• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2015

Ғылым мен өндіріс бизнестің талабына бейімделеді

278 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев пен аталған министрлік жанындағы Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаев елдегі ғылым мен жаңа инновацияларға қатысты бірқатар фактілерді журналистерге мәлім етті. Вице-министр ең алдымен ғылымды басқарудың жаңа жүйесі толығымен қалыптасқанын атап өтті. «2011 жылы «Ғылым туралы» заң қабылданғаннан кейін бізде ғылымды басқаруда жоғары ғылыми-техникалық комиссия құрылды. Соның негізінде ғы­лым­ның жаңа бағыттары мен басым­дықтары анықталды. Ұлттық ғы­лыми кеңестер құрылды. Биыл біз олардың құрамын жаңарттық. Комиссия құрамына бизнес және индустрияландыру саласындағы өкілдерді тарттық. Олардың ко­мис­сиядағы үлесі – 50%» – деді Т.Балықбаев. Оның себебін ғы­лым­ның бизнес пен индустрия талабына сай болуы керектігімен түсіндірді. Т.Балықбаев ғылымға бөлінетін қаржының 2010 жылмен салыстырғанда екі жарым есеге өскенін де алға тартты. Мысалы, 2010 жылы 20 миллиард бөлінсе, 2013 жылы 52,9 миллиард, ал өткен жылы 49 миллиард теңге бөлінген. Брифинг барысында тәжірибе­лік-конструкторлық ізденістерге бөлінетін қаржыны ұлғайту мәселесі де атап өтілді. Вице-ми­нистр­­дің айтуынша, әлемде бүгінгі таңда ғы­лымға бөлінетін қар­жының 40 па­йызы іргелі зерттеу мен қолдан­балы ғылымға бағытталып, қалғаны ары қарай іздестіру мен енгізу жұмыстарына жұмсалса, бізде іргелі зерттеу мен қолданбалы ғылымға 84 пайыз бөлінеді екен. Тек 16 пайызы ғана ізденіс жұмыстары мен тәжірибелік бағыттарға бағытталады. Осы мәсе­лені шешу барысында соңғы жыл­дары технологияны ком­мерция­ландыру жұмыстары жүріп, Дүние­жүзілік банкпен бірге үлкен жоба іске асырылуда екен. Жобаның негізгі мақсаты – қазақстандық ғалымдардың ғылыми нәтижелерін өндіріске енгізу. «Атап айтатын болсақ, соңғы жылдардың ішінде 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 33 жоба іске асты. Оның ішінде Қазақ ұлттық университеті Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері ор­та­лығының қызметкерлері жы­лына 200 тонна көлемде техникалық көміртек өндіретін өндірісті іске қосты. Ядролық физика инс­ти­туты қызметкерлерінің суды таза­лауға арналған мембраналық сүз­гіштері де ұзақ сериялы өнді­ріс­тің деңгейіне шықты. Ұлттық био­технология орталығы ғалым­дарының дайындаған тест жүйесі бүгінгі таңда Ұлттық ғылыми кар­дио­­хирургия орталығында және бас­қа да орталықтарда іске асып жатыр» – деді вице-министр. Жиында соңғы жылдары ғылым докторлары мен ғылым канди­даттары даярланбағандықтан, ғылыми-зерттеу институттары мен ғы­лыми орталықтардың ЖОО-лар­мен байланысы әлсіреуіне байланысты жаңа жобаның қанат қаққаны да мәлім етілді. Атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ал­матыдағы он ғылыми зерттеу инс­титуты арасында, сондай-ақ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен «ҚазАгроИнновация» компа­ниясы және Қазақ агротехникалық университеті мен «Парасат» хол­дин­гі арасында өткен жылы 100 PhD-докторы мен 350 магистрантты бірлесіп дайындау туралы келісім болған және министрлік тарапынан орын бөлінген. Сол биыл өз нәти­желерін бере бастауы тиіс. Білім және ғылым министрлігі жанындағы Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаевтың айтуынша, биылғы жылдың сәуір айында Ақмола облысының Ерей­мен­тау ауданындағы Сарыадыр кен орнында қоңыр көмірден отын және бензин өндіретін тәжі­рибелік-эксперименттік кешен құрылмақ. «Сарыадыр көмір кені­шінде қуаттылығы тәулігіне 0,8 тоннаны құрайтын тәжірибелік-эксперименттік кешен құрылады, осы ретте сұйық отынның құны 1 литріне 42 теңге болады» – деді Д.Егізбаев. Оның айтуынша, жобаны 2013 жылдан бері Көмір химиясы және технологиялар институты іске асы­руда. Әлеуетті инвестор да та­былған, егер жоба сәтті жүзеге асы­­рылса, зауыт құрылысы үшін 1 миллионға жуық доллар салуға инвестор дайын. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».