• RUB:
    4.88
  • USD:
    441.8
  • EUR:
    480.02
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Мамыр, 2024

«Жанұяның» жанашыры

53 рет
көрсетілді

Қостанайдағы «Шарқ» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігі жиырма жыл бойы отбасылық үлгідегі «Жанұя» балалар үйін қанатының астына алып, ата-ана қамқорлығынан қағылған балғындарға үзбей қолдау көрсетіп келеді. Бірлестіктің жетекшісі Эргашвой Холметовке кәдімгідей бауыр басып қалған «Жанұяның» балалары да ол кісіні көргенде «Ата келді!» деп алдынан жүгіріп шығып жамырай қуанысып қарсы алады.

«Жанұя» балалар үйінде бүгін­де 7 тәрбиешінің қарауында 3 жас пен 18 жас аралығындағы 45 бала тұрып жатыр. Олардың төртеуі кол­леджде оқып жүр. Олардың ара­сында спорт, өнер саласында жақсы жетістіктерге жетіп, жоға­ры нәтижде көрсетіп жүрген талантты жастар да бар.

«Эргашвой Эрматович баста­ған этнобірлестік өкілдері бізге жиі келіп, демеушілік көмек көр­сетіп тұрады. Мысалы, өткен жолы көп­теген азық-түлік, жеміс-жидек, көкөністер әкеп беріп кетті. Ол кісінің бір келгені балалар үшін үлкен мереке, бәрі қуанысып, мәз болып қалады. Тәуелсіздік күні қарсаңында да арнайы келіп, балалармен әңгімелесіп, жағдайымызды сұрап, тәжік-өзбек ұлтының атынан сәлем-сауқатын беріп кетті. Үнемі жанына біраз адамдарды ертіп келіп, осында дастарқан жайып, шығыс тағамдарының мерекесін жасап кетеді. Ташкенттен келген хош иісті қауын-қарбыз, жемістерден де жыл сайын біздің балалар бірін­ші болып дәм татады», дейді бала­лар үйінің басшысы Айнаш Жақанова.

«Шарқ» сөзінің қазақша баламасы шығыс дегенді білдіреді. Аталған ұлттық орталық жылда қала орталығында ұйымдастырып тұратын дәстүрлі тәжік-өзбек мә­дениетінің думанды күндері де шырайлы шығыстың бүтіндей бір шаһарын көшіріп әкелгендей өте әсерлі өтеді. Мұндайда мереке алаңына өзбек, тәжік халық­та­ры­ның дәмі тіл үйіретін дәстүрлі тағамдарынан мол дастарқан жайылып, айналаны сазды музыка мен керней әуені кернеп кетеді. Қала тұрғындары көздің жа­уын алатын неше түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалап, әйгілі Қожа Насыр мен Баба Диханды қызық көріп, бірге фотосуретке түсіп шаттанысып жатады.

«Тәжік-өзбек этномәдени орта­­лы­ғына төрағалық еткен жиыр­ма бір жылдың ішінде осы өңір­­­де көптеген игі жұмысты атқар­дық. 2006 жылдан бері қарай Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының мүше­сімін. Біздің Достық үйін­де 18 мәдени орталық бар. Бір-бірімізбен өте жақсы, тату тұра­мыз. «Жанұя» балалар үйін қам­қор­лыққа алғанымызға биыл 21 жыл болады. «Жетім көр­сең, жебей жүр» деген дана сөз бар емес пе, осы игі іске үне­мі әр жердегі кәсіпкерлерді демеушілікке тартып, балаларға қуаныш сыйлап отыруды дәстүрге ай­нал­дыр­дық. Бұл істе бізге үлкен қол­дау көрсетіп жатқан Абукахор Сафаров, Фатох Восиев сияқты жігіттеріміз Тәжікстанға жиі барып тұрады. Ол жақтан ұлттық қолөнер туындыларын, ұлттық музыка аспаптарын, одан өзге де қызықты жәдігерлер ала келеді. Осы өңірге белгілі агроөнеркәсіп саласының өкілі, қазақтың ұны мен сұйық майын экспорттап жатқан «МельАгропром» серік­тес­тігінің құрылтайшысы, ірі кәсіпкер бауырымыз Талиб Санақұлов, «Костанайские зори» хореографиялық ансамблінің бишісі Тахир Шерметов сынды аза­маттар қайырымдылық шараларына демеушілік жасап, біз­дің бастамаларымызды үнемі қолдап отырады. Қазақ халқында «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді ғой, бәріміз бір жағадан бас көтеріп, қандай міндет болса да бірігіп атқарып жатырмыз. Мысалы, елді әбігерге салған су тасқынына да тәжік-өзбек болып бас қосып, Арқалыққа он шақты жігітті қол көмекке жібердік. Өткенде Шымкенттен екі жүк көлігі гуманитарлық көмек алып келіп еді, бүгін Өзбекстаннан гуманитарлық көмек жетті. Оны жаңа ғана Қостанайдағы гуманитарлық көмек тарату пунктіне түсірдік. Енді бәріміздің мақсатымыз бір ғой. Бірлігіміз ажырамасын, соғыс деген пәле ешқашан төбемізден төнбесін. Осы елдің ынтымағы ыдырамасын», дейді Эргашвой аға.

Жаздың жаймашуақ күн­де­рінің бірінде «Шарқ» ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өтетін әрі қостанайлықтар үшін дәстүрге айналып кеткен мере­ке­нің бірі – «Қауын-қарбыз күні» фестивалі. Фестиваль барысында қауын-қарбыз көрмесі ашылып, қауын-қарбыз жеуден және қарбыз дәнін теруден көңілді жарыстар басталады. Эргашвой ағаның айтуынша, қауын-қарбыз күні Өзбекстанда жыл сайын аталып өтіп тұрады. Мұндай мереке аясында өтетін қызықты сайыстарға ересектермен қатар, балабақша жасындағы  бүлдіршіндер де қатысып, түрлі сыйлықтар ұтып алып қуанысып жатады.

«Жалпы, Эргашвой Эрма­то­вич бізде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кісі ғой. Ол кісіні осы Ассамблеяның айналасына топтасқан түрлі ұлттық бірлестіктердің ақсақалы десек те болады. Осы өңірде өтіп жат­қан түрлі мәдени-бұқа­ралық, қайырымдылық іс-ша­ра­ларына жан сала атсалысып, үнемі шапқылап жүреді. Об­лыс­тағы екі бірдей балалар үйі­не жиі барып, жыл бойы қа­йы­рымдылық іс-шараларын өт­кізіп тұрады. Мұның сыртында, су тасқыны кезінде Эргашвой ағамыздың арқасында еліміздің оңтүстік өңірлерінен көптеген гума­нитарлық көмек қабылдап алып, халыққа таратып бердік», дейді Достық үйінің басшысы Наталья Рамазанова.

 

Қостанай облысы