15 сәуірде әлеуметтік желіде «Жасөркен аулын су басты» деген ақпарат тарап кетті. Бірнеше өңірді су басып жатқандықтан, ауыл тұрғындары үрейге бой алдырғандай көрінді. Ал, шын мәнінде, күні бойы жауған нөсер жауын салдарынан Жасөркен аулындағы отыз аулаға су кіріпті. Келген судың биіктігі қауіп төндірерліктей деңгейде емес.
Су тасқынына күні бұрын дайындалған жергілікті атқарушы билік пен төтенше жағдайлар, полиция департаментінің қызметкерлері Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен аулына едел-жедел жеткен. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастаған атқамінерлер де тез арада маңайдағы ауылдан табылған. Барлық қажетті техникасын алып жеткен мамандар ауылды судан тазарту жұмыстарына кірісіп кеткен. Нәтижесінде, бірнеше сағаттың бедерінде су деңгейі айтарлықтай төмендепті. Осылайша, ауыл тұрғындарының даурыққан көңілі орнына түсті.
– Судың бастапқы биіктігі 40 сантиметрге дейін барған. Ауыл бойынша 30 аулаға су кірген. Оның ішінде су кірген бір ғана үй болды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай департаменті мен полиция департаментінің өкілдері дер кезінде ауылға келген. Ауылдық әкімдік қызметкерлері де уақтылы жұмысқа жұмылдырылған. Жалпы саны 300-ден аса маман жұмысқа кіріскенін айта кеткен жөн. 22 мотопомпа, 60-қа жуық бірлік техника жұмыс істеді. Шу, Талас өзендеріндегі су деңгейі тұрақты бақылауда, – дейді Е.Қарашөкеев.
Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен аулында 310 аула бар. Мұнда 2 209 адам қоныстанған. Нөсер салдарынан пайда болған көлбеу ағын су арық-атыздың арнасына сыймай, маңайдағы ауылға бет алған көрінеді. Қуаныштысы, тау суынан зардап шеккендер жоқ.
Өңірдегі ірі су қоймаларындағы жағдай жергілікті атқарушы билік тарапынан бақылауға алынған. Мамандар Киров, Тасөткел, Қарақоңыз, Қақпатас секілді өзге де ірі су қоймаларына жиналған су көлемінен облыс халқына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын алға тартып отыр. Кейінгі дерекке жүгінсек, ауылдағы аулалар, көшелер судан тазартылған. Жарық, газ тұрақты беріліп тұр. Ауылда ауызсудың сапасын тексеру қорытындысы нақтыланғанға дейін, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету ұйымдастырылып жатыр. Уақытша онлайн оқуға көшірілген М.Әуезов атындағы орта мектеп балаларды қабылдауға дайын.
Е.Қарашөкеев жауапты тұлғаларға зардап шеккен аулалардың бәріне қысқа мерзімде тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар ауыл ішіндегі арықтарды тез арада тазалауды міндеттеді. Жасөркендегі оқиғаға байланысты аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлына қатаң сөгіс, оның салаға жауап беретін орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, ауыл әкіміне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара белгіледі.
Мұндай жағдай қайталанбауы үшін тау бөктерінен Беларық каналына дейін 2,5 шақырымдық дренаж (сыйымдылығы 1 текше метр) қазылды. Оңтүстік өңірде сәуір-мамыр айларында жауын-шашын молынан түсетіні мәлім. Жасөркенге де толассыз жауған жаңбыр салдарынан көлбеу ағын су жетті. Күні бұрын дайындалғандықтан болар, жергілікті билік дер кезінде оқиға орнынан табылып, қауіптің бетін қайтарды.
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы