• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2015

Ассамблея жылы

1264 рет
көрсетілді

Отанымыз – ортақ үйіміз

Оны ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Ұлттық жоспардың алғашқы іс-шарасы бастау алды

Уппсала университетінде (Швеция, Уппсала қаласы) «Ішкі және мемлекетаралық деңгейлердегі этносаралық ынтымақтастық» тақырыбындағы үш күндік халықаралық конференция аяқталды.   Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің жанындағы Мемлекеттік басқару академия­сы Уппсала университетімен, Азшылық мәселелері жөніндегі Еуропа орталығымен бірлесіп дайын­да­лған конференцияның тең ұйымдас­ты­рушыларының бірі болып табылады. Бұл конференция Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1223 қаулысымен бекі­тілген Қазақстан халқы Ассамблеясының жы­лын және Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарын іске асырудағы алғашқы іс-шара болып саналады. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессорлары мен ғылыми қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері қатысып, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің әртүрлі қырлары туралы қызықты әңгіме өрбітті. Конференцияның ашылуында Қазақ­стан Республикасы Президентінің жа­нындағы Мемлекеттік басқару академия­сы Этносаралық және конфес­сияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі А.Сәдуақасова сөз сөйледі. Ол этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің қағидаттарына жан-жақты тоқталып, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жетістіктері мен ерекшеліктері туралы, Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемде баламасы жоқ бірегей институт ретінде этносаясатты іске асырудағы рөлі мен жетістіктері туралы айтты.  Баяндамашы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстан халқы Ассамблеясының моделін көпэтносты және көпконфессиялы қоғамды басқарудың тиімді моделі ретінде бағалайтындығын атап көрсетті. Біздің делегацияның конференцияға қатысу мақсаты – халықаралық ғылыми қауымдастық алдында этносаясат, этнос­аралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы қазақстандық тәжірибені, Қазақстанның бейбітшілік пен келісім саясатының қағидаттарын таныстыру болып табылады. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы негізгі рөл атқарады. Сондай-ақ, қазақстандық делегация елімізде өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесі бойынша ақпараттар ұсынды. Конференцияда спикер ретінде Ұлы­британия, АҚШ, Франция, Бельгия, Ресей, Австрия және т.б. елдердің жетекші сарапшылары мен көрнекті ғалымдары баян­дама жасады. Халықаралық конференция шеңберінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне арнал­ған арнайы панельдік сессия өткізілді.  Оның жұмысына қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі А.Сәдуақасова Қазақстан халқы Ассамблеясы мысалында мемлекет пен көпэтносты қоғам арасында сұхбат құрудың қазақстандық тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Білім және ғылым министрлігі  Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі М. Шайкемелев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Мемлекеттің саяси стратегиясы» кафедрасының профессоры Ж.Жүнісова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызметкері Д.Ахатова сөз сөйледі.   Сәулебек БІРЖАН.

Қолда барды бағалау керек

Осы елдің тұрғыны ретінде қазақ ұлтының бұрынғы тарихынан хабарым бар. Өзінің сан ғасырлық тарихында қазақтың талай теперішті бастан кешіргені белгілі. Оның ішінде өткен ғасырдағы жаппай тәркілеу, сұмдық аштық жылдары да, 1986 жылғы Алматы қаласындағы оқиға да бар. Соған қарамастан, қазақ халқы ғасырлар бойы азаттықты аңсады. Ақыры 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні асыл арманына қол жеткізді де. Қосымша айтарым, Ұлы Отан соғысы жылдарында бір елдің құрамында болған қазақ пен белорус, басқа да ұлттар нацизм сынды қанқұйлы ортақ жауға қарсы иін тіресе күресті. Сол үшін басқалармен бірге қазақтың да сан баласы жанын қиды. Біздер, белорустар, еліміздің бостандығы үшін күрескен барлық ұлт өкілдерінің, соның ішінде қазақтардың да ерлігін ұмытпаймыз. Менің пайымдауымша, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігінің берік кепілдігі. Осы 23 жыл ішіндегі еліміздегі атқарылған және жүзеге асырылып жатқан барлық жасампаз істердің бастауында Нұрсұлтан Әбішұлы тұр. Ол өзінің көрегендігі мен қайсарлығы, білімдарлығы мен парасатының күшімен елдің еңсесін көтерді, саяси және экономикалық тығырықтан шығарды. Қазіргідей күрделі кезеңде де Елбасының алар орны ерекше. Осындай дана Көшбасшыны сыйға тартқаны үшін қазақ ұлты да, бәріміз де өз тағдырымыз алдында қарыздармыз. Отанымыздағы ұлтаралық және дінаралық келісім мен татулықты қамтамасыз еткен мұндай көрнекті саяси қайраткер бүгінгі әлемде тым сирек. Тамаша тұлғаның келешекте адами-тарихи парызын абыроймен атқара беруіне тілектеспіз. Михаил БЕЛЯЕВ, «Грамада» белорус этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің мүшесі. Орал.  

Ынтымақ – біздің тілеуіміз

Оңтүстік Қа­зақ­стан облысында 3 млн.-ға жуық халық тұрса, оның ішінде 100-ден аса ұлттар мен ұлыс­тардың өкілі бар. Солардың бірі – корейлер. Біз қазақ халқына қарыз­дармыз. Біздің ата-бабаларымыз сталиндік репрессия кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, азап вагонына тиеліп, Қазақстанға келгенін ұмытқан жоқ. Қазақ халқына разы екендіктерін бізге де айтып отыратын. Біз осында отбасын құрдық, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Қазақстанның нұрлы келешегі үшін күш-жігерімізді аямақ емеспіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясаткер, дара тұлға ретінде халық сүйіспеншілігіне бөленіп, өмірлік мұратымен бәрімізге үлгі болып келеді. Мемлекет басшысының қашанда оңтүстікқазақстандықтарға деген ықылас-пейілі ерекше. Бұл ол кісінің өңірімізге жасаған әрбір сапарынан анық байқалады. Президент өткен жылдың күзінде, уақытының тығыздығына қарамастан, оңтүстікке келді. Шымкенттің көркіне көрік қосқан қос бірдей жаңа мәдени нысанның ашылу салтанатына қатысып, қуанышымызбен бөлісті. Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары және этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен пікір алмасты. Осы жолы Елбасымен кездесіп, әңгімелесу бақытына мен де ие болдым. Елбасы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында Қазақстанда әлемге үлгі боларлықтай қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың ерекше модулі қалыптасқан. Бірлігіміздің арқасында үлкен жетістіктерге жеттік деуге болады. Сондықтан осы жолы мүмкіндікті пайдаланып, Нұрсұлтан Әбішұлына еліміздегі бейбітшілік пен береке үшін шынайы ризашылығымды білдірдім. Еліміз бойынша алғаш болып Шымкентте әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылды. Әрине, бұл кездейсоқтық емес. Өйткені, бүгінде өңірімізде жүзден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бастысы, әрбір этностың тілін, ділін, салт-дәстүрін сақтау мен өркендетуге бар жағдай жасалып отыр. Аталған орталық облысымыздағы ұлтаралық ынтымақты нығайта түседі деп ойлаймыз. Біздің өміріміздің мәні – Қазақстан, өйткені, ол – біздің Отанымыз. Жаңа жыл бәрімізге құт-береке әкелсін!   Роза ПАК, №45 мектеп-гимназиясының директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.   Оңтүстік Қазақстан облысы.

Түсіністік – татулықтың тірегі

  Қазақстан Рес­­пуб­ли­ка­сы­­­ның Тәуел­сіз­дігін дүние­жү­зінде ең бірінші болып Түркия мемлекеті таныды. Бұл біз­дер, яғни тағдырдың жазуымен атамекенімізден ауып, қазақ жерінде тұрақтап қалған түріктер үшін зор қуаныш әрі мақтаныш. Себебі, түбіміз бір түркі халықтары екендігімізді сол бір ұрымтал сәтте мемлекеттер басшылары іс жүзінде дәлелдеп берді. Бүгінде Сүлеймен Демирел атындағы университетте қазақ-түрік балаларының тең білім алып, құлын-тайдай жарасып жүргенін көріп, ерекше қуанамын. Ішкі жан дүнием тебіреніп, толқитын да сәттерім болады. Ол заңды құбылыс шығар. Қазақтар бізді жатсынбады. Суықтан тоңсақ, жылы үйіне кіргізіп бір тілім нанын тең бөліп берді. Мұны қазақтардың дархандығы, бауырмалдығы, қамқорлығы деп санаумен шектелмей, балаларыма, туыстарыма үнемі айтып, арамыздағы татулықтың дәнекері болу дағдыға айналды. Қай жерде мешіт ашылса, алдымен барып, мұсылмандық парызымды өтеймін. Ең бастысы, Құдайдың жердегі үйі болып та саналатын үлкенді-кішілі мешіт құрылысы басталғанда ағайындарымның шама-шарқынша көмектесуіне мұрындық болу да қалыптасқан әдетім. Аллаға шүкір, Қазақстан халқы Ассамблеясы түрік этномәдени бірлестігін 20 жылдан бері басқарып келемін. Негізгі ұстанымым – татулықты сақтау. Тағы бір айта кетер жайт Жетісу жерінде 103 этнос өкілі тату-тәтті тұрамыз. Замандастарыммен сырласа қалсам, әркімнің тағдыры әрқилы. Бәрі де арып-ашып алыстан келгенде қазақтардың көрсеткен қамқорлығына риза. Сондықтан қазақтың «Қуанышты бөліссе көбейеді» деген жақсы сөзін тілге тиек ете отырып, Қазақстан Республикасының барша азаматын жақында ғана табалдырықтан аттаған жаңа жылмен құттықтаймын!   Шахисмаил Асиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы.   Алматы облысы.

Қабілет пен мүмкіндікке өріс кең

Менің түйсік қабыл­дауымда, Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің тірегі Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың халқы­мызға арнаған Жолдау­ларынан қуат алады. Мемлекеттің алдына ұлан-ғайыр әрі орындалуы күмәнсіз міндеттер қойылатын осынау құнды құжаттардың кез келгені елдегі тұрақтылық, халық достығы, көпұлтты қоғамның алаңсыз тіршілігі, ортақ болашақ идеяларын әспеттеуден басталатыны ғанибет. Биылғы Жолдауда: «Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі», деп атап көрсетілді. Ойға қалдырды, жігер тасытты. Өйткені, мұндай міндеттерді алға қою – адамзаттың арманы. Ең бастысы – ұлы мақсатымыз бар. Менің әкем Әли қазақ жеріне, өзімен мұңдас бауырларымен бірге 1944 жылдың 23 ақпанында күштеп қоныс аударылған екен. 1 Май колхозында қарапайым жұмысшы болды. Осында үйленіп, анамыз екеуі 12 бала тәрбиеледі. «Біз берік достықты, адал еңбекті бағалайтын елде өмір сүрудеміз. Осыны үнемі есте сақтаңдар. Қазіргі еңбектерің – жақсы оқу», – деп оты­ратын әкеміз. Әке аманатын орын­да­ғандаймыз, бәріміз жоғары білім алдық. Ел Тәуелсіздігінің куәсі болдық, оның тұғырлануына үлес қосуды мұрат санадық. Тәуелсіздік ел азаматтарының қабі­летін ұштап, қарымын танытуға мүм­кіндік жасады. Алдымен «Әли» деген дүкен аштық. Бірте-бірте қуаттанып, шаруашылық кооперативін ұйымдастырдық. Ынтымақты еңбектің, мемлекеттің тілектестік ниеті мен көмегінің арқасында қазақтың ақ бас сиырларын өсіретін «Балқашын» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС аты елімізге кеңінен мәлім болды. Інім Шәріп басқаратын шаруашылықта 2000 бас ірі қара күтімге алынып, экспортқа «мәрмәр ет» шығарылуда. Биылғы жылы табынымыз 580 бас канадалық жоғары өнімділіктегі «Ангус» тұқымды малмен толықты. Шетелдік сиырлардан төл алынып, Арқа жағдайына жерсініп үлгерілді. Тәулігіне 1300 грамнан салмақ қосатын төлдерді 21 айдан кейін 750-800 келі салмақпен аукциондық саудаға қосудамыз. Біздің компанияның қарауындағы «Сандықтау-Астық» ЖШС егіншілікпен қатар, өнімді көпсалалы өңдеумен айналысады. Мұндағы жұмысқа өзім жауаптымын. Серіктестік диірмені тәулігіне 70 тонна астықты өңдеп, 50 тонна сапалы ұн ақтайды. Өнімдеріміз республикамыздан тысқары жерлерге де экспортталуда. Қазіргі наубайханамыз тәулігіне 3000 бөлке нанды тұтынушыларға ұсынады. Енді өндірісті қуаттандыру мақсатымен, жаңа наубайхана салудамыз. Оған 48 миллион теңге инвестиция құйылды. Сондай-ақ, Атбасар қаласында 850 миллион теңгеге бағаланған жобамен элеватор құрылысына кірісіп отырмыз. Еңбектің өріс кеңейтетініне мысал ретінде інілерім Дога Әли­ұлы­ның «Жабай», Гиланидің «Агро­шанс» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тіктерін, тағы бір бауырым Юнади автосервис және техникалық бақылау стан­сасын ұстап отырғанын, ұлым Бислан экспорттық жұмыстарды үйлестіретінін, зайыбым Тоита Исақызы наубайхана ісімен айналысатынын айтуға болады. Ауданымыздың чешен-ингуш этносында 1500-ге жуық адам бар. Бірақ, біз кәсіпорындарымыз орналасқан ауылдар тұрғындарының шат-шадыман тұрмысына мүдделіміз. Ол жыл сайын әлеуметтік салаға 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінетіндігінен де көрінеді. Сөз соңында, еліміздің бас газеті арқылы барша отандастарымды енді ғана есік ашқан жаңа жылмен құттықтап, Мәңгілік Елге бірге жетейік!» деген тілегімді білдіргім келеді. Атлан ДОКАЕВ, серіктестіктер тобының құрылтайшысы. Ақмола облысы, Сандықтау ауданы. Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.