Еліміздің 5 облысы аумағын басып өтетін “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының құрылысы бүгінде белгіленген мерзімінен бұрын жүргізілуде. Бұл жөнінде Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов журналистермен өткізген арнайы дөңгелек үстел барысында хабарлады.
Құны 825 млрд. теңге тұратын “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзит дәлізін қайта салу жобасының іске асырылуы үлкен қызығушылық тудыруда. Қытайдан басталатын магистраль Ресейдің Санкт-Петербург қаласына дейін 8,5 мың км. қашықтыққа созылып жатыр. Алдын-ала болжам бойынша экономикалық тиімділігі 86 млрд. теңгені құрайтын теңдессіз жобаның еліміз аумағын басып өтетін бөлігі 2 787 км. болса, оның 2 452 км. қайта салынуға жатады екен.
Азиядан Еуропаға теңіз жолдары арқылы жүк тасымалын жүргізу 40 тәуліктен астам уақытты алады. Ал “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” жобасы жүзеге асса автокөлік жолымен 8,5 мың км. қашықтықты 10 тәулікте жүріп өтуге болады. Біздің техникалық негіздемелеріміз осыған есептелген, деді Көлік және коммуникация министрі Ә. Құсайынов дөңгелек үстел барысында. Тасылатын жүктен түсер пайдадан өзге, жоба аясында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша жолдарды салумен қатар, республикалық маңыздағы желілер қоса жаңғыртылады. Бұл республикалық маңыздағы желілердің 90 пайызы “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” жобасы есебінен жөнделеді деген сөз. “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолын салуға қазір 11 компания жұмылдырылуда. Оның 5-і шетелдік компания болса, 6-уы қазақстандық. Атқарылатын жұмыстың 69 пайызы қазақстандық компаниялардың мойнында. Министр Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, шетел компанияларының ортақ іске қосылуға ынта білдіргені бізге де тиімді. Өйткені, олар қолданған соңғы техника мен технологияны кейін өзіміз үйреніп, индустрияландыру бағдарламасына қолдануға жеңіл болмақ.
Теңдесі жоқ ірі жобаға қаржы құюшылар да осал емес. Бүкіләлемдік банк, Ислам банкі, Азиялық және Еуропалық банктер ірі көлемде, атап айтсақ, 422 млрд. теңге қаржы салып отырғандығы автожолдың болашағы жарқын екендігіне сенімді күшейте түседі. Сондай-ақ құрылысқа қажетті материалдардың 86 пайызы елімізден шығарылып, қазақстандық мазмұн арта түсіп отыр. Жақында ғана Маңғыстау облысында ашылған битум зауыты қазақстандық құрылыс материалдарын пайдалануды тағы 6 пайызға арттырмақ.
Бүгінгі күні жол салыну барысында көптеген жұмыс орындары ашылып, оған өз мамандарымыз тартылуда. Жоба жүзеге асып жатқан еліміздің үш облысында 14 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Біз биыл мердігерлерді басқа учаскелерге тарту жұмыстарын аяқтаймыз. Ал содан кейінгі жылдары осы жобалар бойынша 50 мыңға тарта адам тартылады. Жалпы, жол салу барлық жағынан пайда әкеледі, деді Ә. Құсайынов.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.