• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2015

Ұлыдан қалған мұра бұл

1005 рет
көрсетілді

Әлкей Марғұлан «Саят құстары» Әр дәуірдің болмысы бөлек, тұлғасы ерен, тұғыры мықты айту­­лылары болады. Ондай асыл­дардың «Өзің – аспанда, ойың төменде жүргенше, өзің – төменде, ойың аспанда жүрсін», деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, ойы мен бойында ұлты мен жұрты, халқының қадірлі қасиет­тері, салт-дәстүрлері тел қозы­дай тең жүретінін артында қалған ру­хани мол мұраларынан аңғарасың. Ұлт тарихында өшпес із қал­дырған, өресі биік ғұлама ғалым, археология мен этнографияның қазақ топырағында негізін қала­ған, ұшан-теңіз білім иесі, академик Әлкей Марғұлан десек, сол ұлы оқымыстының бұрын еміс-еміс естілген тағы бір жәдігер деу­ге тұрарлық жақсы дүниесі жұрт қолына тиіп отыр. Ол арагідік мерзімдік басылымдарда жария­ланып келген «Саят құстары» атты құнды еңбегі еді. Осы мұра таяуда Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тапсырысы бойынша әдемі жинақ болып «Жарыс.kz» баспасынан жарық көрді. Беташар сөзін зерделі ғалым, зерек зерттеуші, өткен ғасырдың алыптарын «тірілтіп» жүрген алаштанушы Тұрсын Жұртбай жазыпты. «Академик Әлкей Мар­ғұлан... Дала данышпанының кейіннен табылған «Саят құста­ры» атты зерттеу еңбегі өз өмірі­­нің қысылтаяң тұстарында жазыл­­ған. 1934-1939 және 1947-1953 жыл­­дары академиялық іргелі ғы­лым­мен айналысудан шеттеті­ліп, қазақ эпосы мен тарихы туралы зерттеулері саяси қағажуға ұшы­раған кезде Әлекең елден бойын аулақ салып, «тасада жүріп» деректер жинап, ұлтының ұмыт қалған өнерін зерделеп, қағазға түсірген екен», дейді профессор. Бұл қоспасы жоқ ақиқат сөз. Әр алуан құстардың суретімен көмкеріліп, әдемі безендірілген кітапқа енген мақалалар  бірне­ше тақырыпқа жүйеленіпті. Мысалы, «Саят құстарының жаратылыстағы ерекшеліктері» атты топтамада «Саятшылардың анықтауынша, жалпы, құс заты бір-біріне қайшы тұратын үлкен екі топқа бөлінеді. Оның бірі – желбесін құстар, екіншісі – тұяқты құстар. Бұларды ұғым бойынша бұрын «адал», «арам» құс деп келген. Желбесін құс дегеніміз – етін жеп, мамық жүнін шаруаға жұмсайтын пайдалы құстар тобын айтады... Ал енді тұяқты құстарға келсек, олар да өзара екі топтан құралады», деп құстар әлеміне шолу жасап, әрқайсысының сыр-сипатын, түр-түсін жүйелі көрсетіп отырады. «Саят құстарының түрлері» атты бөлімде бүркіт, ителгі, тұйғын, тұнжыр, қаршыға, қырғи, лашын, жағалтай, тұрымтай, сұңқар жайлы жан-жақты баян­дап, әрқайсысына сипаттама береді. Халық жырларында айтылатын байламдардан да мысалдар келтіріп, кемел оймен келістіре суреттейді. Саят құстарының ең ірісі бүркіт екенін айтып, сұң­қардың сүйкімді болатын себе­біне түрлі дәйектер келтіреді. Халық мақалдарының шығу тегі қайда жатқанын да алға тартады. Көп жұрт біле бермейтін термин сөздер қаншама. Мысалы, «Сұңқарға талшық», «Сұңқар тамақ», тағы басқа. Құстар жайын талдай келіп, оны ұстау әдістері, баулау тәсіл­дері, аңға салу үлгісі туралы ой қозғағанда, «Оралдың ақ иығы», «Алтайдың мұзбалағы», «Қазық­тының қара кері», «Құмның қы­зылкөзі», «Желектінің жирен тұяғы», «Ертістің саршолағы», «Қарағайдың қоңыр аласы» деп алып, құс түріне келгенде «Сары шегір», «Қара шегір» дей­ді де, бай­тақ өңіріміздегі әр құс­тың өзін­­­дік ерекшелігін терең­нен тамыр тартқан ұлттық үлгі­мен ұштас­тыра отырып, түлек жас­тары­на дейін тамылжытып баян етеді. Сол секілді саят құстарын тү­лету, баптап баулу жайын да назардан тыс қалдырмайды. Саят құстарына қажет құрал-саймандар да сараланады. «Саятшылық өнері – мәдени істің бірі» деген бөлімде «Құс­шы деп аңшылық жолындағы адамдардың бәрін айтпайды», дейді де аңшы, құсшылықтың төрт түрі болатынын, бұл кез келгеннің қолынан келмейтінін, жолай қосылып, жолым болады деу абырой әпермейтінін, киесінің барын, оны елей қоймай есіргендердің бірде болмаса бірде аяғы шалынатынын ғылыми түрде дәлелдейді. Аң аулаудың өзіндік өнер екенін, сайын даладағы салтанатқа үлкен мәдениеттілік керектігін алға тартады. Кітаптағы бір ерекше атап өтер құндылық, аң-құс атауларына қатысты түсіндірме сөздік дер едік. Мәселен, саят құстарының қазақша, орысша аталуын қатар береді. Бұл үлгідегі тақырыпшалар «Саят құстары», «Желбесін (адал) құстар», «Қаз топтары», «Үй­ректер», «Балшықшы мен жыл­қышы топтарына кіретін құстар» және «Қыр құстары», «Арам құстар», «Жыртқыш аңдар», «Мамық жүнді аңдар», «Еті жеуге қосылған аңдар», деп кете береді. Аңшылық сөздерінің аудармасы, мәселен, «Ақ сұңқар – Белый кречет», «ителгі – балобан», «лашын – сапсан», «қарашақаз – казарка», «әупілдек – выпь», «құтан – цапля», «желбесін – дичь», «ақ­басүйрек – нырок савка», «ба­рыл­дақ – кряква», «шуылдақ үй­рек – свистун», «маңырақ құс – бекас», «өгіз шағала – мартышка», «құр – тетерев», «шіл – куропатка», «боздақ – цурка», «келес – чекан», «бақашы – скопа», «жапалақ – сова», «қарақұмай – черный гриф», ал аңшылық сөздердің аудар­масы «ау – сеть, тенета, невод», «бүркіт салу – охота с беркутом», «балақ жүн – штань», «Қоң ет – бедряные мышцы», «тома­ғалау – надеть клобучок, кло­бучечлить», осылай жалғаса береді. Осының өзінен-ақ ұлы ғалымның артына өлмес, өшпес мұра қалдырғанын аңғару қиын болмаса керек. Мұны ұлының ұлылығы демеске шараң қайсы?! «Қу заман, ит тіршілік қина­дың ғой», деп Алаш арысы Сұл­танбек Қожанов айтқандай, үрей­ді ұшырған үстем заманның өзінде осылайша ұлтқа керек дүниені қағазға түсіріп кетудің өзі ерлікке пара-пар екені айдай анық. Бұл екінің бірінің қолынан келмеген іс. Осы күндері қолынан келгендер, бес қаруы сайлардың  бәрі аңшы болып кетті. Бірақ олардың Әлкей Хақанұлының саят құстарын ұстау мен баулу мәдениетін жан-жақты саралап кеткендігінен хабары болып, бұл да халқымыздың қадірлі, дәстүрлі өнері екенін жүрек түкпіріне алтын түймедей сақтаса ұтылмас еді. Егер ғалымның осы еңбегін мектеп табалдырығын аттап әліппе ұстаған бүлдіршіндей, әр қазақ, әсіресе, саятшылыққа ден қойғандар жадында сақтаса жаңылыс баспас еді. Жалпы, саятшылық өнер де – жұртымыздың ерекше салт үлгісінің әдемі әлемі. Мұны баға­лап, төрткүл дүниеге танытып, бағын ашсақ тағы бір тағылымды істі тұғырына қондырған болар едік. Өйткені, жақсымызды үйрену былай тұрсын, үптеп әкетіп иемденіп кеткендер аз ба? Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».