Таяуда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Кейінгі 3 жылда Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етіпті. Олар жабық қорлардан 688 мыңнан аса іс пен 48 мыңға жуық есепке алу карточкасын тауып, Президент архивіне өткізген екен. Жалпы саны 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» деген белгі алынып тасталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыстар жүргізілген. Мемлекеттік комиссия әзірлеген осы материалдар қазіргі таңда 72 томға жүк болып отырғаны хабарланды. Бұл – нағыз баға жетпес құнды тарих. Әрі қарай оны жалғастырып зерттеу, талдау мәселесі – уақыт еншісінде.
Кемел тарих – көркем келешектің бастауы. Бүгінгі таңда өткеннің олқылығын толтыруға ынта да, ізденіс те ерекше. Соның бір дәлелі – әрине, атаулы комиссия атқарған жұмыс. Бұдан бөлек те сан тараулы қызу жұмыстар жүріп, толағай табыстарға қол жеткізіліп жатыр. Тарихтың көлеңкелі тұстары ашылып, қайнар-қоры молығып келеді. Ұлтымызды рухани серпіліске жетелейтін Қазақстанның академиялық тарихы жазылып жатыр. Осы жұмыстар елімізге не береді? Өскелең ұрпаққа қандай өнеге көрсетпек? Тарихты қалай оқытқан дұрыс?
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгергенін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғаның мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді», деген сөзі оқырманның есінде болар. Тарих – өткен күн, озған заманның шежіре-баяны ғана емес, уақыт заңдылығын ұғындырушы. Демек тарих ұқтырған тәліммен жүргенде ғана айсыз түнде адаспайсың. Ғалам бұзылмас заңдылықтардан тұрады. Әлмисақтан бері уақыт өсін айналып келе жатқан тіршілік қағидасы өзгермейді. Ол арнасынан сәл ауытқыса болды, дүниенің шайқалып кетері сөзсіз. Ал адамның асыл мұраты өткеннің тәлімін алғанда ғана орындалмақ. Мың жерден ақылман болсаң да, ата тарих үшін баласың. Мына жұмыр жердің бетінде талай данышпан өткен. Олардың бәрі де дүние сырын аңғармаққа талпынған. Бірінің иығына бірі шығып, жеткен биігін келесі ұрпақ жалғап, өмір сырын іздеген.
Тарих ұлтты тәрбиелейді. Өткен ғасырдың басында Алаш арыстары тарихты түгендеуге ерекше көңіл бөлді. Ауыз әдебиетінің бай мұрасынан тартып, тарихи деректерді түгел жинауға тырысты. Отарлық саясаттың қамытын киген соң, бұл еңбектер тасада қалды. Жабық ұстады. Халықтан алшақтатуға, тіпті ұмыттыруға тырысты. Себебі белгілі еді. Өзінің ерлікке толы тарихымен танысқан елдің рухы асқақтайды. Бұл отарлаушыға керек емес. Керісінше, «Сендерде тарих болған емес, жарылқаушыларың да, адам еткен де – Кеңес өкіметі. Тарихтарың да, әдебиет пен мәдениеттерің де осыдан басталады» деген идеологияны санаға сіңіруге тырысты. Әрине, бұл ертегіге есті адам сенбес. Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» атты еңбегінде осы қиын кезең туралы керемет дәйек келтіреді. Атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов тергеуде отырғанда, тергеуге қатысып отырған бір тарихшы «Осы, сендер қазақтар, неменеге кеуделеріңе нан пісіп, неменеге кергисіңдер? Бір-ақ беттік тарихтарың бар, неменеге кісімсисіңдер?», депті. Сонда Ермұқан ағамыз жымиып тұрып, «Қондыгердің сол жалғыз-ақ беттік тарихына бүкіл әлем сыйып кетті емес пе?!», деп жауап беріпті. Бұл – жалаң мақтан емес, ақиқаты сол.
Осылайша, өткеннен ұлағат қалды. Мәңгі ескірмес заңдылықтар мирас болып бүгінге жетті. Енді соны жүрек көзімен ұғынбақ керек. Бабаларымыз салған қасқа жол – келешекке көпір болады. Жүректің ашық көзімен қарасақ тарихымыз тағылымға толы. Бір ұлттың болмыс-бітімін, рухани құндылығын, бар жақсы ғадетін қалыптастыратын – тарих. Тарихтың кірсіз айнасына қараған адам – болашақтың кедергісіз жолына көз жеткізе алады. Тарих тағылымына қарап бой түзеген ұлттың еңсесі биік болары анық.
Академиялық тарихымыз жазылып жатыр дейміз. Ол өткеннің баянын іздеген қауымның ғана қолына жетеді. Ал қарапайым халықтың тарихқа деген көзқарасы, түсінігі, сенімі қалай қалыптасады? Біздің бала күнімізде тарихты әуелі ақсақалдардың аузынан естіп қанығатынбыз. Содан кейін жыр-дастандарымыз бен тарихи кітаптардан оқитынбыз. Әрине, ол кеңес заманы болды. Тарихи кітаптардың көбі бұрмаланғаны да – шындық. Десе де үлкендер санамызға тарихқа деген оң көзқарас пен дұрыс тағылым қалыптастырып кетті. Ал бүгінгі интернет-технологиялар дәуірі адам баласына өзгеше жол нұсқады. Мәдени-тарихи құндылықтардың бәсі кеміді. Смартфонға тәуелділік басталды. Адам бойындағы сезімін, эмоциясын сөзбен емес, стикерлермен жеткізе бастады. Адам психологиясы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Технологияның, ақпарат алмасудың жылдамдығы адамның рухани өгейсуіне әкеліп соқты.
Қоғамның ең басты дерті – бойкүйездік. Бұл, әсіресе, мәдени-рухани құндылықтарға келгенде көбірек байқалады. Оған көп дәлел келтіруге болады. Мысалы, осыдан елу жыл бұрын кітап десе, жұрт ішер асын жерге қоятын. Бір жақсы кітапты қолға түсіру үшін бәрін істеуге бейіл еді. «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдар мен кітаптар қиырдағы шопанның белбеуінен, қырмандағы диқанның қойнынан табылатын. Кітаптар оқыла-оқыла шеті мүжіліп, алақанда тозушы еді. Ал ауылға кино келгеннен артық мейрам болмайтын. Ауыл ақсақалдарының айналасына алқа қотан жиналып алып жыр-дастан, ертегі, ерлікке толы әңгімелер тыңдаудан артық бақыт бар ма, сірә? Бір қызықты әңгіменің өзін қаншама уақыт жыр қылып айтудан жалықпайтынбыз. Соның бәрі бала көкірекке рухани нәр болып шымырлап құйыла беретін. Бойымызды ыстық сезім кернеп, сол кейіпкерлердей батыр, ақылман болғымыз келетін. Сондағы ауылдың әрбір қоңыр кеші мен әңгімесі бала санасын, болмыс-бітімін қалыптастырыпты. Ал бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі қалай болып жатыр? Оны өзіңіз жақсы білесіз. Бала енді көктеп келе жатқан күнбағыс сияқты. Ата-ана – шуағын шашатын нұрлы күн. Өкінішке қарай, сол шуақтан мейірі қанып сіміре алмай жүр. Ата-ананың балаға қарайтын уақыты жоқ. Күйбең тірлік. Бесіктен белі, аузынан ана сүті кеппей жатып, бақшаға, дәлірек өзгенің тәрбиесіне көшеді. Желкілдеп өсіп келе жатқан күнбағысыңның қалай тамыр жайып, қалай қауашақ ашқанын сезбей де қаласың. Бала тәрбиесі – ұлт келешегі. Мыңжылдық халық тағылымы оны асқақ биікке жеткізген. Ал заманның келбеті, шоқтай қызған тіршіліктің қиюы осы болса не шара? Әрине, бұл – тығырық та, түйіні тарқатылмас жұмбақ та емес, адам санасы салғырттық пен бойкүйездіктен арылса, оңға басар іс.
Ендігі жазылар тарих пен әдебиет те, мемлекеттің саясаты да әуелі бала тәрбиесін өзек етіп, соған қарай бейімделуі керек. «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге», дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Біздің замандастарымызды кітап тәрбиеледі. Тәуелсіздіктің елең-алаңында мемлекетіміз аяғынан тұрып, ес жинап алғанша әртүрлі қиындық болды. Экономикамыз жыл өткен сайын артып, халықтың әлеуеті жақсарып келеді. Балаларға да керемет мүмкіндіктер мен кең өріс, жарқын болашақ жасалып келеді. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан осы еңбектердің барлығы ұлттың ертеңі үшін.
Ендеше, қазіргі жазылып жатқан том-том тарихымызды халыққа қалай жеткізе аламыз? Адам бойында нараулық, енжарлық пайда болды. Қалың кітаптарды көз майын тауысып оқығысы келмейді. Әлеуметтік желідегі әртүрлі ақпаратты ғана оқу, сондағы айтылғанның бәрін ақиқат деп қабылдау белең алып барады. Азаматтардың тарихи санасын әлеуметтік желі қалыптастырып жатыр. Оның дәлелді-дәлесіз дерек екенімен есептесіп жатқан жоқ. Бұл – кеңес заманындағы жалған тарих оқығанмен, бірдей қауіпті жайт. Адам шын тарихты кітаптан іздемейінше, қоғамның ол туралы ой-танымы ешқашан өзгермейді.
Тарихты оқыту мен зерттеу адамдарға танымын кеңейтуге, тарихи тәжірибе жинауға және рухани әлемін байытуға көмектеседі. Бүгінгі қоғам халықтың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға ерекше мән беріп отыр. Санаға сіңген өткен уақыттың тоңын жібіту оңай бодауды қажет етпейтіні түсінікті. Бұған ұзақ та жүйелі жұмыс керек. Тарихи сана деп тарихи таным негізінде конденсацияланған адамдардың эмпирикалық психологиясын, ойлауын, тұжырымдамаларын және психикалық күйлерін айтамыз. Ұлттың ұйысуына, мемлекеттің гүлденуіне тарихи сананың тигізер әсері өте зор. Тарихтың шынайы академиялық тиімділігі мен әлеуметтік әсері тарихи сананың қалыптасуы мен жаңғыруына ықпал етеді.
Бізге мектеп қабырғасынан бастап әлемдегі өзге елдердің тарихты оқытудағы тәжірибесін қолдану керек (Оның негізі ата-ана тәрбиесімен қалыптасады). Тарихтың ең жақсы ұстаз әрі болашаққа жол нұсқаушы екенін халық жүрегімен ұғына білгенде ғана ой-санадағы жаңғыру болады. Сондықтан тарихты зерделеу ел үшін де, жеке тұлға үшін де өте маңызды рөл атқаратыны анық. Тарих ауа сияқты. Ол өміріміздің әр сәтіне күн сияқты шуағын төгіп, түсіп тұрады. Мемлекетіміздің өткеннің ақтаңдағын толтыру жолында жүзеге асырып жатқан ауқымды шараларының маңыздылығы да осында. Зерттелген, зерделенген, ақиқатына көз жеткізген тарихты енді халық арасында сіңіре білсек, таңғажайып нәтижелерге жетеміз.
Тарихтың берер өнегесі қандай? Осы жерде АҚШ-тың мемлекет және әскери қайраткері Дуайт Дэвид Эйзенхауэр туралы бір әңгіме еске түседі. Эйзенхауэр елу жасқа келгенше қарапайым полковник қана болған. Елу ердің жасы дейміз. Көбіне адамдар бұл жасқа жеткеннен кейін өмірдің басқаша ағыны болатынына үміттене бермейді. Алайда елу жасқа келдім, жетілдім, жеттім демеген полковник Эйзенхауэр бос уақытында көп жыл бойы Бірінші дүниежүзілік соғыстың тарихын үнсіз зерттей береді. Кейінірек, Екінші дүниежүзілік соғыс келгенде, ол алған білімін соғысқа қолданды. Осылайша, Эйзенхауэр әскердегі ең қажетті, барлық мәселеге жауап таба білетін талантқа айналды. Осыдан бастап бағы жанған, жолы ашылған Эйзенхауэр АҚШ-тағы ең танымал бес жұлдызды генералдардың біріне айналады. Эйзенхауэрдің жетістігі кездейсоқтық па? Әрине, олай емес. Егер ол соғыс тарихын байыпты зерттемегенде, өмірінің соңына дейін адмиралдың орнына белгісіз полковник болуы мүмкін еді. Тарих – бұл қалыптасқан шындық, ал шындық – жетіліп келе жатқан тарих. Өз тарихы туралы сана-сезімі жоқ ұлт – ұмытшақ ұлт. Әрине, қадым заман тарихын түгел қотарып шығуға адам ғұмыры жетпес. Бірақ әркім өзі қызыққан белгілі бір кезеңнің қыр-сырына тереңірек үңіліп зерттесе, одан алған өнеге биік жетістіктерге жеткізері анық.
Қазіргі таңда мемлекетімізде идеология жоқ деген жаңсақ пікірлерді де кейде құлағымыз шалып қалады. Бұл – негізсіз айтылған сөз. Қазақ елі үшін жалғыз идеология бар, ол – Тәуелсіздік. Әрбір адам мен қоғам өзі көксеген ақиқатқа, әділетке қол жеткізгісі келеді. Біреудің қас-қабағына қарап отырған елде қайдағы әділет болсын. Әділетке қол жеткізудің бір ғана жолы – Тәуелсіз ел болу. Мемлекеттің атқарып жатқан әр жұмысы қадірлі Тәуелсіздігіміздің іргесін бекемдеу, идеологиямызды мығымдау үшін. Осыны әрбір азамат терең сезініп, белсене атсалыса білсе, байрағымыз биік болары хақ. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қажет уақытта құрылды. Бұл – Қазақстан халқының тарихи санасы жаңғырған жаңа дәуір. Осы бағытта істелген қыруар жұмыс жалғасын тауып, жан-жақты терең зерттеліп, ұрпақ қажетіне жараса – барлық мақсаттың орындалғаны.
Бауыры суық, баурайы көркем қара жер адам баласын әлмисақтан бері әлпештеп келеді. Кеудесінен қақпай, маңдайынан сипады. Жетілдірді, жеткізді, жеңімпаз етті. Мынау дарқан даланың төсіне жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетіпті. Бағзыда өткен бір өмірлер құмға құйған су сияқты. Ізім-қайым жоқ болған. Тіршілік бедері белгісіз қаншама тағдыр желдей есіп, бұлттай көшіп өтті де кетті. Бізге өткен тауарих не үшін керек? Тарихсыз болашақ жасала ма? Дүниеге келген адам баласының барлығы да өзіміз секілді болды. Маңдайына жазылған ырыздық-несібені теріп жеп, хал-қадірінше жарық жалғанның қызығын көрді, шыжығын татты. Кесімді күні жеткенде «бұрынғылар түскен жүрі жолға» бет бұрды. Иә, бір кездері олар да біздей болған еді, күндердің күнінде біз де солар сияқты боламыз, бізден кейінгі толқын да ізімізді қуады. Бұл – тасқа жазылған, жүрекке хатталған Ұлы даланың кемеңгер философиясы.
Бізден бұрын өткен сол мұғжизалардың барлығын да тарих жасады. Артында аз ба, көп пе белгі қалды. Оны уақыт деген жебір, жемір «тажал» жалмап тауысты ма? Жоқ саф қалпында ғасырдан-ғасырға көшіп келе ме? Оның біз үшін қандай маңызы бар? Тағылымы не? Тарих өткеннің сұлбасын тірілту үшін ғана емес, болашақтың жолын айқындау үшін керек. «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады» деген Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның ғажап сөзі бар. Бұдан артық кесімді сөз, кесек ой болар ма? Тарих болмыс-бітіміңді сақтап, өзіңді жоғалтып алмай өмір сүру үшін ауадай қажет. Тарихымыз болмаса, бәріміз ешкім емеспіз, тек уақыттың бір түйір тозаңына айналып қаларымыз хақ.
Адал, иманы кәміл, уақыттың алдына түспейтін тарихшы – халықтың ғұмырын ұзартушы. Әсіресе тарихы қағазға қатталып-шотталмаған біздің еліміз үшін тарихшының нарқы биік. Мысықтабандап өткеннің ақтаңдағын толтырып жатырмыз. Кеткен есемізді, көрген жәбірімізді ұмытып, тарихтың шын сөзін тыңдар заман келді. Бұл да болса айналайын азаттықтың шарапаты. Осы қымбат та қадірлі күн алдымыздан атпағанда, көреріміз бен татарымыз не болар еді деп әрдайым тәубе қыламын. Тәуелсіздікке тағзым етемін. Еркіндіктің арқасында алдымызда қара құлып салынып, міз бақпай тұратын темір қақпалар ашылды. Оның бір дәлелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында көрініс тапты. Өткеннің тағылымды тарихын түгендей келіп, Мемлекет басшысы: «Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа», деп атап көрсетті. Міне, осылайша сан ғасыр бойы кеткен есеміз, кетілген тұяғымыз бүтінделіп келеді.
Бұл – тарихи Алаш арыстарының жолы. Олардың арманын орындау ұлтымыз үшін парыз болмақ. Міржақып Дулатұлы: «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасалмақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ», дейді. 1904 жылы жарық көрген мақаласында. Жаңа біз мысалға келтірген Алаш көсемінің сөзімен үндес, рухтас. Арада 120 жыл өтсе де, бүгін үшін ең бір көкейкесті түйткілді көтеріп тұр. Бұл даналық қазақ бар жерде қай заманда болсын ескірмесі анық. Ендігі мақсатымыздың бірі – тарихымызды түгендеп, әдебиетімізді асқар биікке шығару. Сонда ғана Тәуелсіздіктің түсер жолы, басар қадамы баянды болады.
Бүгінгі ел осы ақ жолдан, ізгі дәстүрден айнымай келеді. Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны құруының көкейкесті себебі де осы еді. Тарихтың олқылығы бүтінделіп, ақиқаттың ашық аспаны тұрар болса, болашақ бірте-бірте өзі-ақ жасалады. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған комиссияның атқарған жұмысы Қазақстан тарихы үшін маңызы өте зор. Оның себебі – көтерген тақырыпта, орындалған жұмыста. Комиссия өз жұмысын аяқтағанша, үш жылдан астам уақыт бойы қажымай-талмай еңбек етіп, архивтің шаңын жұтып, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарын қамтитын тарихтың көптеген көлеңкелі тұсын ашты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін жүйелі жұмыс жүргізді. Оны баянды ету үшін арнайы Орталық құрылды, кешенді жоспары жасалды.
Өз кезегімде мен де аталған комиссияның төрағасы болдым. Осындай жауапты жұмысты қолға алған комиссия, біріншіден, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Екіншіден, жұмысты үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына белгілі ғалымдар, танымал зерттеушілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Тарихқа аса ұқыптылықпен, биік жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың еселі еңбегін, жемісті жұмысын көрдім. Зерттеп тапқан, қол жеткізген материалдар мен тарихи құжаттарды іріктеп-сұрыптап, бірге талдап, талқыға салдық. Нақты тақырыптарға, кезеңдерге бөліп қарастырдық. Уақыттың терең қойнауында қалған құнды тарихымыз бірте-бірте жарқырап көріне бастады.
Комиссия төрағасы ретінде дайындаған жазбаларымды бір ізге салып, жеке кітап етіп шығаруды құп көрдім. Бұл – менің тарих алдындағы перзенттік жауапкершілігім. Аз уақыттың ішінде қол жеткізген ұлан-ғайыр дүниеде қазақтың өткені, қилы тағдыры жатыр. Мемлекеттік және ведомстволық архивтен табылған халқымызға қатысты әрбір құжат жүректі елжіретеді. Қазақ деген жансебіл жұрттың маңдайына жазылған тағдыр-талайына күйінесің. Санаңда жатталып, айнымастай болып көрінген ақиқаттар көз алдыңда өзгергенде, аң-таң боласың. Қандай жүйенің, нендей сұмдықтың қол астында кіріптар болғаның есіңе түседі.
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген Абай атамыздың тағылымын бойтұмар қылар мезгіл жетті. Осы мақаланы жазып отырғанда, есіме Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Тарихпен тілдесу» атты өлеңі оралды.
«Менің бабам қақтаған қыр аптабы,
Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы..».
Ақын айтқандай, ұлт тарихын жүйелі, том-том етіп жазу – бүгінгі буынның асыл міндеті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның атқарған жұмысы осы бағыттағы қомақты істің бірегейі деп білемін.
Қырымбек Көшербаев,
мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы