1916 жылдан 1956 жылға дейінгі 40 жыл! Қараңыз, осы жылдар ішінде не болып, не қоймаған? Қазақ үшін бұл аса ауыр кезең болыпты. Осы 40 жыл ішінде қазақ қазақ болғалы көрмегенді көріпті. Ұлт-азаттық көтерілісті де, ақсүйек ашаршылықты да, қарғыс атқыр репрессияны да, ұлы ойран соғысты да көріпті. Бұл қаралы 40 жыл, сөйтіп, сталинизмді әшкерелеген 1956 жылғы ХХ съезге дейін созылыпты. Осы бір тасбауыр кезеңге тап келген аға ұрпақ тағдыры аянышты.
Сол аға ұрпақтың бірі тірі жүрсе бүгіндері 90-ға толатын бүгінгі әңгімеміздің арқауы – ақын Сағи Жиенбаев. Сағи аға 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбенің Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында дүниеге келіпті. Үш жасында әкесі Жиенбай «халық жауы» деген жаламен атылып кетеді. Артында шиеттей 3 баламен, өлмелі шешесі, жас жесірі қара жамылып қала береді. Болашақ ақынның балалық шағы осылай басталыпты. Бұл жылдар 1931-1933-тің айлапат ашаршылығынан есеңгіреген елдің әлі ес жия алмай жатқан кезі еді. Үш Оймауыт, Сам, Сарыбайқұм, Доңызтау, Хантөрткіл, Жем бойын жайлаған қалың елдің көбі Үстірт асып жер ауып, атажұртта азы қалған еді. Атам заманнан ат жалы, атан қомында ен даланы еркін жайлаған ел, Голощекин тоқпағы астында ала тайдай бүлініп кеткені кетіп, қалғаны қалып, ат төбеліндей ұжымшарларға ұйысып, отырықшы елге айналған. Ал ұбап-шұбап бұл өңірден ірге аударғандар болса қызылдармен атысып-шабысып жүріп, берісі Бесқала, арысы Иран, Ауған асқан. Сөйтіп, Жем бойы, Хантөрткіл, Үш Оймауыт, Сарыбайқұм, Доңызтау, Самға сыймай сыңсыған елдің, бүгінде құлазыған жұрты жатыр. Құйын кезген жұрт. Сол жұртта қалған шөкімдей ауылдың бірі – Оймауыт. Сонда Сағидың балалық шағы басталды. Қамкөңіл жетімекті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай әлпештеп өсірген кең құшақ әже мен «айналайыны» ағыл-тегіл ана еді. Одан қалса, жан-жағы мейірімге толы ел-ана бар, елпең-елпең жүгірсе табанын сүйер жер-ана бар. Одан қалса, көпті көрген көнекөз қариялар бар. Дастарқан басында солар бас қосса, құлақ құрышын қандырар әлқисса әңгімелер айтылатын. Құймақұлақ бала соларды зердесіне құйып алып отыратын. Жазып қойған хаттай қайран ауыл қарттары! Күнкөрісі қораш болса да, иманы бай осындай ауылда өскен ұлдың не арманы бар?! Сондықтан Сағидың балалық шағы оның өмір бойы жырлап өтер Жәннат бағындай есінде қалды. Сол туған жерден аттап шықса болды, сол бақ мекенге деген сарала мұң сағыныш жүрегін соратын.
Ауылынан алғаш аттап шыққаны – студент болып Қызылорда пединстутында оқыған жылдары екен. Осы институт қабырғасында жүріп, ажарына ақылы сай Уазипа қызбен танысты. Тұз-дәмі жарасты. Сол Құдай қосқан қосағымен қол ұстаса жүріп жас Сағи Жезқазған өңіріндегі бір мектепте еңбек жолын бастады. Бірақ оған күндіз-түні күбірлеп қойындәптеріне жырлар төгетін ақындық қасиет қонған еді. Бірер өлеңі республикалық баспасөзде жарық көрген. Ақыры, бойға қонған осы қасиет оны дірдектетіп отырып алыс Алматыға алып келді. Үй жоқ, күй жоқ, жұмыс жоқ, бірақ ой мен бойды баураған алақаұйын арман бар. Шақырылмаған Сағиды Алматы құшақ жайып қарсы алған жоқ. Не істемек? Ат басын кімге бұрмақ? Қапелімде кәріп күйге түсті. Бірақ жасыған жоқ. Бұл қалада Байғаниннен шыққан Шаңғытбаев дейтін ақын барын білетін. Салып-ұрып сол ағаның үйіне барды, жәутеңкөзденіп. Жерлестің аты – жерлес. Ағайынның аты – ағайын. Бірақ біле-білгенге, ақынмен ақынның табысуы ағайындықтан да артық тағдыр сыйы. Жас Сағидың жырларын оқыған Қуандық аға балаша қуанды. Жас ақынды Ізтай Мәмбетовке тапсырды. Жас дарынның дара болашағын болжаған Ізтай ақын оны «Қазақ әдебиетіне» қызметке алды. Өстіп жүріп жас ақын өзінің «Қарлығаш» атты алғашқы жыр жинағын шығарды. Тұңғыштың аты – тұңғыш. Сол кітап қолына тиген күнді жас Сағи өзінің ақын болып өмірге келген күніндей көрді. Бейне бақ құсы қолына келіп қонғандай. Жүрегі елеуреп, қолтығына қанат бітті. Құлдырап ұшқысы келеді, табаны жерге тимей. Әдеби ортада да елеусіз қалмады. Әдебиетке Сағи ақынның келгенін алып Әуезовке дейін байқады. «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзияға керек осы шыншылдық» деп, төгілді ұлы жазушы. Алыптың батасы жас ақын жолын айқара ашты. Жыр болып жаңбырлады. Жыл сайын дерлік жаңа жинағы шықты. Лириканың асу бермес биіктерінен көрінді. Ең қызығы, жас ақынның жыр арқауы алып та, әдемі Алматы емес, сонау алыста қалған көзге қораш алақандай ауылы болды. Сол ауылда қалған балалық шағы болды. Ананың жылы алақаны, жерошақтың таба наны. Далиған даласы. Мөлдіреген аспаны. Бозторғайдың дастаны. Сағиды ақын еткен сол туған жер мен елге деген сарқылмас сағыныш еді. Әсіресе аузын ашса жүрегі көрінетін ауыл халқы. Көзін тырнап ашқалы ұшы-қиырсыз далаға үйренген назары мына бас қаланың қаумалаған тас қабырғаларына қамалып тұншыққандай. Одан да қиыны, жан-жағына қараса, төңірегі мүлдем тарихтың басқа төлі. Түрі қазақ, тілі орыс жастар. Өгейдің күйін кешкен қазақтың тілі, діні, дәстүрі. Мұнда, тіпті жасы үлкендердің әңгімелеріне дейін бөлек. Мына бес күндік жалғанның он күндік талас-тартысы төңірегінде. Баяғы ауыл ақсақалдары әріден қозғайтын ғасырдан ғасыр ауысып ұрпақтан-ұрпаққа жеткен имани әңгімелер жоқ. Осыны көріп жаны ашиды Сағидың. Ауыл қарттарын аңсайды. Сол қарттар әңгіме айтса, сонау «Қисса сул әнбиеден» таратып әулие тақырыптар жырланар еді! Сол шалдар көнеліктерді хаттауды білмесе де, жаттауды білген екен ғой. Естігендерін Құрандай жаттап, тұмардай сақтаған екен ғой. Кеудесі толы кітапхана екен ғой сол қарттардың. Қазақты қазақ қалпында сақтаған солар екен ғой.
«Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде, тау мүсін,
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым аман-саумысың?
Өздерің болса жанында,
Ел іші жомарт еңселі.
Дән исі жүрген қанында,
Даламның бір-бір бөлшегі.
Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп.
Айта алмай ауыз толтырып,
«Ассалаумағалаейкум» деп.
Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің көзбен баққаным.
Жайлы жер іздеп кетті деп,
Жазғыра көрме қарттарым.
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң даламда,
Әулие қарттар жүргесін.
Сағынтып әлі жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның исі бұрқырап.
Қарттарым аман-сау жүрші».
Осы бір жыр жолдарын дарқан дарын Досхан Жолжақсынов әнге айналдырды. Оны естімеген қазақ кемде-кем болар.
Бұрын баспасөзде Сағи ақынның сөзімен кездессек, 1971 жылы Сағи ағаның «Жазушы» баспасында оның өзімен кездестік. Университетті бітіріп, жәутеңкөзденіп қолжазбамызды қолтыққа қысып, баспа табалдырығын аттадық. Бір бастықтың есігін имене ашсақ, іште Сағи Жиенбаев отыр екен. Жасқаншақтап кірер-кірмесімді білмей, табалдырықта іркіле бердік.
– Кір! Кір! – деген Сағи ағаның жұмсақ үні қолтығымыздан демеді. Қолжазба алып келгенімді айттым. Жазбамызға үңіле беріп, түсі жылып қоя берді. Жұмсақ жымиды. Біз бір жақсылықты сезе қойдық.
– Атыңа қанықпын, айналайын! Келесі жылдың жоспарына кіреді қолжазбаң! – деді әй-шай жоқ, табан астынан шешім қабылдап. Мен өз құлағыма өзім сенбей аңқиып тұрып қалыппын.
– Алаңдама! Кітабың шығады! – деді.
Баспа табалдырығын аттаған күні мұндай қамқорлық көремін деп кім ойлаған? Сағи ағамен Қайрат Жұмағалиев екеуі, сөйтіп, «Ойсыл-Қара» атты бір жапырақ тұңғышымызды келер жылы қолымызға ұстатты. Сол кітап қолға тиген күні бізде де ұшарға қанат болмады. Жазушы болып туған күніміздей болды сол күн. Ал Сағи ақын туған ағамыздай болып кетті.
1982 жылдың жазы. Қызыл қырғын тұсында Байғаниннен ауған ауылымыздың құлазыған жұртында тұрмыз. Оймауыттан алыс емес ұшы-қиырсыз ұлан дала төсінде төртбұрышты бұлтиған бір оқшау төбе бар. Аты – Хантөрткіл. Сол төбенің құлар шығыс жағынан көздің жасындай мөлдіреп бұлақ ағады. Сол бұлақтың басы қалың ескі қорым.Сол қорымда атамыз Елубайдың сүйегі жатыр.
Хантөрткіл төбенің басында Асанқайғы заманында хандар кеңес құрады екен. Хантөрткіл атануы содан екен. Бұл төбенің басынан дүниенің төртбұрышы түгел көрінеді. Сағи ақын туған Оймауыт жақтан өрген түйелер көрінеді, әне, құла даланың көркіндей болып. Мына жағыңда жер құртындай жыбырлап қаптап жайылған ақбөкен. Төбеңде – көк аспан. Біз осы сәт, осы әлемге Сағи ақынның көзімен қарап тұрмыз. Және ақын әлемін жан-тәнімізбен сезіп тұрмыз. Ақын әлемін түсіну үшін оның туған жерін көру керек екен. Мынандай далада дүниеге келіп, мынандай тап-таза кеңдікте құлдыраңдап балалық шағы өткен адамның жаны нөсерлеп ақжаңбыр жырлар төкпеуі мүмкін емес екен. Туған жердің осындай күміс кәусарын жұтқан жанның мөлдір, таза болмауы мүмкін емес екен. Соны түсініп тұрмыз. Осындай кеңдікте өскен өрім жастың даладай дарқан болмауы мүмкін емес екен. Соны түсініп тұрмыз. Сағи ақын үні осы Ұлы дала үні екен. Сағи ақын Ұлы дала ұлы екен. Аузынан түсіп қалғандай. Соны түсініп тұрмыз. Ұлы дала тұрғанша ел есінде Сағи ақын да тұратынын түсініп тұрмыз.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы