Отандық ғалымдар Су тасқынын аналитикалық болжау және бақылау жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары жасаған ақпараттық-талдау жүйесі облыс өзендеріндегі су тасқыны жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Ал аталған жоғары оқу орнындағы «Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер және технологиялар трансферті» орталығының басшысы Руслан Четтыкбаев қолға алынған жоба туралы: «Біздің алдымызда еліміздің шығысындағы маусымдық су тасқынынан туындаған төтенше жағдайларды мониторингілеу мен болжаудың кешенді ақпараттық-талдамалық жүйесін, маусымдық су тасқынын болжауға мүмкіндік беретін жүйені әзірлеу міндеті тұрды. Біздің университетте осы жобамен жұмыс істеу үшін өзен гидравликасы мен су басу аймақтарын модельдеуді, заманауи геоақпараттық жүйелерді, қауіпті нысандарды, инфрақұрылым нысандарын, мекемелерді, тұрғын үй құрылысын, рельефті және метео жағдайларды егжей-тегжей картографиялық байланыстыруды пайдаланған зерттеушілер тобы құрылды», деді.
Зерттеушілер тобы осы жұмысқа заманауи ақпараттық технологияларды қолданады. Әзірлеуге ғалымдардан басқа, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де қатысып, жүйені жақсарту, оның практикалық әлеуетін арттыру бойынша кеңес пен ұсыныс береді. «Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдарымен өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды. Болашақта су тасқыны жағдайын көздеуге, бар тәуекелдерді ескере отырып, алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін технологияны бірлесіп дамытуға бел буып отырмыз», деді Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментіндегі Төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының басшысы Арман Наурызбаев.
Жүйені әзірлеп, жобаны іске асырғаннан кейін зерттеушілер өңір аумағында су тасқынын болжау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлемек. Бұл бірнеше мәселенің шешімін табуға мүмкіндік береді. Біріншіден, экономикалық мәселені шешуге септеседі. Өйткені ТЖ болжау, олардың дамуын модельдеу форс-мажорлық жағдайдың өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне әсерін азайтуға немесе толығымен жоюға жағдай жасайды. Екіншіден, экологиялық мәселені реттейді. Бағдарламаның алынған нәтижелері су тасқыны жағдайын болжауға көмектеседі, осылайша төтенше жағдай туындаған жағдайда тәуекелдерді азайтады. Үшіншіден, әлеуметтік мәселенің шешімі бола алады. Себебі жоба халықтың қауіпсіздігін арттыруға, төтенше жағдай әсерінен болатын залалды азайтуға көмектеседі.