Жас талант кәсіпкерлерден қолдау күтеді
Семейде Нұркен Бектасов есімді бозбала бар. Дауысы саңқылдап, жігерлі сөйлеген Нұркенмен әңгімеміз бірден жарасып сала берді. Ол өзінің шығармашылыққа бейім екенін, жазу қолына ауырлық танытса да әлем халықтарының ертегілерін аударып, публицистикалық мақалалар жазатынын жеткізді. Тіпті, алғашқы туындылары республикалық, облыстық баспасөзде жарияланып та үлгеріпті. 24 жастағы бозбала – туабітті І топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі болса да, тағдырдың сынағына мойымаған жастың жалынды сөзі мен табанды әрекетіне сүйсіндік.
Халықтық фольклорға ден қойған оның «Бала піл ұяла бермейді» және «Батыл шаян» атты екі ертегісі биыл «Айгөлек» журналының мамыр айындағы санында жарық көріпті. Сондай-ақ, аталған журналдың қыркүйек айындағы санында «Білім бәрінен қымбат» атты татар халық ертегісі оқырмандарына жол тартты. Қазақ радиосының «Балапан» бағдарламасында «Анасының жүрегіне кіріп кеткен кішкентай көжектер» атты ертегісі оқылды.
Мамыр айында «Аяқталмай қалған жыр» атты көркем әңгімем республикалық көркем-әдеби «Тұмар» журналында жарық көрді. Осы әңгімемді бір бөлімді фильм ретінде түсіруге бел байладым. Бұл фильм жастарға сабақ болатын, ой салатын дүние деп ойлаймын. Бірақ қаржы жағы қолбайлау болып отыр, деді Нұркен. Республикалық және облыстық басылымдарда автор ретінде де оқырман назарына іліне бастаған Нұркен жаңа туындыларын «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Балдырған» журналдарына ұсынбақ.
– Шынын айтсам, мен ертегі тыңдап өскен емеспін. Ертегіге қызығушылығым былтыр оянды. «Қазақстан» ұлттық арнасының «Айтуға оңай» ток-шоуында қазақ ертегілерінің аз, тіпті, тапшы екендігі туралы мәселе көтерілді. Осы олқылықтың орнын толтыруға аз да болса үлес қосқым келіп, ертегілерді қазақ тіліне аудара бастадым. Ертегі таңдағанда ең бірінші тағылымдық тәрбиесіне назар аударамын, – дейді ол.
Әлем халықтарының ертегілерін қазақ оқырмандарына жеткізуге жұмыс істеп жүрген Нұркен аударманың жеңіл, көңілге қонымды, ұғынықты болуына ерекше көңіл бөледі. Оқылымды болуы үшін заманауи ертегілерді де сұрыптайды. Нұркен халық ертегісі немесе әлдебір автор жазған ертегі болса да, ең алдымен оның тәрбиелік мәні, психологиялық-эстетикалық маңызы болуы қажеттігін жеткізді.
– Мен әкесіз өстім. Анам Бақыт мені дүниеге әкелгеннен бастап, бар мейірімін төкті. Тіпті, менің жағдайыма қарау үшін жұмыс та істеген жоқ, – деді ол.
Нұркен бүгінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алуда. Ректор грантының иегері атанған ол 5-курста оқиды. Нұркен тиісті заңнама бойынша мүгедек арбасын алып тұрғанымен, кәмелет жасына толғаннан бастап әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізе алмай отырғанын жеткізді. Өзін күтіп отырған анасына да ешқандай көмек қарастырылмаған екен. Яғни І топ мүгедегі ретінде алатын 30 мың теңгеге жуық жәрдемақыдан басқа кіріс жоқ. Сондықтан тезірек оқу бітіріп жұмысқа орналасуды көздеп отыр. Жұмыс іздеу барысында қаладағы әлеуметтік орталықтардың барлығы Нұркенге дипломмен келу жөнінде кеңес берген екен. Сәтін салса, келер жылы қолға тиетін біліктілік құжаты талапты жасқа жаңа тыныс болмақ.
– Маған әсіресе, орыс ертегілері ұнайды. Қазір орыс тілінен аудару арқылы ертегілердің болмыс-бітімімен жете танысып жатырмын, – деді ол.
Нұркеннің анасы қала кітапханаларымен бірлесе жұмыс істей отырып, қазақ тіліне аударылмаған ертегілерді тауып, әкеліп береді екен.
– Нұркен ертегінің ішкі иірімін жете түсінеді. Әрі қызғылықты, құнарлы тілмен аударады. Бұл – өскелең ұрпақты халықтар достығына тәрбиелеуге сіңірген тырнақалды еңбегі. Оның келешегінен көп үміт күтуге болады, – дейді Семейдегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Құсмілия Нұрқасым.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
СЕМЕЙ.