Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысы мүгедектігі бар адамдарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалту мәселелеріне арналды. Іс-шара барысында сенаторлар мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірге аталған санаттағы азаматтарды қолдауға арналған ұсынымдар топтамасын әзірледі. Сондай-ақ оларды әрі қарай іске асыру мәселелерін талқылады.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіріп, Мемлекет басшысы әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең жағдай жасалатын инклюзивті қоғам қалыптастыруға баса мән беретінін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде бұл бағытта шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Мәселен, әлемдік тәжірибеде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алудың және олардың кәсіби біліктілігін арттырудың тиімді екені дәлелденген. Соған қарамастан отандық компаниялар мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін пайдалануға аса ынталы емес. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұған еңбек нарығының ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сұраныстарына бейімделмеуі себеп болуы мүмкін.
«Бәріне тең мүмкіндік берілетін инклюзивті қоғам қалыптастыру –Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының маңызды басымдықтарының бірі. Біріншіден, бұл – медициналық көмекке тең әрі әділ қолжетімділік, сапалы білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге арналған мүмкіндіктер. Бұл ретте әлеуметтік оңалтуды дамыту да маңызды. Әлеуметтік оңалтудың тиімді тетіктерінің бірі жұмыспен қамту екені анық. Алайда бүгінде еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтардың 36 пайызы ғана жұмыспен қамтылған», деді Сенат спикері.
Сонымен қатар, отырыста инклюзивті білім беру мәселесі де талқыланды. Бұл ретте тек физикалық тұрғыдағы кедергісіз орта қалыптастыру жеткіліксіз екені айтылды. Инклюзивті білім беру дегеніміз – икемді бағдарламалар, бейімделген техникалық және білім беру құралдары, сондай-ақ педагогтердің тиісті құзыреті. Алайда өңірлерде әлі де болса педагог және реабилитолог мамандар тапшы болып отыр.
Бұдан бөлек, Палата төрағасы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуда тек медициналық шеңбермен шектелуге болмайтынын айтты. Бұл маңызды әлеуметтік мәселе кешенді тәсілдер мен мүдделі тараптардың жүйелі іс-қимылын талап етеді.
«Жыл сайын білім беру саласында ерекше оқу қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Ұлттық зерттеулердің мәліметтеріне сүйенсек, педагогтердің 50 пайызы мұндай жұмыс форматына және әр балаға жеке оқу жоспарын әзірлеуге дайын емес. Сондықтан ерекше оқу қажеттілігі бар балалармен жұмыс істей алатын мұғалімдер мен тәрбиешілер даярлаудың заманауи үлгісін әзірлеу қажет. Яғни оңалтуды кешенді үдеріс ретінде дамыту аса маңызды. Осы бағытта Парламент Сенаты өз тарапынан тиісті бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға, қажетті заңдар әзірлеп, қабылдауға дайын», деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңес былтырғы қазан айында құрылды. Оның басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың қоғам өміріне, еңбекке белсенді араласуын қамтамасыз ету. Кеңес алаңында бұған дейін мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және инклюзивті орта құруда бизнестің рөлі, сондай-ақ қаржылық қызметтер мен инфрақұрылымға қолжетімділік мәселелері талқыланды.
Кеңестің бүгінгі отырысында депутаттармен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазин, БҰҰ-ның мүгедектік және оңалту жөніндегі халықаралық сарапшысы Оксана Владимирова, медицина ғылымдарының докторы Шолпан Бөлекбаева, «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының координаторы Айнұр Нұрхожаева, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының төрағасы Василий Шиманский тағы басқа мамандар сөз сөйлеп, қозғалған тақырыпқа қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Отырыс қорытындысында кеңесте айтылған ұсыныстарды зерделеп, арнайы ұсынымдар әзірлеп, оларды мемлекеттік органдарға жолдайды. Сондай-ақ депутаттық сауалдар арқылы да маңызды мәселелер бақылауда болады. Мұның бәрі ерекше қажеттілігі бар азаматтарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалтуға оң ықпалын тигізбек. Бұдан басқа, Сенат таяу жылдарға арналған республикалық бюджетті қараған кезде де оңалту мәселелерін назарда ұстайды.