоғай, Ертіс, Аққулы, Павлодар, Май, Тереңкөл аудандарында тасқынқа қарсы іс-шаралар қолға алынды.

«Ертіс бойында 14 гидробекет орнатылып, өзендегі су деңгейі тәулік бойы бақыланып отыр. Қазіргі уақытқа дейін 55 670 тонна инертті материал төгіліп, 4 750 дана құм толтырылған қаптар қойылды. 13 мыңға жуық инертті материалдары бар қап дайындалып қойды. Су тасқынының алдын алу шараларына жергілікті атқарушы органдардан 67 техника мен 156 адам жұмылдырылды», деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаровтың айтуынша, Шығыс Қазақстандағы қоймалар қазір су жіберудің негізгі ядросына кіріскен.

Яғни 13 сәуірден бастап өзенге секундына 3 500 текше метр су құйылып жатыр. Ол 24 сәуірге дейін жалғасады. Мол судың алғашқы легі Павлодар облысына 20 сәуірде келіп жетеді деп күтіліп отыр. Өзеннің ойпаң тұстарында орналасқан елді мекендер үшін сол уақытта қауіпті жағдай туындауы мүмкін.

«Қазгидромет» кәсіпорнының гидробекеттері беріп отырған мәліметке сүйенсек, Ертістің суы әзірше көп көтеріле қойған жоқ. Мысал үшін Павлодар қаласындағы Затон бекетінде су деңгейі 592 сантиметрді (қауіпті деңгей – 800 см) және Автомобиль көпірі маңында ол 479 сантиметрді (1 084) көрсетті. Өзеннің төменгі ағысындағы гидробекеттердің кейбірі су деңгейі тіпті төмендеп кеткенін тіркеді. Яғни Ертісте су деңгейі әзірше қалыпты. 20 сәуірден бастап Ертіс өзені арқылы үлкен толқындар келеді. Сол уақытта су деңгейі күрт көтеріледі деп күтіліп отыр. Жіберілетін су ең әуелі жайылмалардың суға қанығуы үшін жасалып отырған шара екенін ескеру керек. Су мол екпінмен келсе, жайылмаларға су мол шығады. Шамамен 300 мың гектардан аса аумақты су басуы керек. Екінші мәселе – өзеннің ойпаң тұстарында орналасқан елді мекендерге тасқын судың кіру ықтималдылығы. Біздің шамалауымызша, Май ауданының Қаратерек, Көктөбе, Ақсарай ауылдарына, Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл, Атамекен кенттерінің төменгі аумақтарында, Павлодар ауданының Мичурин аулын­да су жайылуы мүмкін. Жергілікті билік жақсы қамданса, тұрғын үйлерге төніп тұрған соншалықты қауіп жоқ», дейді Е.Қамбаров.

Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин өзен жайылмаларына шығатын мол су Ақсарай және Көктөбе ауылдарының бірқатар көшесіне жайылу қаупі барын жасырмады.

«Бұған қоса Қаратерек аулындағы жар жағасында бір үй қауіп көзінде тұр. Жыл сайын сең жүргенде өзеннің жағалауы 1–1,5 метрге шайылып қалады. Бүгінде әлгі үйден жарға дейінгі арақашықтық – 38 метр. Бірақ ол тұста өзен жа­йылмайды. Сондай-ақ 2015 жылы Ақжар аулы маңындағы аралда өзен үстіндегі мұздың кептелуінен тасқын жүріп, ауылдың 80-нен аса қара малы қырылыпты. Биыл ондай жағдай болмауы керек, себебі өзендегі сең қалыпты жағдайда жүріп өтті», дейді аудан басшысы.

Дүйсенбіде Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған ұйымның Оңтүстік су жинағышында болды. Ертіс өзені қатты тасығанда аумақтың қауіп көзінде қалуы ықтимал. Қала басшысы су жинағышты қосымша дизельді генераторлармен қамтамасыз етуді тапсырды. Қауіпті жағдай туындай қалса, ондағы стансаға электр қуаты үзіліссіз берілуі керек.

 

Павлодар облысы