Көкбазардың артындағы сауда алаңында түрлі жеміс ағаштарының көшеттері сатыла бастаған шақ. Мамыр мерекелерінен соң бұл жер қызанақ, бұрыш, баклажан тәрізді көкөніс көшеттері мен сан алуан гүлге толып кетеді. Базардың орталық ғимаратынан шыққан адамның бәрі осы жермен өтеді. Керегімді алып сыртқа шығып бара жатып, көшет сатушылардан оқшауырақ отырған қарияны көзім шалып қалды. Өтіп кетіп, қайта айналып келдім. Алдындағы қағаз қораптың іші-сыртына шолақ сапты топырақ қопсытқыш, шөп отағыш, шағын күрек-кетпен сияқты бақша күтіміне таптырмайтын шағын дүниелерді қаптатып қойыпты.
Жөн сұраса келе қарияның 88 жаста екенін, қалаға осыдан біраз жыл бұрын Федоров ауданына қарасты Украин ауылынан көшіп келгенін, көп жыл ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегенін, зейнет демалысына шыққалы темір кесіп, ұсталықты кәсіп етіп жүргенін білдік. Алдындағы жұртқа керектің бәрін қыстай дайындап алады да, көктемде сатуға шығарады екен.
«Әкемнің қойған аты – Ғинаят, ал жұрт Қазтай деп қана біледі. Тегім – Нұрпейісов. Осы жасқа дейін істемеген жұмысым жоқ, шырағым. Санасаң, он саусағың жетпейді. Бұзау бақтым, бұқа бақтым, жылқы да бағып көрдім, есепші болып істедім, трактор, автокөлік жүргіздім, гараж меңгерушісі, гараж механигі, жылқы зауытының механигі болдым. Жасым қазір 88-де, 60-та зейнетке шықтым. Сонда да әлі дамыл көрген жоқпын. Үйде отырып бірдеңе істесем кішкене көңілім жайланып қалады. Ал жатсам ауырып қаламын. Мынаның бәрін қыс бойы жасап шықтым. Бәрін саяжайға алып жатыр. Бір маусымда 500-600-і кетіп қалады. Әрқайсысын 1,5 мыңнан есептеп көр, 900 мың теңге болады. Мұның бәрі – арадан істелген өте сапалы дүниелер. Жай темір емес. Тасқа ұрсаң да жүзі майырылмайды. Мені жарты Қостанай біледі. Жұрттар әдейі іздеп келіп алады», дейді ақсақал.
Ғинаят қария қыстай ұсталық етеді екен. Қаладағы металл қабылдау орындарынан ескі араларды сатып алады да, үйге әкеп кесіп-кесіп арамшөп отағыш жасайды. Мысалы, екі кісілік бір қол арадан 50-60 шөп отағыштың басы шығады екен. Соның бәрін ақырындап шетінен егеп, қайрап, дәнекерлеп, саптап қояды. Ал көктемде базарға шығып, маусымның жиырмасына дейін тура екі ай отырады.
«Менің тауарым «Складской» базарындағы қаңылтырдан істеген қытайдың заттарынан анағұрлым сапалы және көп арзан. Сондықтан жұрт бағамды да, тауарымды да мақтап алады, біледі өздері. Үлкен кетпен істемеймін, ауыр нәрсе. Маған осылар жетіп жатыр. Жұрт рахметін айтып кетеді. Қолым әлі дамыл көрген жоқ, 13 жасымнан еңбекке араластым. Өзің санап көр, 75 жыл болыпты жұмыс істегеніме. Аллаға шүкір, соның арқасында денсаулығым да кішкене жақсы. Бірақ көз қалып барады, құлақ бітті. Кәрілікке қарсы ең пайдалы дәрі – еңбек», дейді ұста.
Ғинаят қария бау-бақша құралдарын тек асыл темірден ғана жасайды. Сондықтан ұстаның қолынан шыққан өткір заттардың жүзі оңайлықпен мұқала қоймайды. Әсіресе күз келіп, күн суытқанша бау-бақшадан шықпайтын зейнеткерлер мен әйел адамдарға аса қолайлы. Осыны білетін біраз жұрт қарт ұстаны әдейі іздеп келіп, арнайы тапсырыс беріп өздеріне керек құралдың сызбасына дейін ұстатып кетіп жатады.
«Шырағым, денсаулыққа пайдалы болған соң жүрмін. Жатсам жатып қаламын. Күнің кісіге қарамасын, күні кісіге қараған адамнан Алла теріс айналады. Әйтпесе, ақша таппай отырған шал емеспін, мемлекет зейнетақысын беріп, өзі асырап жатыр. Үш балам жұмыс істейді, немерелерім бар, тәубе. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, біздің тілегіміз – сол», дейді қария.
Қостанай облысы