Өнімді өндіру бар да, ішкі тұтыныстан артылғанын өткізу бар. Бұл – нарық талабы. Өткізу үшін экономикалық жағынан қолайлы, қарым-қатынас тұрғысынан жайлы жол-көлік қатынасының болуы тиіс. Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан индустриялық даму ырғағының бір тетігі осында жатыр десек, мұнайлы әрі теңіз жағалауында орналасуының өзі көлік дәлізі болу мүмкіндігін арттырған Маңғыстау өңірінде бұл мәселелер қарқынды қолға алынған.
Еліміздің Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев Маңғыстау өлкесіне сапарында өңірдің индустриялық және көлік-логистикалық даму аясында жасалып жатқан және жоспарланған жұмыстар барысымен танысып, бірқатар кәсіпорындарды аралады және олардағы қазіргі таңдағы тыныс-тіршілікке тәнті болып, еңбек өнімділігі мен жұмысшылардың оңды хал-ахуалына көз жеткізді.
Министр Маңғыстауға сапарын Ақтау халықаралық теңіз-сауда портынан бастап, бұл аймақта жүріп жатқан портты солтүстік бағытқа қарай кеңейту жұмыстары барысымен танысты. Қазақстандағы жалғыз теңіз порты ретінде сауда-саттық, тасымал және қатынас бағытында біраз жауапкершілікті арқалаған және келешекте көрсетер қызметінің көкжиегі кеңейе түседі деп күтілетін Ақтау теңіз порты Қазақстанды теңіз жолы арқылы халықаралық жүк тасымалына қатыстырады. Суы қатпайтын теңіз жағасында жыл он екі ай тәулік құрғатпай қызмет ететін портта қуаты жылына 10,4 млн. тонналық төрт мұнай құю айлақтары, жылдық қуаты 1,5 млн. тонна құрайтын үш әмбебап құрғақ жүк терминалы мен 25 мың тонна астық сақтау қоймасы бар 600 мың тонналық қуаттағы астық терминалы, сондай-ақ, жылына 1 млн. тонна жүк өткізе алатын мүмкіндікке ие паром кешені бар. Порттың әлеуетін арттыру мақсатында оны солтүстік бағытта кеңейту және теңіз түбін тереңдету жұмыстары жоспарланған десек, министр Ә.Исекешев теңіз жағасында қазіргі таңда қарқынды жүріп жатқан жұмыстарды көрді.
Мердігер «Найза-Құрылыс» компаниясының бас директоры Қ.Уватаевтың айтуынша, аталған кеңейту жұмыстары нәтижесінде қазіргі порт көлемі солтүстік бағытқа қарай тағы 22 га жерге ұлғаймақ. 60 мың тонна көлемінде астық сақтайтын алты қойма, аумағы 77 мың шаршы метр шамасында контейнерлік алаң мен кемелер келіп тоқтайтын үш айлақ іске қосылған соң порттың жүк тасымалдау қуаты екі есе, ал астық тасымалдау қуаты 3 есе артатын болады. Құны 38 млрд. теңге құрайтын жобаны жүзеге асыру үшін еңбек алаңында қазір 390 адам жұмыс істеуде, қыстың шыңылтыр аязына қарамай тоқтаусыз жұмыс көрігін қыздырған олар құрылысты биыл шілде айында бітіріп, тапсыруды межелеп отыр.
Еліміздің Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев құрылыс алаңында кеңейту жұмыстарының жүрісімен бірге, жобаның негізгі көрсеткіштері, жоба кестесі, Маңғыстау облысының көлік-логистикалық даму мүмкіндігі туралы тыңдады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жүзеге асыруда көліктік-логистикалық тізбекті дамытуға кіріскен Маңғыстау облысында Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын кеңейтумен бірге, Құрық паромдық кешені мен ондағы «Боржақты – Ерсай» теміржол құрылысы қолға алынды. Сондай-ақ, «Жезқазған – Бейнеу» және «Өзен – Болашақ» шекаралық теміржол желісінің ашылуы өңірде жүк тасымалының көлемін арттырған, яғни қазақстандық порт арқылы тасымалданған жүк көлемі биыл өткен жылғыдан 2 пайызға артып, 10,3 млн. тоннаға жеткен. Ал теміржол арқылы жүк тасымалдау да былтырғыдан 10 пайыз артық көрсеткішке ие.
Өзіндік артықшылықтары, жеңілдіктері бар арнайы экономикалық аймақтардың кәсіпкерлікті қолға алып, ел тұтынуына қажетті өнім өндіремін дегеннің табыс аймағы деп саналатыны белгілі. Маңғыстау облысындағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инфрақұрылымдық қамтылумен бірге, қатарына түрлі жаңа нысандарды тартып, жаңа кәсіпорындардың тұсауын кесу барысында оң істерді жолға қойып келеді. 2000 га жерге созылып жатқан аталған аймақ 7 арнайы бөліктерге, яғни субаймақтарға бөлінген. Осы бөліктердің әзірге 20,8 пайызы инфрақұрылымдалған. Аймақта қазір Сингапур, Испания, Оңтүстік Корея, Франция, Норвегия, Италия және Әзербайжан секілді шетелдер инвесторлары 12 жобаға қатысуда. «Ақтау теңіз порты» АЭА-да министр Ә.Исекешев Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында жуырда ғана ашылған «КИС-Ақтау» ЖШС кәсіпорнында болды. Темір-бетон өнімдерін өндіріп, жаңа технология негізінде дайындалған тұрғын үй құрылысына қажетті құрылыс бұйымдарын дайындаумен айналысатын жаңа кәсіпорынның ашылуы құрылысы көп, әсіресе, тұрғын үй сұранысы жоғары өңірде аталған мәселелердің шешімін табуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Ә.Исекешев Маңғыстаудағы айтулы кәсіпорындардың бірі, Қазақстандағы сұйық және газ түріндегі мүсәтір, әлсіз азот қышқылы және мүсәтір селитрасын өндіретін бірден-бір кәсіпорын – «ҚазАзот» ЖШС-іне барып, мемлекеттік индустрияландыру картасы қатысушысы ретінде жаңғырту және қайта құрылымдаудан өткен зауыттың жұмысымен танысты. Бұдан екі жыл бұрын жүргізілген жаңғыртудан соң мүсәтір селитрасын жаңа технология бойынша өндіруді енгізген, нәтижесінде қуаты 50 пайызға ұлғайған зауытта 250 мың тонна мүсәтір, 450 мың тонна шамасында азоттық тыңайтқыш өндірілген. Құны 5 610 млн. теңге құрайтын жоба жүзеге асырылған күннен бастап мұнда жұмыс жасаушылар саны 30 адамға артқан. Зауыттың химиялық өнімдері мен минералды тыңайтқыштары, яғни мүсәтір және мүсәтір селитрасы өнімдері тау-кен саласындағы технологиялық үдерістерде және агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қолданылады. Әлемдік нарықта минералды тыңайтқыш өндіруден бәсекеге қабілетті және өз өнімдерін экспорттаушы ретінде танылған «ҚазАзот» ЖШС өнімдерін Ресей, Украина, Қырғызстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Литва елдеріне шығарып келеді.
– Өңірде жаңа теміржол желілерінің ашылуы зауыт тынысын ашып, көкжиегін кеңейте түсті. Өнімді экспорттау көлемі артты. Енді Түрікменстан арқылы Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Парсы шығанағына жету үшін келіссөздер жасалуда, – дейді зауыт басшысының орынбасары М.Бакиров.
Ә.Исекешев «ҚазАзот» ЖШС-інде жергілікті кәсіпорын басшыларымен кездесті. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Әміржанов үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы, «Ақтау теңіз порты» АЭА-ны және туристік кластерді дамыту, 2015-2019 жылдарға межеленген міндеттер мен тапсырмалар туралы айтып, министрге өңірдің өндірістік компанияларын қолдауға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Маңғыстау өңірі индустрияландыру үдерісіне өз үлесін қосумен қатар, өз мүмкіндігін де көрсетуде. Өңір 2010-2014 жылдары Индустрияландыру картасына құны 272 млрд. теңге құрап, 3,8 мың адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 40 жоба енгізген болса, оның екеуі республикалық, қалғаны аймақтық деңгейде. 2014 жылдың 11 айында өңірде іске қосылған кәсіпорындар 73 млрд.-тан астам теңгенің өнімін өндірген. Ал алдағы бесжылдыққа Маңғыстау облысының ұсынысы құны 1,8 трлн. теңгені құрайтын және 16 мың адамға жұмыс орнын ұсынатын 77 инвестициялық жоба болып отыр. Оның ішінде Индустрияландыру картасына 58 жоба жатса, оның 23-і республикалық, 35-і аймақтық Индустрияландыру картасына ұсынылған.
Әлеуметтік ахуал мен экономикалық дамудың ырғағынан жаңылмау үшін Маңғыстау облысында қолға алынған жұмыстар жалғасын табуда.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
Суретті түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ.