Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы,
генерал-лейтенант Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВПЕН әңгіме
– Руслан Фатихұлы, алдымен Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихына тоқталып өтсеңіз. – Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді әрдайым басты назарда ұстап келеді. Тіпті, еліміздің осы күнгі жемісті жолының бастауы болып саналатын «Қазақстан-2030» Стратегиясында Мемлекет басшысы: «Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Егер біз өз мемлекеттілігімізден айырылып, егемендігіміздің негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ», – деп атап өткен болатын. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң елімізде алғашқы күш құрылымы органы ретінде Ішкі әскерді құрғаны біз үшін мақтаныш және мемлекет тарапынан көрсетілген айрықша сенім деп білемін. Міне, біздің жауынгерлік тарихымыз да дәл сол 1992 жылғы 10 қаңтардан бастау алады. Сол кезден бастап Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден қорғау жолындағы жауапты қызметіміз тек қана құқықтық шеңберде іске асып келеді. Еліміздің құқық қорғау органдары жүйесіне кіретін кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан жеке құрамы өздері жүріп өткен 23 жыл ішінде заман талаптарына сай толық, жан-жақты қалыптасып болды деп айтуға әбден негіз бар. Өткенсіз бүгін жоқ. Әскердің қалыптасуы жайлы сөз қозғай отырып, несін жасырайық, халқымызға қуаныш сыйлаған тәуелсіздікті иеленген кезімізде өтпелі кезеңнің уақытша қиыншылықтарының құрсауында қалғанымыз әлі есте. Экономикамыз қарыштап алға дамыған бүгінгідей берекелі кезеңде сондай жағдайлар болып еді десеңіз, бүгінгі жастар оған сенбейтін де шығар. Басқаны айтпағанның өзінде алғы шептегі әскери бөлімшелерде электр жарықтарының бірде болып, бірде болмаған да кездерін бастан өткіздік. Елге адал қызмет етіп, Отан қорғауды ең қастерлі қызмет санаған азаматтарымыз мұндай жағдайларға шыдамдылық пен төзімділік танытты. Олардың күнделікті қызметтік іс-әрекеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық ғимараттар бұзылмастан сол қалпында сақталды. Техникалар мен қару-жарақтар да талан-таражға түскен жоқ. Ең бастысы, сарбаздарымыздың басы аман, бауыры бүтін болды. Мемлекет тарапынан бізге ең алдымен талайы тағдырдың еншісіне сай бұрынғы Кеңес Одағынан қалған Өскемен, Курчатов және Степногор қалаларындағы стратегиялық аса маңызды нысандарды күзету тапсырылды. Бұдан өзге көптеген түзеу мекемелері мен ел үшін маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Бұл міндеттерді де біз абыройлы атқара білдік. Сол кезде еліміздің әр түпкіріндегі әскери бөлімдерде кәсіби мамандықтарын тереңнен игерген әскери қызметшілер көптеп қызмет атқарды. Одақ ыдыраған бойда, олардың басым көпшілігі өздерінің тарихи отанына қарай атбасын бұрды. Тіпті, ешкім күтпеген осы өткір мәселелерді де оңынан шеше білдік. Жоғары білімді запастағы офицерлерді шақырып, ішкі әскер саласына мамандандырып, білімін жетілдірдік. Олардың барлығы дерлік бүгіндері Ұлттық ұланның сапында абыройлы қызмет атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір кісідей атсалысуда. Петропавл қаласындағы Ішкі әскер жоғары әскери училищесін Ішкі әскердің Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери өмірмен байланыстырғысы келетін жастарымызды қабылдадық. Ел мен жердің бүтіндігін ойлаған әріптестерім сол кездегі қиыншылықтарға мойымай, мемлекетіміздің тәуелсіз ел атанғанына шынайы қуанғандарына талай рет куә болдым. Елбасының салиқалы саясаты арқасында Ішкі әскерді сан-салалы жағынан дамыту мен жетілдіруге айрықша көңіл бөлінді. Міне, осылайша сындарлы сәттерден сүрінбей өттік. – Өткен жылы еліміздің Ішкі әскерлері Ұлттық ұлан ретінде қайта құрылды. Бұл, сөз жоқ, мемлекет тарапынан жүктелген зор сенім екені анық. Осы өзгерістер Ұлттық ұланға қандай жаңа міндеттер жүктейді? – Өздеріңізге белгілі, 2014 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ішкі әскер Ұлттық ұлан болып құрылды. Жалпы алғанда, бұл әр ведомствоны заман талабына сай жасақтау, жетілдіру үшін жасалатын қалыпты реформалық қадамдардың бірі болып табылады. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды ғой. Өсу, өрлеу, өркендеу бар деген сияқты. Адамзатқа қауіп төндіретін лаңкестік, экстремизм мен сепаратизм сынды қатерлердің ел болып, жаһан болып күресетін, осы жолда бірігіп күш біріктіруді қажет ететін жағдайға жетіп отырғаны шындық. Әрі бұл қауіп-қатерлермен күресте жеңіп шығу үшін тек ұтқырлық, шеберлік, кәсіби біліктілік қана жасампаздық құрады, оған жайбасарлық, біліксіздік дегендер кереғар ұғымдар. Осыған орай, мемлекетіміздің тыныштығы, азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолында күш-қуат органдарының әлеуетін арттыру, оларды жаңадан жасақтау қалыпты және қажетті жағдай деп білемін. Сонымен қатар, Ұлттық ұлан деген атаулы құрылымдар әлемдік тәжірибеде көптеген шетелдерде де бар. Осы негіздерді есепке ала отырып, Ішкі әскердің заңды ізбасары ретінде Ұлттық ұлан дүниеге келді. Нәтижесінде ведомствоға жүктелген міндеттемелердің аясы да кеңейді. Ілгері уақыттары еліміздің құқық қорғау біртұтас жүйесіне кіретін Ішкі әскер құрамы мемлекеттегі құқықтық тәртіпті күзететін, стратегиялық маңызды нысандарды қорғайтын әскер күші ретінде қолданып келсе, соңғы өзгерістерге сәйкес төтенше жағдайлар кезінде де құтқару шараларын тікелей жүзеге асыратын құрылымға айналды. Тағы бір ерекшелігі Ұлттық ұланның сапында арнайы жасақталған бітімгерлік әскери бөлімше де бар. Бұл бөлімше Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің жедел әрекет етуші күштерінің құрамына кіреді. «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Заңға сәйкес біздің құрылымдық бөлімшелер тек елдің ішінде ғана жауынгерлік қызметті атқаруға міндеттелсе, енді Ұлттық ұлан ретінде бұл жағдай мүлдем өзгерді. Жоғарыда атап өткен бөлімше Қазақстан тарапынан халықаралық бітімгерлік міндеттемелерді атқаруға атсалысатын болады. Сондай-ақ, жаңа талаптардың аясында Ұлттық ұлан жауынгерлері қажет кезеңде Шекара қызметінің мемлекеттік шекараны күзету ісіне де көмектесетін болады. Міне, осыдан-ақ ұландықтарға артылған сенімнің айрықша зор екенін көре аламыз. Ұлттық ұлан жеке құрамы Елбасы мен ел сенімін абыроймен ақтай бермек. – Руслан Фатихұлы, бүгінгі қым-қуыт заманда жиі көрініс беріп отырған қауіп-қатерлердің алдын алу үшін жеке құрамның ұдайы кәсіби біліктілігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру қажет екені анық. Енді осыған тоқталсаңыз. – Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының салмақты да салиқалы саясатының арқасында ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірер қатерлердің республика аумағында пайда болуына айтарлықтай алғышарттар жоқ. Десек те, қазіргі заманғы барлық қауіп-қатерлердің адамзат баласына ортақ екендігіне ешкім таласа алмайды. Ол бір адамның немесе бір мемлекеттің ғана басына төніп тұрмағандығын әлем жұртшылығы мойындады. Мұндай мәселелерді қашанда тынымсыз ізденіс, күш біріктіру, бір мәмілеге келу арқылы шешуге болады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл жөнінде: «Біздің заманымыздың ерекшелігі терроризмге қарсы белсенді күрес болып отыр. Әлемде терроршылардың айуандық әрекеттерінен қорғалған, сірә, бірде-бір мемлекет жоқ. Онда ешбір кінәсіз бейбіт азаматтар қаза табуда. Терроризмге қарсы күресте біз үшін өңірлік және халықаралық күш-жігерлерді шоғырландыру аса маңызды», – деп бүкіл адамзат қоғамына қатер төндіріп отырған бүгінгі күннің өткір мәселесін барлық бейбітшілік сүйгіш елдермен бірлесе шешуі қажеттігін алға тартқан еді. Осы жағынан келгенде, еліміз Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттермен ынтымақтастықты арттырып, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында толғақты мәселелерге тереңірек мән беріп келеді. Елімізге нұқсан келтіретін кез келген қауіп-қатер түріне дайын болу, оған қарымды тойтарыс беру үшін Ұлттық ұланның басқару органының ықпалын көтеру, жеке құрамның техникалар мен қару-жарақтарды жетік меңгеруіне күш салу, сарбаздарды оқытып-тәрбиелеу, жауынгерлік дайындықты әрдайым биік деңгейде ұстау айрықша назарда екендігін атап өткім келеді. Өйткені, әскери мамандардың кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіру – жинақы да ұтқыр, білікті де білімді армия құрудың кепілі. Бұл еліміздің ұлттық мүдделерінің сенімді қорғалуына негіз болмақ. Өткен 2014 жылдың өзінде Ұлттық ұлан құрамалары есірткі, қару-жарақ трафигіне, лаңкестік ұйымдардың іс-әрекетіне қарсы тұру мақсатында еліміздің күш-қуат органдары, Қарулы Күштердің бөлімшелерімен, сондай-ақ, ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ шарттарының аясында көрші мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен бірлескен дайындық жаттығу операцияларына қатысты. Тарқатып айтсақ, олардың 100-ге жуығы командалық-штабтық, 40 шақтысы жедел-тактикалық, 200-ден астамы штабтық және 80-нен астамы тактикалық арнайы жаттығулар. Жалпы алғанда, осы күнге дейін біздің жауынгерлік бөлімшелердің банды құрамаларын жою бойынша да нақты арнайы міндеттерді атқару тәжірибемізде бар. Біздің бөлімшелер бұл міндеттерді зор кәсіби тұрғыда атқара білді, ең бастысы, қарулы қақтығыстарда адам шығынына жол берген жоқ. Осының нәтижесінде арнайы бөлімше қызметінің құрамы мемлекеттік наградаларға ұсынылып, марапаттарға ие болды. – Ел тыныштығын қамтамасыз ету де отансүйгіштік белгісі болып табылады емес пе? – Қазақ – жауынгер, намысшыл, елжанды халық. Ұлы Отан соғысы ұрыстарында Берлинге Жеңіс туын тікті. Кешегі Ауғанстан соғысында да Отан алдындағы борыштарын жанкештілікпен өтеді. Ұлттық ұланның 17 сарбазы тәжік-ауған шекарасында мемлекеттік міндеттерді атқару кезінде ерлікпен қаза тапты. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, жылдар өткен сайын мәртебесі өсіп, айбындана түседі. Аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет атқарып жүрген жауынгерлермен лайықты жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылдары Ұлттық ұланның сапында жауынгерлік міндеттерін атқаруда адалдық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, ержүректікпен танылған жауынгер Ербол Отарбаев, кіші сержанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров, қатардағы жауынгерлер Нұрасыл Мүбәраков пен Алтынбек Қабылбеков Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алған болатын. Міне, осының барлығы да Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі болып табылады. Бұл азаматтарды ерлік жасауға итермелеген бойларындағы терең патриоттық сезім. Ұлттық ұлан әскери-патриоттық іс-шараларға да үлкен назар аударуда. Өткен жылды «Патриотизм мен кәсібилік – үздік қызмет негізі» деген ұранмен өткіздік. 2014 жылы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бастамасымен жастарымыздың бойында отансүйгіштік сезімді мектеп қабырғасынан бастап оятуға арналған насихаттық шаралар 1 қыркүйек – Білім күнінен бастап қолға алынып, жер-жердегі орта білім ошақтарында осы күні тәрбиелік сабақтар өткізілгенін атап өткім келеді. Мұндай жұмыстар – патриоттық әндерге арналған гала-концерттер, флеш-мобтар, тағзым шаралары, тәрбиелік шаралар әскер қатарында ұдайы ұйымдастырылады. Алдағы уақытта да Елбасы тапсырмаларының аясында қызмет етіп, Қазақстанның озық елдер қатарына қосылуына өз үлесімізді қоса беретін боламыз. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».