• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 30 Сәуір, 2024

Ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ұтылмайды

116 рет
көрсетілді

Өтіп жатқан өмірдің сабағы мен тосын сыны аз емес. «Уақыт бәрін де алып кетеді: жылдар тізбегі адамның есімін де, сыртқы пішінін де, мінез-құлқы мен тағдырын да өзгертеді» деген даналық бар. Ата-бабаларымыз арман қылған, тау тұлғаларымыз іс-әрекетімен көрсеткен көптен күткен Тәуелсіздік орнағалы да отыз жылдан асып барады. Осы кезеңнің жақсылығы мен жамандығын өлшей алдық па?

Дәл осы сауалдың жауаптары кейінгі үш жылда ұлт ұясы Ұлытауда, киелі Түркістанда, аңыз Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ашық айтыла бас­тады. Алғашқы екі құрылтайда ел мен жер жайы, елдің дамуы мен келешегі туралы маңызды бастамалар көтерілді. Еліміз егемендігін алған жылдары да мұндай мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ. «Алдымен экономика, одан кейін идеология» деген уақыт та өте шықты. Байлықты қуамыз деп жүргенде «өзгелерді байытып», өзіміздің арамызға бай мен кедей деген жік түсірдік. Мұны ХХ ғасырдың жегі құртына айналған жағымпаздар мен жемқорлар сәтті пайдаланды.

Кеңестік дәуірде есесі кеткен халық өшкенін тірілтіп, тәуелсіздік үшін күрестің тұлғалық шежіресін жасай бастаған еді. Бәрі де ретімен келе жатқан. Содан әрбір ру батырлары мен би-шешен, ақындарын шығаруды дәстүрге айналдырды. Бұрын белгісіз болып келген батырлардың бейіттері күмбезге айналып, ғажайып ескерткіштер бой көтерді. Алашқа айтулы тұлғалар: Абылай, Кенесары, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Батыр Баян, Шақшақ Жәнібек, т.б. аңыз, абыз азаматтар жайына қалып, әрбір ру өз көсемдерін шығаруға қызу кірісті. Тарихты білетіндер төмен қарап, «көріпкел, шалағай шежірешілер» бөркін аспанға атты. Жеті атаны білу– ата-бабадан қалған аманат. Ал оны саясатқа айналдыру – үлкен қателік. Руларды болыстарға бөліп, жүзге жіктеу арқылы бір-біріне айдап салудың насихаты желдей ескен жылдар өткен. Кеңес дәуірі алдымен алашшыл азаматтарды аттырып, бай-кедейге жіктеу арқылы қуғын-сүргінге ұшыратты. Танымал тұлғалардың көбі елден кетіп тынды, қалғандары жер аударылды. Оларды енді ауызға алмайтын қылып алғаннан соң, кеңес үкіметін құруға атсалысқандарды «халық жаулары» деп айыптап, ату жазасына кесіп, итжеккенге айдады.

Тәуелсіз ел атанған тұста «алашшыл айтулы тұлғалар» ақталғанда, кеңес дәуірінің сойылын соққандар ретінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс, т.б. қара бояудың астында қалды. Араша түскендер тәуелсіздікті түсінбейтіндер тұрғысынан бағаланды. Бұның бәрі елді біріктірмей, жік туғызудың кеңестен қалған дәстүрі еді. Басқа халықтарда жершілдік жіктеліс болса, түркі халықтарында ұлттық, рулық, жүздік бөліністер бірлік, ынтымақ, тәуелсіздік ұғымдарына іріткі салудың әдіс-тәсілі еді. Өткен өмірдегі қателік, кемшіліктерді айтудың қисыны болады. Әділетсіз айтылған сын ел арасына жік туғызып, алшақтата беретіні біз ашқан жаңалық емес. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды», деп санаға өзгерістің керектігін қадап айтты.

Бұл сөз, ең алдымен, зиялы қауымға арналған. Елдің мақтанышы, ел ағалары араларында бір-біріне құрмет, ауызбіршілік болмаса, жас буын кімнен үлгі-өнеге алмақ. Әйгілі Шыңғыс хан туралы дау-дамай тағы да ру мәселесіне тірелді. Жер атауы, аудан, көше атауларына бабамның атын беріңдер дейтін өтініштердің көбейгені де рас. Кезінде облыстық ономастика комиссиясы құрамында болғанда оған көзім анық жеткен. Күре жолдар мен оған жақын төбелердің бәрінде түрлі, еңселі ескерткіштер тұрғаны мәлім. Шетелдіктер айтқандай, «Ескерткіштер елі» екенімізді мойындайық. Осыны ел тәуелсіздігі мен Отанға деген сүйіспеншілікпен байланыстыратындар бар. Өзін ұлтшыл ретінде мадақтайтындар да кездеседі. Ал аудан орталықтарында болмаса, ауыл, округтерден мұражайлар таппайсың. Атақты адамдар шыққан ауылдарға жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мұражайлар, клубтар болғаны дұрыс. Осындай мәселені аудан әкімдігіне ұсыныс ретінде бірнеше айтып, ешқандай жауап алмағанымыз еске түседі.

Тәуелсіздік, отаншылдық, ұлтжандылық ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақта «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген нақыл бар. Өзіңді тану, отбасыңды білу, ел мен жеріңді құрметтеуден Отанға деген сүйіспеншілікке апаратын даңғыл басталады. Осы қасиеттер ел тағдырына араласуға, тәуелсіздігіңді сақтауға жолбасшы болмақ. Мемлекет басшысының «Ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет», деп оған дәлел ретінде қарымды қаламгер, қажырлы мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты ерекшелей айтуы орынды. Дәл сондай тау тұлғалар өмір көшінен қалып, кейбіреулері ортамызда жүргені белгілі. Олардың ақыл-кеңесі, жұртына айтар уәжін тыңдаудың әдіс-тәсілдерін меңгеру қажет.

2016 жылы Жапон еліне барып, университет, колледж, мектептерінде, кітапхана­ларын­да болып, қала мәдениеті­­мен танысқан едік. Бұл елде жарыса көшелерге ат беру жоқ. Теміржол, автожолдарында біз­дегі жағдайлар ұшыраспай­ды. Кітапханаларында Қазақстан жазушылары, ғалымдары­ның еңбектері де талапқа сай жинақталған. Тазалық жағынан бұл елге жету қиын. Шетелге барып, тәжірибе алмасудан өтетіндер көп. Олардың көргені мен білгенін кім тыңдап жатыр. Ол елдің зейнеткерлерге, ғалымдарға, өнер адамдары және т.б. арналған бағдарлама­лары бар. Біз ел болу жолында тәлім-тәрбие мәселесін үнемі кеңесіп, дұрысы мен бұрысын саралап отыру алға жылжудың кепілі екенін әрдайым есте ұстағанымыз жөн.

Мемлекет басшысы «Ұлттың келбетін айқындайтын негіз­гі құндылықтар» ретіндегі тәуел­сіздік және отаншылдық, бір­лік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық жөніндегі түйінді тұжырымдары ұлттық идеологияның басты қағидалары ретінде қабылдануы керек. Оны жүзеге асыру санадағы өзгерістерге және білім мен тәрбиеге байланысты. Білім мен тәлім-тәрбие отбасынан басталып, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында жалғасады. Осы салада жүргеннен кейін көзбен көріп, көңілге келген келеңсіз жайларды айтуды парызымыз деп білеміз.

Жап-жас бала білім алған­ның орнына оның басына дінді тықпалау және еркелік пен жаман әдеттерді сіңіруден аулақ ұстау – ата-ананың міндеті. Түнімен кино көріп, телефондағы сұмдықтарды тамашалайтын бала қандай тәрбие алмақ? Кәме­леттік жасқа толмаған баланы дін жолына бұрып, өзімен жас­ты балалар арасында бет-аузын бүркеп жіберу баланың намысын таптау екендігі анық.

Президент Құрылтайдың үшінші отырысында кітапхана, кітап оқуға қатысты біршама мәселені орынды көтерді. Бүгін біздің ұлттың көпшілігі кітап оқымайды. Өйткені бізде той көп, ой жоқ. Жыл сайын еліміздің әртүрлі аймағынан талапкерлер келіп, жоғары оқу орындарының студенттері атанады. Мектеп­тегі бағдарлама бойынша өткен классикалық шығармаларды сол студенттердің тең жартысы оқымай келгенінің куәсіміз. Неге екенін сұрасаң, олар мектепте көбіне Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалумен болып, уақыттары жетпегендігімен түсіндіреді. Өйткені мектептің деңгейі бітірушілердің оқуға түсуімен есептеледі. Жаттанды оқудың жарға жығатынының бір дәлелі осы.

Кітап оқымаған адамның тіл байлығы, ой-өрісі, сауаты кем болады. Қарағанды қаласында мектеп бітіріп, жоғары оқу орны­ның студенті атанған талапкер­дің мектеп бағдарламасын­дағы «Қарағанды» туралы бір емес, үш классикалық романды оқы­мағанына қайран қала­сың. Мұндай олқылық барлық аймақ­та да кездеседі. Бұл жағдайда жас­тарға «туған жерге туыңды тік, қорғаушысы, қамқоршысы бола ғой» деудің қисынын келтіруге қыруар күш керек.

Жастар өнер-білім, ғылымға ұмтылады. Бұл – қалыпты, ізгі әрекет. Ел егемендігін алғаннан бастап бір қауым жастарымыз шетелдің білім берудегі же­тістіктері жоғары уни­вер­ситеттеріне оқуға жібе­рілді. Мемлекеттен қыруар қаражат бөлінді. Солар оқыса елімізді көтереді дедік. Бітіріп келгендерді мемлекеттік қызметке араластырып, министрге дейін өсірді. Олардың кейбірі аз ғана уақыт­та жемқор, қылмыскер болып шыға келді. Іріктеу дұрыс болмағандығы анықталды. Жақ­сы оқығандар шетелде қалып қой­ды. Оның себептері айтпай-ақ түсінікті.

Айтар кем-кетік жеткілікті. Отыз жылдан астам уақыттың шежіресі бізге жетістіктен гөрі кемшілікті көбейткендей көрінеді. Өмірдің өтіп жатқан сабақтары мен сындарынан қорытынды жасап, мақсат-мұраттарымызды ақиқатқа айналдырар кез келді.

Ұлттық құрылтай мінбері маңызды міндеттер жүктейді. Алқалы жиындағы Мемлекет басшысының сөзі салмақты шықты. Әділеттілік, адалдық, адамгершілік ұғымдары арқылы елдің өткені мен бүгінін, алдағы келешегін терең түсіндіріп, саралап бере алды. Білім мен ғылым, мәдениет, заң мен тәртіп, ауыл мен қала сынды салаларға жа­уапты адамдар көтерілген бастамаларды ізгі істермен жалғастырып, тиянақтауы керек. Мемлекет басшысының мақсат-мұраты, таңдаған бағыты адам деген атқа лайық адал еңбек етіп, толағай табысымыз шындықты шырқата айтып тұрса дейтінді дәйектейді. Әділетті Қазақстанның ақ жолы да осы.

 

Берік РАХЫМОВ,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы