Ел аумағында, соның ішінде Ертіс-Баян жерінде ежелгі түркі халқының өркениетіне қатысты құнды жәдігерлердің табылып жатқаны тарихымызды жаңаша тұрғыда сөйлете бастады. Қимақ қағанаты астанасы – Имақия Кереку төңірегінде болуы мүмкін деген ғылыми гипотеза жақын жылдарда шындыққа айналып келеді. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловпен ежелгі Қимақ қағанатына қатысты табылған археологиялық олжалар туралы сұхбаттастық.
– Тимур Нұрланұлы, соңғы жылдары сіз жетекшілік ететін археологиялық экспедиция Павлодар аумағынан бірқатар тарихи оба-қорғандарды тапты. Оларды қорғау шаралары қалай жүргізіліп жатыр?
– Ертіс-Баян өңірі, соның ішінде қазіргі Павлодар қаласы тұрған аумақ археологиялық ескерткіштерге өте бай. Тас дәуіріне жататын, тарихы біздің заманымыздан бұрынғы ондаған мың жылды құрайтын ескерткіштер де кездеседі. Қола дәуіріне қатысты ежелгі адамдардың қоныс-мекендері, тұрақтары да соңғы жылдары табылып жатыр. Мысал үшін Павлодар ауылының солтүстік бөлігінде 3-4 мың жыл бұрынғы қола дәуірінің тұрақтары табылды. Павлодар қаласы аумағынан бұған дейін ежелгі дәуірлерге тиесілі қаншама қару-жарақ, әшекей қазып алынып, олардың басым бөлігі жергілікті өлкетану музейіне сақтауға берілді.
Біздің ғалымдарды ерекше қызықтырып отырған аумақтың бірі – Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл ауылының маңайындағы ежелгі обалар мен тұрақтар. 2000-жылдардан бері жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл жердегі мақсатымыз – ондағы аман қалған археологиялық ескерткіштерді қаз-қалпында сақтап, жойылып кетуінің алдын алу. Осы уақыт аралығында қаншама тарихи құндылықты іздеп таптық. Олар біздің ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды терең тани түсуімізге ықпал етеді. Негізі Кенжекөл ауылы маңында алғашқы ғылыми қазба жұмыстары 1955 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының академигі Агеев және Максимовтардың басшылығымен жүргізілген. Кеңес өкіметі тұсында қазіргі Кенжекөлдің орнында №499 кеңшар құрылған. Әрине, оған дейін бұл жер қазақтардың ежелден бергі қонысы еді. Ежелгі қимақ-қыпшақтардың қонысы, кейінгі қазақ би-сұлтандарының, соның ішінде Сұлтанбет сұлтанның сарайы орналасқан. Сұлтанбет сұлтан сарайының үлгісі кейін жаңғырып, облыс орталығында ағаштан сарай тұрғызылды. Қазір біздің интитутымыз сонда орналасқан. Ал бұл аумақты X-XI ғасырларда қимақ қағанатының көшпелі халқы, мал өсіруші тайпалары мекен еткен. Қимақ қағанатының қазақ жерінде болғаны тарихи тұрғыдан дәлелденген, ол туралы көне араб, парсы жазбаларында бар. Бірақ 50-жылдардың ортасында кеңес ғалымдары Павлодар аумағын зерттей бастағанда ежелгі заман көшпелілері туралы мәлімет-деректер аз еді. Олар тіпті Ертістің Павлодар өңіріндегі ежелгі өркениет жайында білмейтін де. Археологтер өзен жайылмасындағы қорымдарға жүргізген қазба жұмыстарына жер қойнауын барлау ретінде ғана қараған. Оба-қорғандарды қазып жүріп, тауыс құсы бейнеленген айылбас, ежелгі қару-жарақтар, қанжар, қылыш, жылқының сүйегін табады. Бұл қола дәуіріне қатысты жәдігерлер еді. Қазба жұмыстары көп ұзамай тоқтатылып, аумақта үйлер мен автокөлік жолдарының, саяжайлардың құрылысы қызу жүргізіледі. Жұмыскерлер мен жеке тұрғындар сол уақыттарда топырақ арасынан ерте замандарда жерленген адам қаңқаларын, қыш ыдыстарды тауып, жергілікті музейге әкеле бастаған. Қазіргі Кенжекөлдің Ертіс өзені жайылмасындағы тұсында қола дәуіріне жататын мол қорымдар бар. Өкінішке қарай, ол уақытта облыста кәсіби археологтер жоқтың қасы-тұғын. Өлкетану ісімен айналысып жүрген талантты азаматтар ғана бұл жәдігерлерге қызығушылық танытып, мәліметтер жинаған. Жергілікті өлкетанушылардың көшбасшысы – танымал жерлесіміз, ақын Сергей Музалевский болған. Ол кәсіби археолог болмаса да, Ертіс-Баян өңіріндегі ескерткіштердің зерттелуіне, өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруға зор үлес қосты. Өлкетанушылар облыстағы ежелгі қоныстар мен обаларды анықтап, оларды есепке енгізіп отырған. Бірақ қазба жұмыстарын жүргізу үшін археологиялық экспедициялар қажет еді. Осылайша, ежелгі мәдениетіміз бен тарихымыз жайлы сыр бүккен аймақтар көп уақытқа дейін археологтер тарапынан елеусіз қала берді.
Тек 1990-2000 жылдары ғана Ертіс бойында алғашқы кәсіби археологтер пайда болып, дәстүрлі түрде қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Бұл қатарда мен де ғалым ретінде атсалысып, Кенжекөл топырағында жасырынған ата-бабаларымыздың тарихын қопаруға кірістім.
– Алғашқы табылған археологиялық олжалар нені байқатты?
– Ертіс өзені жайылмасында орналасқан Кенжекөл, Байдалы, Долгое, Подстепное, Заря ауылдарының маңайындағы топырақтың химиялық құрамы ерекше. Яғни оның арасына түскен органикалық заттар ұзақ уақытқа дейін бұзылмай сақталып жата береді. Мысалы, ағаш бұйымдар шіріместен мыңдаған жыл бойы жатып қалған. Былғары бұйымдар, жібек киімдердің бөліктері де топырақ арасынан жақсы күйде табылды. Ал металдан жасалған ежелгі қару-жарақтар, қанжар, қылыш, найза ұштары, түрлі әшекей заттар да жер астында ыдырай қоймаған. Соңғы 20 жылда біз бұл аумақтан 20-дай обаны қазып, зерттедік. Олардың барлығы Қимақ-қыпшақ қағанаты дәуіріне жатады. Зерттей келгенде обалар бір-бірінен оқшау түрде орналаспағаны, бір жолақтың бойымен кете беретіні анықталды. Ежелгі молалар жолағы Ертіс өзені бойымен Кенжекөлден Байдалы ауылына дейін бірнеше шақырымға созылып жатыр. Бұл жаңалықтың нәтижесінде біз қазіргі Павлодар қаласының оңтүстігінде VII-XI ғасырларда үлкен отырықшы мемлекет болғанын, қимақ мемлекетінен қалған ескерткіштердің орналасқанын анықтадық. Көне заманда Ертіс бойын жағалай қоныстанған халық тығыз орналасқан. Өкінішке қарай, қимақ-қыпшақ дәуіріне жататын тарихи ескерткіштердің басым бөлігі кеңес өкіметі жылдары жойылып кетті. Көп жерге автожолдар мен үйлер, саяжайлар салынған, су құбырлары, өзге де инфрақұрылымдық желілер тартылған, енді бір жерлерде жылдар бойы тұрмыстық қалдық үйіліп қалған. Біздің мақсатымыз – әу бастан аман қалған обаларды сақтап қалу.
Ал ең бастысы біз обаларды зерттей келе, Ертіс даласындағы ежелгі қимақтардың жерлеу рәсімін ғылыми тұрғыдан сипаттауға мүмкіндік алдық. Осы уақытқа дейін әлем ғалымдары қимақтардың өмірі туралы көп мәліметтерді анықтағанымен, олардың жерлеу рәсімі туралы ақпарат өте аз. Байдалы, Кенжекөл, Долгое, Заря ауылдары маңындағы соңғы зерттеулеріміз көрсеткендей, қимақтар өз жауынгерлерін, отбасы мүшелерін жерлеу үшін обалар қазған және жанына өзі мініп жүрген жылқысының тұлыбын қоса көмген. Яғни қабірге көбіне жылқыны тұтас емес, басын, сирақтарын және қыл құйрығын салған. Ал қайтыс болған адам мен жануардың басын күншығысқа, аяғын күнбатысқа қаратып жатқызған. Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекен еткен көшпелілерде мұндай жерлеу рәсімі болғаны туралы арабтың ертедегі тарихшылары жазып кеткен. Жылқыны адаммен бірге символикалық жерлеу рәсімі қимақтар арасында кеңінен тараған. Түркі халықтарында жылқы малына деген сүйіспеншілік ерекше болғаны мәлім. Ол күнделікті шаруашылықтан бөлек, жаугершілікте мінілгенімен, сакралды тұрғыдан да құндылыққа ие болды. Ұлттық фольклорымызда жылқы культі өте кең таралған. Қазақ халқының наным-сенімдері мен әдет-ғұрпының көпшілігі де сонымен байланысты. Ал жылқыны иесімен қоса жерлегенде ертоқымы мен жүгенін, ауыздығы мен өзге де әбзелдерін салған. Түркілердің нанымы бойынша адам о дүниелік болғанда оның жаны өмір сүруін әрі қарай жалғастыра береді. Яғни адам екінші дүниеге ауысқанда, астына мініп жүрген серігімен бірге аттануы керек. Бұған қарап, сол замандағы көшпелі қимақтардың нақты дүниетанымы қалыптасқанын байқаймыз. Түркі халқының дүниетанымында басым рөлге ие болған тәңіршілдік наным-сенімі жерлеу рәсімінің негізіне айналған болуы да мүмкін. Ал жерленген адамның жанына найза-сүңгісі, қылышы, қанжары қойылған. Өлген адам ер азамат болса, алтын-күміспен күптеліп, түрлі ою-өрнекпен безендірілген кісе белбеуі де бірге көміліп отырған.
– Ғалымдарымыз айтып жүрген Қимақ қағанатының астанасы – Имақия Ертіс өзенінің бойынан табылуы мүмкін бе?
– Өзен жайылмасындағы ескі обаларды зерттеу барысында кәдімгі саман кірпіштен қаланған ежелгі кесенелер де анықталды. Яғни ол заманда күйдірілген кірпішпен қоса, кәдімгі шикі саздан жасалған кірпіш технологиясын көшпелілер жақсы меңгерген. Бұл ғимараттар қимақтардың молаларды ғана емес, тұрақтарды, өзге де ғимараттарды кірпіштен тұрғыза бастағанын білдірсе керек. Меніңше, Ертіс бойындағы жайылмаларды мұқият зерделейтін болсақ, осындай қарапайым кірпіштен тұрғызылған ежелгі қалашықтардың орнын табуымыз әбден мүмкін. Ғалымдар айтып жүрген қимақтардың астанасы – Имақия сол жерлердің бірінде жатуы ғажап емес. Имақия қаласы шын мәнінде болған, бірақ орналасқан жері әлі күнге отандық археология саласы үшін жұмбақ күйде. Оның Ертіс даласында, соның ішінде қазіргі Павлодар қаласының аумағында болуы әбден ықтимал дер едім.
–Ал Әлкей Марғұлан орнын айқындап кеткен, XIV-XV ғасырларға тиесілі Әулиекөл хандар қалашығы жайында не айтар едіңіз?
– Иә, академик Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар Орталық Қазақстанды, Сарыарқа даласын зерттеп, әлдекімдер айтып жүргендей қазақ даласы бірнеше мың жыл бойы бос жатпағанын, бұл жерлерде көшпелілердің ұлы өркениеті болғанын археологиялық тұрғыдан дәлелдеп берді. Қимақ-қыпшақ жасақтары, Жошы хан ұлысы жайлы алғашқы толымды деректер осы уақытта пайда болды. Ә.Марғұлан келешекте еліміздің солтүстік өңірлерінен көшпелілердің мәдениетіне қатысты археологиялық мол әрі құндылығы шексіз олжалар табылады деген гипотеза жасаған. Бұл болжамдары айнымай келіп жатыр. Мәселен, Ертіс-Баян өңірінің ең ғажайып ескерткіштерінің бірі – Май ауданындағы «Қалбасұн мұнарасы» археологиялық кешені. Ол көпке дейін жоңғарлардың ғибадатханасы ретінде қарастырылып келді. Ал Марғұлан оның мұсылмандық ғибадатхана орны болуы мүмкін екенін айтқан. Мен бұл ескерткішті ұзақжылдар зерттеп, кешеннің тарихы XIV ғасырға жататынын, мұсылмандық мәнердегі сәулет өнерімен салынған қасиетті мекен екенін дәлелдеп шықтым. Бұл туралы арнайы кітабымда да айтылады. Сол сияқты Әлекең Өлеңті, Сілеті өзендерінің бойында ежелгі қалашықтар мен қорғандардың қалдықтары болуы мүмкін екенін болжаған. Расында ондаған жылдардан кейін жергілікті ғалым-археологтер Ақкөл – Жайылмадағы Әулиекөл бойынан Алтын Орда хандарына тиесілі болған сарай орындарын тапты. Археологиялық құрылысы XIV ғасырға жататын бұл сарай Арқа жеріндегі ең ірі тарихи ескеркіштердің бірі, ақсүйектердің жазғы ордасы саналады. Ежелгі құрылыс өнерінің бірі – Сілеті өзенінің жағасындағы (Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылы маңында) Қызылоба некрополінен табылған кесенелердің орны. Әлгі аумақта күйдірілген кірпіштен салынған, көлемі 800 шаршы метрді құрайтын құрылыстың орны, ежелгі жерлеу орындары шықты. Сілеті мен Өлеңті өзендері бойындағы осы ежелгі қалашықтарды қазу жұмыстары кезінде орта ғасырларға тиесілі күміс тиындар да табылды. Мұндай күміс теңгелер Сарай Бату қаласында, Бұлғар мен Хорезмде соғылған. Осыған қарап, XIV ғасырда Ертіс даласы, Каспий жағалауы, Мәуереннахр, Шығыс Еуропа, Еділ бойының халқы бір-бірімен сауда-саттық байланысында болғанын біліп отырмыз. Бұған қоса, Әулиекөл мен Қызылобадан ежелгі пеш орындарын анықтадық. Қызылобада олардың саны тұтас орамдарға созылып жатыр. Мұндай пештер Қимақ қағанаты дәуірінен кейін Солтүстік Қазақстан өңірлерінде қолөнершілік кеңінен дамығанын байқатады. Ал XIV-XVI ғасырларда бұл аумақтар енді құрыла бастаған Қазақ мемлекетінің құрамына еніп тұрған еді. Яғни түптеп келгенде, бүгінгі қазақ ұлты ежелгі Қимақ қағанаты мен Алтын Орда халқының этногенезінен шыққанын, яғни тікелей ұрпағы екенін дәлелдейді.
– Бір жылдары Павлодардың іргесінен «қимақ күймесі» табылғанын әйгілеп едіңіздер. Оны толық зерттеп болдыңыздар ма?
– Бұл ерекше жәдігер – Павлодар қаласы орналасқан жерде көне заманда Қимақтар елі салтанат құрғанын дәлелдейтін негізгі олжаларымыздың бірі. Оны алғаш табылған жылы журналистер қауымы «қимақ күймесі» деп атап кетті. Шын мәнінде ол – сол кезеңде өмір сүрген қимақтардың «көшпелі үйі». 2016 жылдың шілде айында Байдалыдағы қорымдарды қазу барысында топырақ арасынан күйменің ағаш дөңгелегінің сұлбасы айқындала бастады. Бастапқыда біз күйменің бір бөлшегі болар деп аса мән бермегенбіз. Жұмыстарды жалғастырғанымызда күйменің екінші дөңгелегі шықты. Әлгі жерде тұтас жәдігер жатқанын түсіне қойдық та, оны тұтас қалпында алып шығу үшін көне мұраларды қалпына келтіруші, танымал ғалым-реставратор Қырым Алтынбекке хабарластық. Күймені топырақ арасынан тұтасымен алып шығу үшін бізге әуелі аршылған бөліктерін консервациялау қажет болды. Бұл үшін қазылған жердің үстіне өте көп көлемде балауыз құйып, жәдігерге күн мен жел, ауа өтпейтіндей еттік. Соңынан оны айналасындағы топырақпен үңгіп қазып, арнайы оқшаулағыш материалмен қаптап, блоктау әдісімен жоғарыға көтеріп алдық. Бұлай жасағанымызда оның жалпы салмағы 5 тоннадан асып кетті. Көтеретін кран табылмай, Ертіс өзені үстіне көпір салып жатқан құрылыс компаниясына жүгінуге мәжбүр болдық. Абырой болғанда, құрылысшылар бізге қолұшын берді. Сөйтіп, оны топырағымен қоса қазіргі Марғұлан атындағы университетке жеткіздік. Компьютерлік томографияға түсіргенімізде IX-XI ғасырларға тиесілі қос дөңгелекті тұтас арбаның сұлбасы шыға келді. Ертеде қимақтар көшіп жүруге ыңғайлы болуы үшін осындай «көшпелі үйлер» жасаған. Бұл күйме – Еуразия даласында ортағасырлық көшпелілердің көшпелі үйінің ең жақсы әрі тұтас сақталған жалғыз үлгісі. Барлық бөлігі ағаштан жасалған, металл мүлде қолданылмаған. Тіпті оның білігі, дөңгелегіндегі шабақтары ерекше қатты ағаштардан жасалған. Дөңгелектері еркін айналуы үшін білік айналасына ерекше жақпамай жағылған тәрізді. Ал дөңгелегінің диаметрі – 60 см. Айтайын дегенім, бұл күйме біздің кинолардан көріп жүрген сақтардың, түркі халықтарының қос дөңгелекті арбасына мүлде ұқсамайды. Мүлде бөлек формада жасалған, ағаш тетіктері де ерекше. Күйме жанынан шаңыраққа ұқсас ағаш бұйым табылды, оған уықтар шаншылып, ол күйменің үстіне қалқа ретінде тұрғызылған. Бұған қоса, әлгі қорымда екі бірдей мола бар екені анықталды. Оның бірінен ер адамның сүйегі, жанына қойылған қанжары, кісе белбеуінің қалдықтары, басқа да заттар табылды. Соңғы жылдары археологиялық қазбада блокпен алу, яғни айналасындағы топырақпен бірге алу әдісін қолданып келеміз. Бұл мамандарымыз үшін уақыт үнемдеуге пайдалы. Жәдігерді зертханамызға әкелген соң, оны асықпай зерттеу мүмкіндігі бар. Жуықта Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Қазақстан зоология институты базасында «Биоархеология» ғылыми орталығы ашылды. Жаңа орталық Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлесуіне де жол ашып отыр. Энтомологтер топырақ арасындағы ежелгі жәндіктерді зерттеп, өз жаңалықтарымен бөліседі. Бұл біз үшін мүлде жаңа бағыт. Қазірдің өзінде энтомологтер Байдалыдағы обадан әкелінген топырақтан ежелгі қоңыздар мен шыбынның дернәсілдерін тапты. Жерленген адам өлген соң біраз уақыт жер қойнына тапсырылмай ұсталғанын, оны мумиялау жүргізілгенін білдік.
Ал «Көшпелі үй» қазір Алматыда ғалымдар тарапынан зерттеліп, қалпына келтіріліп жатыр. Көп ұзамай өзге де жәдігерлермен бірге паш етіледі деген үмітіміз зор.
– Қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса ма?
– Міндетті түрде. Жуықта ғана Марғұлан университетінде кезекті экспедициямызды жасақтадық. Құрамында жас ғалымдар мен студенттер бар. Олар жаз уақытында Кенжекөл, Байдалы бағытында жұмыс істейді.
Ең бастысы, біз осы уақытқа дейін Ертіс даласындағы қимақтардың мәдениеті, соның ішінде жерлеу рәсімі Шығыс Еуропадағы түркі халықтарымен бірдей болғанын дәлелдедік. IX-XI ғасырларда Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі түркі халқы жаппай Шығыс Еуропаға қарай қоныс аудара бастаған. Шығыс Еуропа бөлігінде табылған мұндай қорымдар Қазақстандағы обаларға қарағанда бертінірек пайда болған. Яғни қимақ-қыпшақ халқы ол жаққа кейінірек барғанын білдіреді. Қимақ қағанаты не себепті Батысты бетке алғаны, жалпы қағанаттың құлауына не себепкер болғаны ғалымдар үшін әлі күнге жұмбақ. Ал қағанаттың бір бөлігі Қазақстан аумағында қалып қойып, кейін Алтын Ордаға қосылғаны тарихтан мәлім.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы