• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2015

«Жеңіс» жалауы желбіреді

930 рет
көрсетілді

Табалдырықтан аттаған Жаңа жыл – мерейлі, мерекелі даталарға тұспа-тұс келуімен, айтулы оқиғалар аясында айшықталуымен ерекше болмақ. Соның ішінде ТМД елдерінде «Ардагер жылы» деп жарияланып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толуы аталып өтуі аға ұрпақтың өшпес ерлігін ту еткен, жас буынға өнеге тұтқан еліміз өміріндегі жарқын белеске айналғалы тұр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамашылығымен майдан ардагерлерін құрметтеу және қолдауға арналған жалпыұлттық акция бұл күндері одан әрі жалғасын табуда. Осы мақсаттағы шаралардың бірі 30 желтоқсанда Астанада бастау алған «Жеңіске құрмет» республикалық марафоны болып отыр. Кеше оған қатысушылар «Жеңіс» жалауын Қарағандыға жеткізді. Қаладағы «Мәңгілік алау» ескерткіш кешеніне гүл шоқтары қойылды. Жалауды «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Сұлтан Камалетдинов қабылдап алды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері атынан сөз сөйлеген 2 «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің, 2 «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарының иегері Алпан Итжанов: «Мұндай маңызды, тағылымды шаралар жастарды патриотизмге, елін сүюге тәрбиелеуді, рухани баюды, бірлікті, достықты нығайтады. Біздің ерліктеріміз ұмытылмай, жас ұрпақ бойына сіңірілуіне, қадір тұтылып, тереңдетілуіне ризамыз», деді. «Жеңіс» жалауы ертең Шығыс Қазақстан облысына, одан қаңтар айының аяғына дейін еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіледі. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.  

Семсердей Сеңгірбаев

Орта Азия әскери округі әскери кеңесінің 1941 жылғы 12 шілдедегі бұйрығына сәйкес Алматыда қазақстандық тұңғыш 316 атқыштар дивизиясын жасақтау дереу қолға алынғаны тарихтан мәлім. Сол жасақ құрамында Мұқыры МТС-тың тракторшысы Мұсабек Сеңгірбаев та болған. Дивизияның командирі болып генерал-майор Иван Васильевич Панфилов тағайындалады. Мұсабек әскерге алынған кезде осы 316 атқыштар дивизиясының қатарына қабылданады. Ең алдымен, Алматының түбіндегі әскери дайындықтан өтіп, генерал Иван Панфилов басқаратын дивизияның 1075 полкінің 4 ротасының 2-ші взводы сапында Мәскеуден асып Ленинградқа қарай бет алады. Содан Крестцы қаласының маңына орналасып, әскери даярлыққа кіріседі. Әскери жарғының ережелеріне сай жаттығудан өткен жауынгерлер жаумен белдесер сәтке сақадай сай дайын тұрады. Олар 12 қазан күні Волоколамск стансасынан өтіп, Осташова қаласының маңына бекініс жасайды. Руза өзеніне тас көпір салынған. Жаудың негізгі күші осы көпір арқылы өтетіні белгілі. Сол себепті де негізгі нысананы көпірге бағыттау тапсырылады. Әрбір жауынгер белгіленген тапсырмаға сәйкес бекіністерін қазып, атыс ұяларын жасап алады. Көп кешікпей дивизия командирі, генерал-майор Иван Васильевич Панфилов, полк командирі Илья Васильевич Капров және полк комиссары Ахметжан Мұхамедяровтар жауынгерлердің бекіністерін аралап көріп, дайындықтағы олқылықтарды дереу түзетудің жөн-жосығын шегелеп айтып, шабуыл жайын пысықтай түседі. Жауынгерлер тексерушілердің ақыл-кеңестерін тыңдап, көрсеткен олқылықтарын түзеуге жаппай жұмылады. Артынша-ақ жаудың атқан снарядтарының ызыңдары мен тастаған бомбаларының гүрсілі естіле бастайды. Аспан мен жердің арасы ғаламат гүрілдерге толып, бомба мен снарядтың түскен жерлері қопарылып, бұлқан-талқан болып жатады. Төңірек гүрілдеген, зуылдаған үнге толады. Айналаны қою қара түтін мен топырақ тозаңы тұмшалаған. Міне, әрбір жауынгер сияқты Мұсабек те окоп ернеуінен сығалап, жаудың келер сәтін, оқ атуға бұйрықтың берілуін күтіп, елеңдеп ілгеріге қарай сергектікпен көз тігеді. Панфилов дивизиясы жаудың Смоленскіден Мәскеуге баратын негізгі жолы Волоколамск тас жолын қорғау мақсатымен осы бағытта немістің 2 жаяу әскеріне, танктеріне, моторланған дивизиясына қарсы шабуыл жасауға қатысады. Яғни, бір панфиловшыға жақсы қаруланған төрт немістен келеді. Генерал К.К.Рокосовскийдің 16-армиясы құрамында майданда болған Қазақстаннан жасақталған 316-дивизия 1941 жылдың 14 қазанынан бастап Волоколамск тас жолы бағытындағы ұрыстарға жанталаса араласып, ерекше ерлікпен жаумен жан аямай шайқасады. Жаудың 150 автомашинасы мен 50 танкісіне жиырма сегіз панфиловшы-жауынгер Дубосеково разъезі түбінде қайсарлықпен тайсалмай қарсы тұрады. Сағатқа созылған ұрыста жау әскері ойсырай шығындалады. Дұшпанның жасанған әскері мен танкілері бірінен кейін бірі қызыл жалынға оранып жатады. Осындай кескілескен қанды майданда саяси жетекші В. Клочков басқарған 4 ротаның 2 взводының 28 жауынгері 1941 жылдың 16 қарашасында асқан ерлік пен қаһармандық танытып, әлемді дүр сілкіндіріп, абыройлы зор жеңіске ие болғанынан сескенді ме, немістер жағы бір сәтке артиллериядан оқ атуын тоқтатады да, кешіктірмей тыныштықты бұзып, шабуылға шығады. Фашистердің бірнеше танкі анталап келе жатады. Дөңбекшіген темір құрсаудың ізін басып, алға қарай бүкшеңдей қадымдаған жауынгерлер құмырсқадай өріп келеді. Жасыл шинелді, қоңыр дулығалы жау жағының сұсты сұмырайларын көргенде Мұсабек: – Біздің күлімізді көкке ұшырмақшы ниетпен зұлымдардың ентелеуін қарашы. Жақындай түс, жақында. Шайқасып көрелік, кім мықты екен?! – деп тістене айбарланады. Жерге етбеттей жатқан Мұсабек қаруын танкке қарай кезеніп, әзірлік қамына кірісе бас­тайды. Танктердің алдыңғысы көпірге енді жете бергенде Мұсабек гранатаның бірін құлаштап лақтырады. Танк кілт тоқтайды. Граната темір тажалдың «жанды жеріне» дөп тисе керек, будақтаған қызыл жалынға оранып, лапылдай жөнеледі. Сол-ақ екен артиллерис­тер оқты жаңбырша жаудырады. Бірнеше танк тапжылмаған бетте орнында қалады. Қара түтінге көміліп, бықсып жатқаны қаншама. Мұсабек басын қылтитқан жау жендеттерін шетінен қаңбақтай ұшырып, жер жас­тандыра береді. Қарауылға ілінгені құр кетпейді. Алғашқы айқас Кеңестер Одағы жауынгерлерінің пайдасына шешіледі. Жау шабуылына тойтарыс беріліп, елірген неміс жауынгерлерінің еңселерін түсіріп, мыстарын басып, меселін қайтарып тастайды. Шабуыл басымдықпен тойтарылады. Кеңес жауынгерлері келесі күні де қиян-кескі шабуылға шығады. Мұсабек кешегіден гөрі бүгін батылдау, ширыға түскен, қимылы да жылдам. Олар Осташова қаласында үш күн қиян-кескі ұрысқа қатысады. Бірақ оңайлықпен беріспейді, берік бекінеді. Намыстарын қорғап, жаудың діттегенін болғызбай, сағын сындырып, алға қарай жылжуына мүмкіндік бермей қояды. Полк комиссары Ахметжан Мұхамедяров 15 қараша күні жауын­герлерді шақырып алады. Штабқа бәрі тез-ақ жиналады. Ешқайсысы да неге шақырыл­ғандықтарын нақты білмейді. Бәрінің көкейлеріндегі ой ортақ. – Көп кешікпей үлкен шай­қас­қа шығуымыз керек. Соны түсін­діретін болар, – деп өздерінше ой топшылайды. Жауынгерлердің ойлағандары дәл шықты. Мұхамедяров блиндаждан асыға шығады да, сапта қаз-қатар тізіліп тұрған жауынгерлерге қарап: – Көп созатын ештеңе жоқ. Біздің даңқты Қызыл Армия шабуылға көшеді. Алғашқы кезек біздің дивизия жауынгерлеріне жүктеліп отыр. Бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Біздің полк бұрын да міндетін мінсіз атқарып, Отанға деген адалдықтарын танытқан. Осы жолы да сенімді абыроймен ақтайтындарыңа ешқандай күмәнданбаймын. Шабуыл ертеңгі сағат тоғызда басталады деп күтілуде, Панфиловтың бұйрығы бұл. Оны екі етпей орындау – қасиетті борыш, – деп сөзін түйіндейді. Жауынгерлер ұзақ түнді ұйқысыз өткізеді. Политрук Василий Георгиевич Клочков та көз ілмейді. Ол түнімен ротадағы жауынгерлермен әңгімелесіп, таң ата алдыңғы шепте тұрған бірінші взводқа келеді. Шабуылды бастайтын осылар болатын. Сондықтан да Клочков взводтың қимылына өзі тікелей басшылық жасап, әрбір жауынгерге ұрыстағы міндетін тағы да бір тәптіштеп түсіндіріп жүргенде шытырман шайқасқа шығатын уақыт та таянады. Мәскеуді нысанаға алған жау қиян-кескі шабуылға дүркірей көтеріледі. Олар ұрысқа кіріспес бұрын артиллериядан оқ атқылап, снарядтарын жаңбырша жаудырып, жер бетінің астан-кестеңін шығарып, сес көрсетіп алатын әдетін бұл жолы да бұлжытпай қайталайды. «Осыншалық қорқынышты ғаламаттан жер бетінде үрейленбеген тіршілік нышаны қалмаған шығар» деген бос болжамға келген жау жағы болат сауытты танктерін қаптатып, жан-жағынан жаяу жауынгерлері аш бөрідей анталап, қалаға қарай өре ентелеп, далбақтай ұмтылады. Немістің осындай қалың армиясының бір бөлігі Дубосеково разъезінің бағытында да, әуелі жиырмадан астам танкті, содан кейін тағы да отыз танкті алға салып, ұрысқа жөңкіле шығады. Оқ боратып келе жатқан сарбаздар мен танктер межелі жерге жеткенде Василий Клочковтың: – Атыңдар! – деген үні саңқ етеді. Сол-ақ екен, сатыр-сұтыр атыс дүниенің әлем-тапырағын шығарады. Атыс саябырлаған кезде шынжыр табаны үзілген, қираған, өртенген танктердің ара-арасымен кейін қарай зытып бара жатқан жау жағының жауынгерлері де сиреп қалған еді. Мұсабек іштен өзіне-өзі күбірлейді. Не өлім, не өмір. Екінің бірі. Мен жеңіс жағындамын. Отан алдындағы антым да, сертім де осы. Текетірескен шақта табан тіреп тұрар тұғырым – азаматтық арым. «Өлімнен ұят күшті». Осындай ойға шомған Мұсабектің жанарында намыс оты найзағайдай жарқылдай түседі. Үрейлі қорқынышты сейілтіп тұрған да сол жарқыл ұшқыны. Намыс пен қорқыныш қатарласқанда, екеуі де өліспей беріспеуге жанталасады. Тыныштық ұзаққа созылмады. Көп кешікпей шабуылға шыққан неміс жауынгерлері атысты қайтадан бастайды. Мұсабек жатқан окоптың арт жағында қатарынан екі снаряд гүрс-гүрс жарылып, қою қара түтін бұрқ етіп көтеріледі. Дәл осы кезде: – «Атыңдар! – деген Клочковтың айбынды үні анық естіледі. Артынша: – Ресей кең-байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда – Мәскеу!» – деп ұран тастаған Клочков жақындап қалған танкке гранатаның бірін өзі бастап лақтырады. Мұсабек те гранатаның бірін сілтеп қалады. Танктің омырауын от қаптап, қызыл жалын көкке будақтай шұбатылады. Бірақ алға қарай жылжып келеді. Тажал жақындап қалыпты. Табанда не істерін білмей, қатты сасқалақтағанымен, қыспақтан шығудың айла-шарғысын тез ойланып, намысын найзағайдай жарқылдатуға бекінген Мұсабек: – Несіне тайсаламын! Бәрі бір өлім! Енді тірі қалуым екіталай. Одан да зұлым жаудың мына сауытын отқа орап, тас-талқанын шығарып, көзін жойып, құрта кетейін, – деп ой түйеді де, граната құшақтаған бетте танктің астына қарай арыстанша атылып, көлденеңдей құлайды. Гүрс еткен қорқынышты үрейлі үн жерді сілкінтіп, төңіректің астан-кестеңін шығарып, аласапыран күйге түсті... Бар-жоғы жарты сағатқа созылған бұл ұрыста әрбіреуі бір-бір тажалдан кем емес, жаудың жиыр­ма, одан кейін отыз танкін жер жастандырған жауын­герлер саны жиырма сегіз-ақ еді. Мұсабек Сеңгірбаевпен май­данға бірге аттанып, сол ұрыста бір­ге болған жерлесі, ең соңғы көрген тірі қалған қанды көйлек жолдасы Иван Демидович Шадрин еді. Оның естелігінде Мұсабектің өзі ант еткеніндей, ақтық демі біткенше шайқасқаны, соңғы отыз танкке қарсы шабуылда екі танкті өртеп, жараланғанына қарамастан, қолына граната алып, окоптан өрмелеп шығып бара жатқан сәтін былай еске түсіреді: «Мұсабек Сеңгірбаев панфиловшы 28 батырдың ішіндегі ең жасы еді. Осы 28 батырдың ішінде екі комсомол мүшесі болды, бірі – Дутов, екіншісі – Мұсабек Сеңгірбаев. Жалғыз ғана коммунист бар еді, ол – политрук Клочков. Олардың қатары алдындағы ұрыстарда қатты сиреп қалған-тын. Қар жамылған, мұз құрсанған қараша таңы тып-тыныш атып келе жатты. Бұл алдамшы тыныштық екенін жауынгерлер білді. Кешікпей аспанды күркіреген үні кернеп құзғындай қаптап «мессершмидтер» шықты да, қорғаныс шептерін бомбамен төпелеп өтеді. Оның гүрсілі мен түтіні сейілер сейілместен жау автоматшылары тізбектеле оқ жаудыртып, алға қарай ентелеп жылжыды. Бұл шабуылды жігіттер бірден тойтарды. Енді немістер ұрысқа 20 танкісі мен автоматшылардың жаңа тобын айдап салады. Политрук В. Клочковтың: «Қорқатындай ештеңе жоқ, әрқайсымызға бір танкіден де келмейді екен» деген сөзі жауынгерлердің көңілін сергітіп жібереді. Ержүрек панфиловшылар гранатамен, жарылғыш құмырамен, танкіге қарсы қарумен 14 танкіні отқа орайды. Басқа танкілер артқа шегінеді. Жауынгерлер жараларын таңып үлгерместен окоптарға қарай жаудың 30 танкісі тағы да лап қояды. Панфиловшылар: «Бір адым да кейін шегінбейміз», деп ант етеді. Жауынгерлер бірінен соң бірі оққа ұшып, қатардан шығып қалып жатады. Ауыр жараланған политрук бір бума гранатын қыса ұстап тақап келіп қалған тажалдың астына құлап, танкті жарып үлгереді. Аңызға айналған бұл ұрыс төрт сағатқа созылады. Жау он сегіз танкісінен, жүздеген автоматшыларынан айырылып, бірақ қорғаныс шебін бұзып өтуге мүмкіндігі болмады. Келесі бір киянкескі ұрыста фашист танкілері біздің окоптарға жақындағанда ең бірінші болып Мұсабек лақтырған ауыр граната алғашқы танкке дәл тиіп, жалынға оранды. Жау танкісінің қып-қызыл өртке шалынып, дымы қалмай жануы бәрімізді жеңіске деген сенімімізді нығайтып, рухымызды көтеріп, жігерлендіре түсті. Енді бір қарағанда Мұсабек қолына граната ұстап алған бетте окоптан өрлеп шығып бара жатқанын байқадым. Соңғы шабуылға тойтарыс беру кезінде Мұсабек алдымен бір ауыр танкті жойды. Екіншісіне қарай еңбектеп ұмтылған кезде танктен атылған оқтан ауыр жараланды. Ішек-қарны ақтарылып жатты. Соған қарамастан, денесін ышқынып-тістене көтеріп, жақындап қалған ауыр танктің астына құлады. Танктің күл-талқаны шығып, өртке оранды», – деп Мұсабектің ерен ерлігін көзбен көргендігін айтады. Осы дивизиядан аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлиасқар Қожабеков және басқа батырлар шығады. Олардың қаһармандық ерен ерліктері Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», Александр Бектің «Арпалыс» атты кітаптарында шынайылықпен жазылып, нақты көрсетілген. Жиырма сегіз батыр жау танктерін төрт сағаттан астам уақыт тапжылтпай ұстауға қатысқан жиырма төрт жастағы қатардағы жауынгер Мұсабек Сеңгірбаевтың жарқын бейнесі қазір де қарулас жолдас­тарымен бір сапта Дубосеково разъезі түбінде тұр. Олардың тастан қашалған тұлғалары кешегі майдан даласы – бүгінгі көк барқын алқаптан асқақтап көрінеді. Көш жерден «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда – Мәскеу!» – деген политрук Клочковтың үні жаңғыра естілгендей болады. Мәскеу үшін болған осы бір қас-қағым сәттегі қиян-кескі аласапыран шайқаста Василий Георгиевич Клочков бастаған Гавриил Митин, Григорий Безродный, Николай Болатов, Яков Бондаренко, Петр Дутов, Петр Емцов, Николай Ананьев, Нұрсұлтан Есеболатов, Дмитрий Колейников, Әліпбай Қосаев, Асқар Қожабергенов, Григорий Конкин, Абрам Крачков, Николай Максимов, Иван Москаленко, Николай Митченко, Иван Натаров, Григорий Петренко, Мұсабек Сеңгірбаев, Душанқұл Шапоков, Николай Трофимов, Иван Шепот­ков ерлікпен қаза табады. Отан үшін жан қиған сол жиырма сегіз панфиловшыға 1942 жылғы 12 шілдеде Батыр атағы берілді. Атақты 28 гвардияшы-панфи­ловшылардың есімдері халық жүрегіне жазылған. Міне, соның бірі – жалпақ Жетісудың шүйгін, шалқар атырабындағы ержүрек батырдың әулет-ұрпағы қалың елі тұратын Қызыларық ауылына қоныс тепкен Мұсабек атындағы совхоз іргелі шаруашылықтың бірінен саналатын-ды. Мұнда Мұсабек батырдың Күнес апасы, ұлы Төлеухан тұрады. Немере-шөберелері дүниеге келіп, ержетіп, өсіп өркендеуде. Мұсабек атасындай батыр болғысы келетін Тимур, Бауыржан, Мәншүк сияқты ұрпақтары жайқала өскен құрақтай бой түзеп, білім алып, еңбек етіп, ел-жұртын сүйсіндіруінің өзі мақтаныш. Көксу ауданының әкімі Бақберген Исабеков батырдың кіндік қаны тамған жері, алтын ұя бесігі Мұсабек Сеңгірбаевтың 100 жылдығын салтанатпен атап өтуге қызу дайындалып жатқандығыннан құлағдар еткені бар. Демек, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» болып қала беретіндігі аян. Отан үшін тажалға тайсалмай тап берген тарландардың ерліктері ұмытылған жоқ. Олардың есімдері құрметпен аталып жүр. Мысалы, Көксу ауданында Балпық би кентіндегі саябақта Мұсабек Сеңгірбаевтың ескерткіші орнатылған. Батыр ерлігі ұмытылмай, әрдайым еске алынады. Жас жеткіншектерді патриоттық рухта тәрбиелеуге үлгі-өнеге тұтылады. Қазіргі кезде батырға көрсетіліп отырған құрмет пен ілтипат орасан зор. Бұл елі үшін жан қиған ерлер ерлігінің мәңгілік ұмытылмай-тындығының жарқын көрінісі екені анық. Әли ЫСҚАБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Алматы облысының құрметті азаматы. Алматы облысы, Көксу ауданы.