• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Сәуір, 2024

Бауырсақ керек, бауырсақ!

143 рет
көрсетілді

Әуезов кеңінен тоқталып жазуды армандап кеткен, ақын деп айқайлатып тақырып қоюға лайықты шайырдың бірі – Хамит Ерғалиев екені анық. Мұны ақын туралы мақаласында Ұлықбек Есдәулет жазыпты: «Ұлы Мұхтар Әуезов өмірден өтерінің аз-ақ алдында «Құрманғазы» поэмасының жалғасын оқып шығып: «Баяғы пікірім арықтаған жоқ, семірді. Алдымда шетелдерге сапарларым тұр. Содан оралысымен сенің осы дастаның туралы кеңінен толғап жазбақ ойым бар. Дастаныңдай өмір кеш!» деп құшақтаған екен», дейді Ұ.Есдәулет. Бүгінде есімі көп атала бермесе де, қазақ өлеңін бір биікке көтеріп, арнасынан асып-төгілген алапат ой мен сезімнің дүбірін Ерғалиев жырларынан табасыз. Сондықтан әңгіменің әлһамын осылайша Әуезовтің сөзімен бас­тап жатсақ, жастанып оқуға әбден лайықты шедевр шумақтар тақияңызға тар келмейді деп біліңіз.

Қазақ жанының, ұлт қа­­сиетінің айғағы күй өнерінің суре­тін кө­ріп, сезімін суреттеп жырлаған ақын көп емес. Кетбұғаның күй сар­натқанынан ұлы Жошының өлімін білген қаһандай күйді кә­дім­гідей тәпсірлеп түсініп қана қоймай, әуеннен алған алапат әсе­рі­нен бәлкім одан да зор туынды қашап шығу дегеніңіз, Ұлықбек Есдәулетше айтсақ, «Шекспирдің қаламдасының» қолынан ғана кел­се керек. «Құрманғазы» поэмасын­дай ауқы­­­мы кең, арыны күшті, соны­сы­на қарай қазақтың күй өне­рінен бір кем соқпайтын көре­ген ой, кемеңгер сезімдер тұн­дыр­ған кең көлемді шоқтықты туын­ды­ларға ұлт әдебиеті қашанда зәру. Оның «Көбік шашқан» атты бө­ліміндегі шумақтарға таңда­нып,­ сүйсінбеген оқырман кемде-кем шығар. «Құрманғазы «Көбік шашқан» күйін шығарғанда дәл мұндай ғаламат құбылысты көр­ді ме, көрмеді ме – ол арасы алма­ғайып. Егер көрген болса, ақын айтып отырған адамның зәре-құтын алатын осы көріністен артық бол­маған шығар», деп жазыпты Қа­дыр­ Мырзалиев. Айтқандай-ақ қой!

Былтыр ғой деймін, жазушы Мұхтар Мағауин бауырсақ туралы шағын ғана мақала жа­риялады. «Есебі, бүгінгі бауыр­сақтың кем дегенде жиырма ға­сыр­лық ғұмыры бар. Арғы баба­ларымыздан бастап, екі мың жыл бойы бауырсақ жеп келе­міз. Шынында да таңғаларлық, сүйінішті жағдаят. Ендеше, кейінгі бір ақылды балалар ұсынып отыр­ғандай, Бауырсақ күнін той­ламасқа немене?» деген жазушы Бауырсақ күнін белгілеуді ұсынған жастардың бастамасына қолдау білдірді. Енді мұның не­гізі болуы керек қой. Қазақтың қастерлі дәмін әйгілейтін ұс­тыны дегенде, әуелі Хамит Ерғалиевтің «Бауырсақ» атты жыры менмұндалайды. Тағдыр майданынан шыңдалып шыққан ақын мұны тым ертеде жырлап кеткенінің өзі сүйініш. Ешбір жасандылықсыз, өмірдің өзінен алынған және қазақ тұрмысынан қалыпталған мұндай классикалық өлең үлгі­сіне елең етпеу... әрине, қас надандық болар еді-ау.

«Есіме қайтып ене алмас

Желді күн яки тымық күн.

Қай сәтте анам ең алғаш

Бауырсақ берді?.. Ұмыттым.

 

Әлде оны жақын туыстан

Әкелген аштық – ауыр шақ?..

Әйтеуір титтей уыстан

Шығармай жедім бауырсақ»,

деп басталатын өлеңге әсер­ленбейтін қазақ жоқ шығар. Есіңе шыжылдап майға піс­кен қызыл шырайлы ыстық бауырсақты балқаймаққа шылап жеген бала­лығың ғана түсе ме? «Әлде оны жақын туыстан әкелген – аштық, ауыр шақ» дегенде, ұлттың өткен жолы, ауыр тағдыры оралады ойға. Қазақтың ұлттық дәмі бауырсағын айтып отырып күнделікті өмірдің көркем суретін де, ұлттың жүріп өткен жолының ауыртпалықтарын да ашып берген ақын.

«Ей, жұртым!.. Егер осы біз

Бір дәмге тура бағынсақ…

Шаңырақ, ошақ, мосымыз

Мойындап келген бауырсақ!..

 

Ақшалы яки малды – мен…

Алақан жайса немерем.

Басқадан бұрын, алдымен

Бауырсақ бермей не берем!?

 

Басыңнан өтер календарь –

Жүдеу шақ әлде тәуір шақ!

Бәрі бір! Сен бар – әлем бар,

Бауырсақ керек!.. Бауырсақ!»

депті Хамаң. Өмірлік көркем сурет те, жүз жылғы, мың жылғы өткен ескі өмір де, суымас сезім мен өміршең ой да осы өлеңде тұр. «Шаңырақ, ошақ, мосымыз мойындап келген бауырсақ...» дегенде ақын баласының қолындағы бауырсақты емес, ұлттың қадірлі дәмін айтып тұрғаны сезілмей ме? Осындағы шаңырақ, ошақ, мосы – ежелгі қазақтың өмірі мен тұрмысының кейпі емей не?! Бұл үшеуін айтса еске бірден киіз үй, оның ішіндегі мүлік пен жиһаз, дастарқан жағалап жүрген қазақ баласының қолындағы бауырсақ орала кетеді. Сондықтан «Бауыр­сақ керек, бауырсақ!».