17 мамыр күні Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұланның батыры, республикалық жарыстардың чемпионы марқұм Айбат Амановтың құрметіне бокстан үш күндік турнир басталды, деп жазады Egemen.kz.
Турнирдің ашылу салтанатына батырдың ата-анасы мен туыстары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылығы, сондай-ақ Жаңаарқа ауданы әкімдігінің ардагерлері мен өкілдері қатысты.
Генерал Қайрат Үмбетов алдымен қаһарман сарбаздың ата-анасымен жүздесті.
«Қатардағы жауынгер Айбат Аманов патриотизм мен Отанға деген шексіз адалдықтың жарқын үлгісі. Мемлекет басшылығы, әскер қолбасшылығы қиын - қыстау сәтте мемлекеттігімізді қорғаған Отанымыздың арда ұлдарын жоғары бағалайды. Қос батырдың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Осындай ұлтжанды ұлдарды тәрбиелеп өсірген ата-ана, жақындарына мың алғыс! Тыныштық пен тұтастықты сақтау жолындағы Айбат пен Мадиярдың ерлігі — өскелең ұрпаққа зор үлгі», деді Халық қаһарманы генерал Қайрат Үмбетов.
Содан кейін, батыр сарбаздың тұрған үйінде, Ақселеу Сейдімбек орта мектебінде мемориалдық тақтаның ашылуы өтті.
Іс-шараға арнайы келген Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Қайсаров сөз сөйлеп, Ұлттық ұлан басшылығы мен әкімдік қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Айбат Аманов ел тәуелсіздігін қорғаған батыр. Осындай сый-құрмет көрсетіліп жатқанына ата-ана ретінде алғысымды білдіремін», деді ержүрек сарбаздың әкесі.
Мектеп ұжымы көпшілікті қаһарман сарбаз оқыған сыныппен таныстырды. Нәтижесінде мектеп пен Ұлттық ұлан арасында өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойылды. Болашақта осы білім ұясында «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сынып ашылатын болады.
Батыр сарбаздың ерлігін еске алуға арналған бокс біріншілігінде жүздеген жасөспірім бақ сынайды.
Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қызылордада орналасқан 5547 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мадияр Қайсаров, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбат Аманов қаруластарын құтқару мақсатында соққыны өздеріне қабылдап, ерлікпен қаза тапқан еді.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін әскери қызметшілер қайтыс болғаннан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және әскер басшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Батыр жауынгерлердің есімдері өздері қызмет еткен әскери бөлім жеке құрамының тізіміне мәңгіге жазылды.