Қос балдырғанның өмірін сақтап қалған дәрігерлердің біліктілігіне жетісулықтар разы. Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына үш жасар екі бала әртүрлі дене жарақатымен түскен. Бірі төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алса, екіншісі септикке түсіп кеткен. Мамандар шұғыл әрекет етіп, дер кезінде бірлесе көмек көрсеткеннің нәтижесінде балаларды аман алып қалды.
Өлім аузында жатқан кішкентай науқастарды көргенде ақ желеңділердің абдырап қалғаны рас, әйткенмен дереу медициналық көмек көрсетуге ұмтылады. Есінен танып, тыныс ала алмай жатқан балаларды ауруханаға уақытында жеткізеді.
«Төртінші қабаттан құлаған баланың миы шайқалып, төменгі жақ сүйегі сынған. Сондай-ақ кеуде қуысы, іші жарақаттанған. Балаға қажетті көмек көрсетілгеннен кейін жансақтау бөліміне жатқыздық. Қазіргі уақытта науқас хирургия бөлімінде толықтай ем қабылдап, үйіне шығарылды», дейді көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры Қайрат Оспагалиев.
Сонымен қатар аталған аурухананың бас дәрігері септикке құлаған баланы құтқару кезінде оның ес-түссіз күйде болғанын айтады.
«Оқиға орнына дер кезінде жеткен төтенше жағдай қызметі мен жедел жәрдем қызметкерлері балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын сәтті өткізді. Бала септикте 10-15 минуттай болған. Ауруханада реаниматолог, травматолог, хирург және педиатр мамандардың тексеруінен өткеннен кейін бала жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін хирургия бөліміне ауыстырылды. Бүгінде бала қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды», деді дәрігер.
Мамандардың айтуынша, өңірде кейінгі үш айда 1 371 бала облыстық балалар ауруханасына дене жарақатымен түскен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 1 029-ды құрап отыр. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады. Өйткені көптеген келеңсіз жағдай ата-анасының қарауынсыз қалған кезде болады.
Жетісу облысы