EXPO халықаралық көрме орталығында төрт ауқымды іс-шара өтті: IV Ondeu EXPO өңдеу өнеркәсібі, V Kazakhstan Machinery Fair машина жасау және металл өңдеу, XIII Su Arnasy – Water Expo су индустриясының және III Chem Tech Kazakhstan химия өнеркәсібі бойынша халықаралық мамандандырылған көрмесі мен конференциясы. Көрмеге 18 мемлекеттен 250-ден аса компания жиналды.
«Биыл келушілер ұсынған өнім көлемі былтырғыға қарағанда ауқымды. Көршілес және өзге мемлекеттерден келген компаниялар әдеттегідей машина жасау мен металл өңдеу, су индустриясы мен химия өнеркәсібі саласындағы жаңа әрі заманауи технологияларын ұсынды. Сондай-ақ металл өңдеу, дәнекерлеу жабдықтары мен материалдары, аддитивті технологиялар, өнеркәсіптік 3D басып шығару және роботтехника да бар. Әсіресе Қытай, Ресей, Германия елінен әкелген өнімдерді көптеп көруге болады», дейді жоба менеджері Нұржан Төремұратов.
Көрмеге қатысушылардың бірі – «Force Machinery» ЖШС. Аймақтық директор Мырзабек Жолдыбаевтың айтуынша, компанияның нарыққа шыққанына 12 жыл толған.
«Өзбекстан мен Қырғызстанға да өнім жібереміз. Компания көбіне-көп медицина және басқа да өндірісте қолданатын оттегі және азот генераторы, яғни кәдімгі ауадан оттегіге айналдыру құрылғысын дайындайды. Сондай-ақ қосалқы жабдықтар да шығады. Қазір елдегі ауруханалардың барлығында оттегі стансалары бар, бірақ ұқыпты пайдаланбайды. Дұрысы, оны қолдануды, күтіп-ұстау керектігін түсінбейді. Фильтр немесе басқа да сұйықтықтарын ауыстырып отыру керек. Әйтпесе ол аппарат таза оттегі бөлмейді. Біз бұған да қызмет көрсетеміз. Серіктестіктің Алматыда екі, Шымкентте бір филиалы бар. Алда Астана қаласында бір бөлімше ашу жоспарланып отыр», дейді «Force Machinery» ЖШС аймақтық директоры.
Елдегі су желілеріне ең қажетті өнімді шығаратын компаниялардың бірі, Қарағанды қаласынан келген «Kaspy Group» серіктестігі де көрмеде өз тауарларын көрсетті.
«Еуропалық стандартқа сай, диаметрі 125-тен 1 000-ға дейінгі құбырларды өндіреміз. Өнімнің негізгі құрамы – полипропилен. Тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттағы ауызсу немесе кәріз су жүйелеріне арналған бірден-бір өнім десек артық айтпаспыз. Жер астында сақталуға шыдамды, тозу деңгейі 60-70 жылға дейін жететін өнімдер ТМД елдеріне де экспортталады», дейді компания директоры Асхат Жайлаубек.
Жоғарыда айтқандай, төрт маңызды көрменің бірі – Kazakhstan Machinery Fair. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы машина жасау және металл өңдеу саласындағы басты көрменің бірі. Бұған дәстүрлі түрде жаңа жабдықтарды өндірушілер мен машина жасау саласындағы жетекші компания өкілдері келді. Сонымен қатар олар металл өңдеу мен пісіруге арналған жабдықтар мен материалдарын, өнеркәсіптік 3D-басып шығару мен роботтехникасын және машина жасау және металл өңдеу саласындағы ең жаңа технологияны ұсынады.
Ал Su Arnasy – Water Expo көрмесінде отандық және халықаралық компаниялар суды тазарту мен жабдықтауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты инновациялық технологиялар мен өнімдерін көрсетті. Шарада салаға қатысты кәсіпорын басшылары, инженерлер мен технологтер, шағын және орта бизнестің, мемлекеттік органдардың өкілдері және салалық қауымдастықтар қатысып, су тапшылығы мен үнемдеуге қатысты өзара пікір алмасты.
Химия өнеркәсібіне, сондай-ақ осы салаға байланысты технологиялар мен жабдықтарға арналған Chem Tech Kazakhstan халықаралық көрмесінде де оны дамытуға байланысты инновациялық технологиялар ұсынылды. Мұнда да салаға қатысты мамандар мен кәсіпкерлер диалог орнатып, химия өнеркәсібінің технологиялары бойынша мәселелерді ортаға салды.