Петропавлдың Ойқала шағын ауданын 13 сәуірде тасқын су басқанда үйлерінің төбесіне шығып, ұйықтап қалған ағайынды екі жігіттің бірі жоқ болып кеткені туралы айтылып, оның әзірге табылмай тұрғаны жеткізілген.
Сол күндері күн райы да аздап жылы болған. Ағайынды екі жігіт қаннен-қаперсіз үйдің төбесінде дем алып, жата берген. Сол күні 3 мыңдай адам күндіз-түні жұмыс істеп, іргесін бекітіп, үстін биіктеткен дамбаны тасқын су жарып кетіп, қалаға ағылды. Үйіне сұп-суық, мұзды судың көтеріліп келе жатқанынан шошып оянған екі жігіттің бірі жан даусы шығып айғай салады. Сол кезде резеңке қайықпен жүрген құтқарушылар оны өздеріне мінгізіп алып, ажалдан құтқарады. Ағасының да осында болғанын айтқанымен, екіншісі табылмайды. Ол, бәлки, оянған бетте суға құлап, тұншығып қалған болуы керек. Құтқарылған жігіттің айтуына қарағанда, олар су әлі келе қоймайды деп ойлап, демалып алмақ болған екен. Сол кезде осы маңдағы судың биіктігі 1,5-2 метрге дейін көтеріліп, үйдің шатырына жеткен.
Жоғалған жігіттің мәйіті тек 13 мамыр күні, су қайтқан соң ғана табылып отыр. Полиция оның ажалына сырттан қандай да бір күштің әсер етпегенін айтады. Дегенмен мәйіт қазір сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
Қазір қаланың кәсіпорын-мекемелерінің бәрі сенбіліктер өткізіп, судан құрғаған шағын аудандардағы қалың қоқыстарды тазалап жатыр. Мұнда су бұзған шағын үйлермен қатар тасқын ағызып әкелген неше түрлі қоқыстар шығып жатыр. Ойқала шағын ауданында ПД әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері демалыс күні жалғыз тұратын зейнеткердің учаскесінде шағын сенбілік өткізді.
«Полиция қызметкерлеріне риясыз көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді, погон таққан адамдар бос уақытында келіп, бүлінген жиһазды шығаруға көмектесті, қоқысты бөлшектеді, аумақты тазалады. Сіздерге рахмет!» деді зейнеткер.
Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы аралға айналған Прибрежное ауылының тұрғындарының бірі қайтарылған мал үшін учаскелік инспекторға шын жүректен алғыс айтты. Судың тез келуіне байланысты ер адам баспанадан асығыс түрде кетуге мәжбүр болып, қорадағы бордақыға қойған қошқарларын құтқаруға уақыт болмапты. Мәжбүрлі эвакуациядан бір ай өткен соң ғана ауыл тұрғыны учаскелік инспектор Қайыртай Нұрғалиевтің көмегімен эвакуацияланған малдар арасынан өз қойларын тапты.
«Көптеген адамдар малдарын тастап кетуге мәжбүр болды. Оларды аман сақтап қалу басты міндеттеріміздің бірі болды. Жұмыс ұйымдасқан түрде жүргізілді, үлкен сумен арпалыс кезінде ауылда қалған жергілікті тұрғындар да бізге белсенді түрде көмек көрсетті. Бәріміздің күш-жігерімізбен мал ұрлығына жол бермедік, құқықтық тәртіп тиісті деңгейде қамтамасыз етілді», дейді полиция аға лейтенанты Қ.Нұрғалиев.
Ал облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың бәрін аралап шықты. Өңір басшысы Боголюбово, Прибрежное, Надежка, Тепличное, Соколовка ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Ауылдықтарға үйді жөндеу, сатып алу бойынша ережелерді түсіндірді. Қызылжар ауданында 1,5 мың үйді су басты, бүгінге дейін 500-ге жуық үй тексерілді. Тұрғын үйлердің пайдалануға жарамдылығын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Үйлерді қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарымен Қызылжар, Аққайың аудандарының механикаландырылған жасақтары айналысып жүр. Кейбір баспаналарды үй иелері өздері де жөндей алады. Бұл үшін мемлекет үй иесінің шотына ақша аударады, сомасы бағалау комиссиясының шешіміне байланысты болады.
Солтүстік Қазақстан облысы