• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Сәуір, 2024

Лудоманияны ауыздықтайтын заң жобасы талқыланды

115 рет
көрсетілді

Палата спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен өткен Мә­жі­лістің жалпы отырысына бес заң жобасы шығарылып, оның ішінде қоғамды қатты алаңдат­қан лудоманияға себеп ойын биз­несі, лоте­рея­лар, лотерея қыз­мет­терін реттеуге бағытталған құжат­тар жан-жақты талқыланды.

Бірінші оқылымда қабылданып, қоры­тынды әзірлеуге жіберілген «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лоте­реялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және «Қазақ­стан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар жобалары жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев баяндады.

Депутат ұсынылып отырған заң жобалары қоғамдағы өте өзекті мәселені, яғни ойын бизнесін, лудоманиямен күрес мәсе­лелерін реттеуге арналғанын атап өтті.

– Бұл мәселеге Президент Ұлттық құрылтайда, Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы бұл дерттің жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіріп жатқанын ашық айтты. Бұл аталған мәселенің қоғам үшін өте өзекті әрі маңызды екенін көрсетеді, – деген баян­дамашы құмар ойынға шырмалғандар санының артып келе жатқанын жеткізді.

– Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда елімізде шамамен әрбір бесін­ші адам ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарға қандай да бір қатысы бар. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойын­ға салынып, букмекерлік кеңселер мен кази­нолардың тұрақты клиентіне айналған. Сұмдығы, бұл дерт балалар мен жасөс­пірімдерді де шарпып отыр. Құқық қор­ғау органдарының мәліметінше, шама­мен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерде бәс тігіп, азарт ойындар ойнайды. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз, – деді баяндамашы.

Е.Бейсенбаев бұл дерттің салдарынан отбасы институты да әлсірейтінін атап өтті. Еліміздегі ажырасулардың 40%-на лудомания тікелей себеп болса, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың да дені құмар ойынға шалдыққандар. Сонымен қатар баяндамада лудоманияның суицидті де өршітіп отырғаны айтылды. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Өкініштісі, бұл дерт бүгінде әскерге де жетіп, кең етек алған. Олар­дың көбі құмар ойынның шырмауы­нан шыға алмай, өздеріне қол жұмсауға барған.

Бұдан бөлек ойын бизнесі қылмыстың етек алуына, көлеңкелі экономиканың күшеюіне де жағдай жасап отырған көрінеді. Е.Бейсенбаев заң аясында іске асырылатын шараларды тізіп шықты.

– Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ ойында бәс тігу жасы 21 жас­тан 25 жасқа дейін көтеріледі. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі.

Кәмілетке толмаған азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабымен жаза қолданылады. Сонымен бірге заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады. Сондай-ақ балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастыру­шылар­дың тізімін жүргізу, сондай-ақ банк­тер мен төлем жүйелеріне олар­дың пайдасына қаржылық операциялар жүр­гізуге тыйым салу көзделеді. Ұлттық Банк, Қаржылық мониторинг агент­тігі, Әділет министрлігінің базаларын бірік­тіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады. Сонымен қатар заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификация­дан өткізу міндеттілігі, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне ты­йым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ой­науы шектеледі. Өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни «e-Gov mobile» қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіре алмайсыз, – деді Е.Бейсенбаев.

Қысқасы осы ойын бизнесінің кесірінен келген лудомания кеселінің жолын кесу үшін 11 заң мен 3 кодекске өзгеріс енгізіледі. Заң жобасын талқылау барысында елімізде ойын бизнесіне мүлдем тыйым салу мүмкін емес екені де белгілі болды.

Депутат Самат Мұсабаев Қытайда, Қыр­ғызстанда, Вьетнамда, Оңтүстік Корея­да, Израильде және барлық араб елінде бук­мекерлік кеңселер мен спорттық ұтыс түр­леріне тыйым салынғанын атап өтті.

– Бұл елдерде осы ойын бизнесі толық­тай жоқ деуге болады. Біз толық тыйым салудың осы тәжірибесін қолдана аламыз ба? – деген сұрағын депутат Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағыттады.

– Букмекерлік кеңселердің толық жабылуына біз, әрине қарсы емеспіз. Дегенмен ең басты уәж ретінде спорттық іс-шаралар және оның трансляциясы өте қыруар қаражатты талап ететінін айтқым келеді. Сондықтан бюджетке үлкен шығын келтірмеу үшін спорттық сайттарға, трансляцияларға рұқсат беріп отырмыз. Кіріс жоғалтпау үшін медиа саласының да өтініші осындай болып отыр, – деді вице-министр Қанат Ысқақов.

Ал сұраққа қосымша жауап берген баян­дамашы Елнұр Бейсенбаев депутат атап өткен елдердің лудомандары біздің елге келіп, я болмаса Ресейге барып ойнайтыны туралы ақпаратпен бөлісті.

– Сол себепті елімізде ойын бизнесіне 100 пайыз тосқауыл қою азаматтарды көлеңкелі бизнеске итермелеумен пара-пар. Бұл мәселені осы бір топ нормаларды қабылдап алғаннан кейін өздеріңізбен келесі заң жобалары аясында қарастыруға болады, – деді баяндамашы Е.Бейсенбаев. Сондай-ақ ол ойын бизнесін жарнамалауға да толық тосқауыл қоя алмайтындарын атап өтті.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов аталған заң жобасы бойынша қосымша баяндамасында күн тәртібінде қаралған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынып, депутаттардың басым даусымен шешім қабылданды.

Өте ұзақ талқыланған жоғарыдағы қос заң жобасының өзектілігі, қоғамға салып отырған ауыртпалығының маңыздылығы жөнінде Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов: «Мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне шығаруы бұл дерттің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көр­сетіп отыр. Ал Атыраудағы Ұлттық құрыл­тай отырысында осы сессияның соңына дейін тиісті заң жобасын әзірлеп, қабыл­дауды тапсырған болатын. Мәжіліс депутаттары жедел түрде заң жобасын әзірледі», деді.

Жалпы отырыстың күн тәртібінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері жөніндегі заң жобасы, сондай-ақ халықтың көші-қон мәселесі төңірегіндегі өзгерістер мен толықтырулар жөнінде заң жобалары қаралып, тиісті шешімдері қабылданды.

Отырыста депутат Ерлан Саиров Үкімет басшысы Олжас Бектеновке бағыттаған сауалында әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдердің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатып отырғанын жеткізіп, ұсыныстарын айтты.

«Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес ТiкТок-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қойылсын. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаттау керек. ТiкТок-ты кәмелеттік жас­қа толмаған балалар үшін қатаң шектеу не­месе Қытай тәжірибесіндегідей бала­ларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу қажет», деді депутат.

Сауалын Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған депутат Берік Бейсенғалиев су тасқынына байланысты әр өңірдің климаттық және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, дереу барлық өңірде шұғыл қабылдануға тиіс шараларды атап шықты. Әсіресе инфекциялық ауру тарау қаупінің алдын алу үшін өлген жануарларды дереу санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жою, ауыз судың сапасын тексеру ісін қатаң бақылауға алуды ұсынды.