• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 16 Мамыр, 2024

Өзара жанашыр болу – елге жанашыр болу

101 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрыл­­тай отырысында: «Өспей­тін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек» екенін айтты.

Президент қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де бір болуы қажет екеніне тоқтала келіп: «Зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет», деп қадап айтты. 

Бірақ өмірдің біраз белесінен өтіп, көрген-білгенімізді сараптап, ой-санамызды зерделеп отырсақ, ол сөздің бекер айтылмағанына көзіміз жетеді. Адамдар арасында бақталастық, көреалмаушылық, күншілдік, күндестік, іштарлық, қызғаншақтық деген түсініктер сонау ертеден бар. Сол жағымсыз пенделік қылық, сезім, теріс әдет әсіресе қазақтар арасында ерекшеленіп тұратыны несі? Неге өзара өшпенділік бізде басым? Сол жағымсыз әдет қанымызға сіңген әдет пе? Неге ол ортамыздан жойылмайды? Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, зиялы қауым ішіндегі беделді азаматтар бұл жөнінде не ойлайды?..

Таяуда еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan»-да журналист Назерке Жұмабайдың қазақтың танымал режиссері Сәулебек Асылханмен жүргізген сұхбаты жарық көрді. Сұхбат кейіпкері қазақ театры жайлы бүкпесіз ойын, әріптестері жайлы іштегі толғанысын айта отырып, бір жерінде «...Бүгінде «қайталанбас актер, классик» деп аузымыздың суы құрып, тамсана естелік айтқанымызбен, Әнуардың (Молдабековтің – С.О.) да өмірдегі өкініші, өнер жолында көрген қиянаты көп еді ғой. Қалай десек те тоғышарлардың ортасында таза әрі талантты болып өмір кешу қиын. Әнуардың өкінішке толы арманда кеткен өмірі соның айғағындай сезіледі кейде. Оны айтасыз, Мәмбетовтің (атақты режиссер Әзербайжан Мәмбетов – С.О.) өзін табанға салып таптамады ма сол күншіл топ?! 40 жылдан аса қызмет етіп, өлмес өнер тудырған Әзекең өмірінің соңында туған театрынан қуылып, далада қалды емес пе? Өз ішінен іріткі шығарып, талантын табанға таптағандардан басқа не күтуге болады? Осы оқиғадан кейін Әзекең қайта қалпына келе алмады, бұрынғыша буырқанып, бейнелі ойларын сахна айшықтай алмады. Рас, кезінде Халық қаһарманы атағын алып, елордаға қоныс аударып, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының тізгінін қолына алды. Бірақ бұрынғыша кеудесін жазып, кеңінен көсіле алмады. Себебі ең ауыр соққы – жаныңда жүрген, сенім артқан жақындарыңның сатқындығы, екіжүзділігі ғой. Осы оқиғадан кейін суреткер жаны қайта гүлдей алмады. Шабыты ішінде жатып тұншықты. Қазақ қадіріне жетпей, осылай талай талантын өлтіріп алды емес пе?..»

Барлығы рас. Айтылған ащы шындықты орынды қабылдап, мойындағанымыз жөн. Ойлап отырсақ, біріміздің жетістігімізді біріміз көре алмай, интеллектуалдылығы жағынан, өнері, білімімен озып тұрған талай талантты жандарды мойындағымыз келмей, өзімізбен өзіміз жауласып, бері тартқанды кері тартып, ішімізде қызғаныш оты күйіп-жанып, сөнбестей алаулап, аяғынан тартып-шалып жүретін теріс қылығымыздың азабын кім көрмеді? Одан біз не ұттық? Қызғаныш пен көреалмаушылықтан пайда да, қуаныш та жоқ емес пе? Өткенге көз жүгіртсек, ерекше дарынды қазақ ғалымдарының, жазушылардың, өнер қайраткерлерінің «жауы» аз болмаған. Қолдан келгенше оларды әйтеуір бір себеп тауып сүріндіруді мақсат еткен қара пейілді жандардың аз болмағанын тарихтан жақсы білеміз. Тіпті ғұлама хакім Абайдың өмірі де мамыражай, тыныш, жайбарақат, «тәтті жұмақ» болды деуге аузымыз бармайды. Неге нәзік жүректі, жаны жараланғыш керемет дарын иелері қызғаныш пен күншілдік құрбаны болып жатады? Сырттан ғайбаттау, қаңқу мен сыбыс тарату, өтірік пен өсек – күншілдердің басты қаруы.

Бүгіндері заңғар жазушымыз деп мақтанышпен айтып жүрген Мұхтар Әуезовтің өмірі теп-тегіс, шуақты, кедір-бұдырсыз болды деу артықшылық. Қазақтың жезтаңдай әншісі Күләш Байсейітова, ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев және басқалары қызғаныштың ыстық шоғына түспеді, отына күймеді деп кім айтады? Ұлттық әдебиетіміздің төрінен табылған «Көшпенділер» тарихи трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннің еңбегі орынды бағаланып, Лениндік сыйлық алайын деп тұрған сәтте, артынан Мәскеуге домалақ арыз түсіріп, барынша жамандап, арыз-хаттармен жолын кескенімізді неге жасырайық.

Ұлтжандылығымен, отаншылды­ғымен елдің есінде қалған аса шебер ұйымдастырушы, көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков неге өмірінің соңғы жылдарында елеусіз, ескерусіз, «көлеңкеде» қалды? Мемлекеттік гимніміздің авторы, жүздеген тамаша сырлы ән жазған, ел арасында вальс королі атанған зор талант иесі Шәмші Қалдаяқовқа көзі тірісінде нендей құрмет көрсеттік? Оның еңбегін дер кезінде бағалай алдық па? Италияның Ла-Скала опера театрында өнерін жетілдірген алғашқы қазақ әншісі, таңғажайып дауыс­ты өнер тарланы Амангелді Сембинді және ерекше қайталанбас даусы бар опера әншісі, КСРО-дағы тұңғыш контртенор, таңғаларлық шеберлік-қабілетімен әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енген Ерік Құрманғалиевті кезінде орынды бағалап, төрімізге оздыра алмағанымызға не себеп? Жарқырап туған екі өнер жұлдызын өз қолымызбен тұншықтырып, сөндірмедік пе? Көршіміз Қытайда өткен әлемдік өнер жарысында әншілік даусы шетелдік өнер саңлақтарымен мойындалмаса қазіргі мақтанышымыз Димаш Құдайбергеннің өнердегі жолы не болар еді? Оның талантын кезінде елімізде мойындағымыз келмей, тосқауыл қоймақ болғандар табылмады ма? «Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса – түртіп оны көре алмас, басқа қиын іс түссе – ел қыдырып таба алмас», деп Шернияз Жарылғасұлы қалай тауып, мірдің оғындай етіп шегелеп айтқан?!

Көпшілік болып бүгіндері 125 жылдығын кеңінен атап өтіп жатқан, ұлт­тық ғылымымызды алға сүйреген, әлемг­е есімі танымал болған аса дарынды, тау тұлғалы ғалым Қаныш Сәтбаев­­тың өмір жолына зер салсаңыз оның да «тар жол, тайғақ кешкенін» ұғасыз. Қазақ­тың маңдайалды ұлтжанды азамат­тары­ның бірі, аса көрнекті ғалым-акаде­мик Евней Букетовтің де қадіріне жетпей, еңбектерін дұрыс, өз дәрежесінде баға­ламай, қуғындап, мүйіздеп, аяғынан ша­лып, орынсыз оңды-солды арыздар ұйым­дас­тырып, жүйкесіне салмақ салып, ден­сау­л­ығына залал келтіріп, өмірінің қысқа болуына себепкер болған тағы да өзіміз.

1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінде ұлт мұраты жолында жанын салған ұлтшыл арыстарымызды қынадай қырған жауыз жүйенің тырнағына ілінгендердің талайлы тағдыры тағы бар. Қуғын-сүргінге ұшырап, үштіктің үкімімен атылып кеткен 25 мың қандасымыздың біраз бөлігінің сол кепті киюіне өзіміздің «үлесіміз» болғаны жасырын емес. Қанша айтулы азаматтарымыз күншілдіктің, қызғаныштың құрбаны болғаны бір Аллаға аян.

Иә, күншілдік деген адам мінезіндегі көре алмаушылықты, қызғаншақтықты білдіретін жағымсыз қасиет артымыздан қалмай, неге ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді? Күншіл адам өзгелердің қол жеткізген табыстары мен атқарған ісінің оң нәтижесіне қызғанышпен қарап, оларды жақтырмай, сыртынан өтірік-өсек таратып, қанша адал, жаны таза адамның обалына қалды? Ауыр ой тереңге тарта береді.

Мұсылман хадистері бойынша, өзгенің мүлкіне көз салу, біреудің жетістігіне теріс ниетте болу, өзгенің артықшылығын көре алмау дені дұрыс адамға тән емес. Ежелгі Мысыр жазбаларында «Қызғаныш пенде бойындағы жексұрындықтың ең сорақысы» деп жазылыпты.

«Қызғаныш – жүректің уы» деп француз жазушысы Франсуа Вольтер айтпақшы, біреудің артықшылығына көзін сүзіп, «қайткенде оған жамандық келеді» деген теріс пиғылмен жүрген пендені кім деуге болады? Кейде, қызғаныш, көре алмаушылық, бақталастық кейбір адамдардың бойындағы жазылмас дертің бірі ме екен деген ойға қаласың. Сөйтесің де оған жауап іздеп дал боласың. Егер ол жағымсыз пиғыл, теріс мінез адам бойына жабысқан дерт болса, оның емі не? Ол туралы аз айтылып, аз жазылып жүрмегенін білеміз. Біздікі сол көп ойды санамыздың сүзгі-елегінен өткізіп, көпшілік арасында осы бір келеңсіз, пенделік мінезімізді қайтып жоямыз деп ой тастау еді.

Психологтер қызғаныштан арылуға мынандай қарапайым кеңестер береді: әркім өзінің кемшілігін мойындап, артықшылығын біліп, ортамен сыйластық қарым-қатынаста болуы керек; өзінің әр қадамын екшеп, біреуді «аңдығаннан» гөрі, өз бойындағы кемшіліктерді түзетуге көбірек көңіл бөлу; өмірде жақсылыққа ұмтылу, тіршіліктің жарқын жағына көбірек мән беру; біреудің қабілеті сенен артық болса, оған зиян жасама, достасуға тырыс – жақсылық үйренесің; егер кісі өзін кәсіби және рухани тұрғыда әрдайым жетіл­діріп отырса, оның басқаларды қыз­ғануға уақыты болмайды; өзгелерге жа­қсы­лық ойлай білу; өзгенің қуанышына қуа­ну; ең бастысы, қызғаныш адам денсау­лы­ғы­на зиянды екенін білу және одан сақтану.

«Күншілдің күні қараң», «Қызғаншақ қызыл итке жем болар», «Күншіл адам – мұңшыл», «Екі қарға таласса, бір құзғынға жем болар» деген, көпшілікке ой салар мағынасы ерек мақалдар көп халқымызда. Ендеше, біз осы жағымсыз дәстүр қызғаншақтықтан, көре алмаушылықтан, іштарлықтан, бақталастықтан қашан арылар екенбіз?

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

Тараз