Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің 85 жылдығы аясында «Жыр жауһары» атты поэтикалық дуэль өткізілді. Жергілікті жас ақындардың басын қосқан іс-шара соңғы бірнеше жылдың бедерінде тұрақты түрде өткізіле бастағаны көңіл қуантады.
Өңір жастарының поэзия мерекесі бірнеше кезеңді қамтыды. Әуелі өтініш білдірген отызға жуық жас таланттың шығармаларымен танысқан қазылар алқасы олардың ішінен он алты мықтыны іріктеп, финалдық кезеңге өткізді.
Қара өлеңнің қасиетін тереңнен түсінген он алтының басым көпшілігін осал деп айта алмайсың. Әрине, ішінде бірді-екілі өлең жазуды машыққа айналдырып, техниканы меңгеріп алғандар бар. Ал қалғандарының жазбасынан көркем әдебиеттің элементтерін айқын байқайсың. Осыған қарап-ақ ақын атымен аталатын өңірде поэзияның көркемдік деңгейі жоғары екенін аңғару қиын емес.
Үздік он алты ақын бастапқыда сегіз жұпқа жұпталды. Оза шапқандары жүлделі орындарға таласу үшін екінші кезеңге жолдама алды. Олардың қатарында талай жыр бәйгесінде оза шапқан Данияр Әлімқұл, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Маралтайқызы секілді есімі елге таныс ақындар да бар.
Поэтикалық дуэльде әдемі тіркестерімен, тосын теңеулерімен өзгелерден дараланған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Данияр Әлімқұлдың өлеңдері көрерменді бейжай қалдырған жоқ.
«Бір тілегім бар еді қайта маздап,
Келем тағы...
құстар да қайтады аздап.
Сенің күлкің шашылған көшелерді,
Менің мүлкім деп елге айта жаздап»,
деп жырлаған жас талаптың шығармаларына қошемет көрсеткендер аз болған жоқ.
Жаңа форматта өткен іс-шара қорытындысында таластық ақын Данияр Әлімқұл топ жарса (сыйақысы 500 мың теңге), жуалылық Арайлы Жақсылыққа екінші орын (300 мың теңге) бұйырды. Тараздық Ғайникен Маралтайқызы мен Жұматай Көксубай үздік үштіктен (200 мың теңге) көрінді.
«Жаңа форматта өткізіліп жатқан «Жыр жауһары» поэтикалық дуэліне қатысушылардың қарасы көп болды. Жүлде қоры өткен жылға қарағанда қомақты болғаны да әсер еткен шығар. Ең бастысы осы іс-шараға қатысқан ақындардың деңгейі өсіп келе жатқаны қуантты», дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Дуэль форматында өткізілген әдеби іс-шара өз мақсатына жетті. Бір жақсысы, әдебиетке, поэзияға аңсары ауған жастардың қатары көбейіпті. Мұны көрермен ретінде қатысқан азаматтардың әңгімелерінен де байқадық. Әр қатысушының өлеңіне қатысты байыпты ойларын айтып отырғандардың көбейгені расында да деңгейдің өскенін көрсетсе керек.
«Бұл – поэзия мерекесі. Алматыдан Таразға оралғандағы басты мақсат дуэльде міндетті түрде топ жару емес. Қатарластардың өлеңін тыңдағым келді. Жаңа есімдерді кездестірсем деген ниетпен қатыстым. Сол мақсатымның үдесінен шыққан сияқтымын», дейді жүлдегерлердің бірі Арайлы Жақсылық.
Тараз