Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен, Кенен Әзірбаев атын-дағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Жазушылар одағының мүшесі, ақын-композитор, Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенованың «Жырла, жүрек!» атты поэтикалық кеші өтті.
Әдемі әндермен әдіптеліп, шұрайлы шумақтармен әрленген кеш барысында «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Сыпабеков бастап, жергілікті өнерпаздар қоштап, Ү.Битенованың авторлық әндерін шырқады.
Қаламгердің мерейтойына орайластырылып өткізілген кешті белгілі ақын Бақыт Беделхан жүргізді. Жырдан шашу шашылған әдеби іс-шараға арнайы келген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ізгі тілектерін жеткізді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрымова да ақынға деген ақжарма тілектерін айтып, шығармашылығына табыс тілеп, құрмет көрсетті.
Поэзия төрге озған кеште Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы әдеби-лирикалық композиция қойып, ақын шығармаларын театр тілінде сөйлетті.
Атырау мен Алтай арасынан келген мәртебелі меймандар бұл күні жамбылдық ақынның шығармашылығы туралы ақжарма тілектерін аяп қалған жоқ.
Іс-шара соңында сөз алған мерейтой иесі әдебиет әлеміндегі еңбегін лайықты бағалаған жергілікті билік пен алыстан ат арытып келген қонақтарға, қара өлеңге аңсары ауған жерлестеріне ризашылығын жеткізді.