• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2015

Хаттама талаптары орындалуы тиіс

395 рет
көрсетілді

Кеше Украинаның Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник арнайы брифинг өткізіп, Қазақстан тарапынан Украинаға көрсетілген гуманитарлық көмек турасында айтып берді. «Біз Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Украинаға көрсетілген қолдау-көмек үшін сіздердің елдеріңізге, қазақ халқына және, әрине, Қазақстан басшылығына, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіргіміз келеді. Бұдан бұрын хабарланғанындай, 10 қаңтарда Луганск облысының аумағына гума­нитарлық көмек жеткізілген болатын. Ол жерде тұрғындарға жалпы көлемі 380 мың АҚШ долларын құрайтын азық-түлік тапсырылды. Азық-түлік ет консервілерін, қантты, жарманы, өсімдік майын, яғни Украинаның антитеррорлық операциялар орын алған аймағында тұратын тұрғындарға ең қажетті деген дүниелерді құрайды. Біз, бұл орайда, аталған көмекті тапсыру үдерісі Украинаның заңнамасына және халықаралық құқықтың барлық нормаларына толықтай сәйкес жүзеге асқаны үшін Қазақстан басшылығына айрықша ризашылығымызды жеткізгіміз келеді», деді Ю.Лазебник өзінің брифингте сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша, қазақ жерінен материалдық, гуманитарлық көмек­ті жеткізу үшін Украинаның Қазақ­стандағы елшілігімен және Қа­зақ­станның Украинадағы елші­лі­гімен тығыз қарым-қатынас орнаған, бұған қоса, бұл іс-шараға Луганск облыстық әкімшілігі мен Ук­раинаның Төтенше жағдайлар жөнін­дегі мемлекеттік қызметі де атса­лысқан. Осының нәтижесінде, бұл үде­ріс өте жедел түрде жүзеге асқан. «Осы орайда, Қазақстан бүкіл­әлем­дік қоғамдастыққа өзінің жауап­кершілікке ие халықаралық серіктес екенін және достық ниеттегі елге қай кезде де қолұшын соза алатынын байқатты. Гуманитарлық көмекті жеткізу үдерісі, сондай-ақ, жоғары деңгейдегі үнқатысуды жандандыру ауанында өтті. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға сапармен барған болатын. Бұл сапар барысында қос мемлекет те қызығушылық танытып отырған барлық салалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мәселелері бойынша тиісті келісімдерге қол жеткізілген еді. Қазіргі таңда Украинаға көмір жеткізу турасында келіссөздер жүруде. Бұл да маңызды. Сондықтан, қазір екі ел бұл туралы келісімге келуде. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Украина президенті Петр Порошенконың Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Сапар­дың алдында Экономикалық ынты­мақтастық бойынша мемлекет­ара­лық комиссияның 12-ші отырысы өтпек. Ғарышты зерттеу сынды мәселелер бойынша екіжақты әріп­тестік деңгейінде ірі жобаларды іске асыру да қолға алынуда», деді Қазақстандағы Уақытша сенімді өкіл. Ю.Лазебник Қазақстанның Ук­раина­дағы жағдайды бейбіт ретке келтірудегі рөліне тоқтала келе, Ас­танада Украина, Франция, Ресей президенттерінің және Германияның Федералды канцлерінің деңгейінде кездесу өткізу жоспарланып отыр­ғанын айтты. «Қазақстандық тарап қазірдің өзінде мұндай пішімдегі кездесуді ұйымдастыруға дайын екендігін білдірді. Енді бұл жиынның өту уақытын белгілеп, бекіту ғана қалды. Маған Украина президенті әл­денеше мәрте айтқандай, бұл кез­десуді өткізудің негізгі ере­жесі өткен жылдың қыркүйек айының басында қол жеткізілген Минск келіссөздерінің толықтай орындалуына сүйенуі керек. Минск үдерістері бастамашыларының бірі Қазақстан Президенті екені белгілі. Сондықтан Киев Нұрсұл­тан Назарбаевтың Минскіде уағ­даласылған келіссөздердің толықтай орындалуы қажет деген ұстанымын қуаттайды. Мен, бұл орайда, Минск хаттамасында көрсетілген пункттерге назар аударғым келеді. Бұл ресейлік телеарналар айрықша маңыз беріп отырғандай, тек соғыс өртін өшіруге және әскери кепілдерді айырбастауға ғана қатысты емес, бұл жерде мәселе Украина аумағынан ресейлік барлық жалдамалы әскерді шығаруға, сондай-ақ, Ресей-Украина шекарасындағы бақылауды қайта қалпына келтіруге де байланысты болып тұр. Бұдан кейін Украина жоспарына сәйкес, Луганск пен Донецкіде Украина заңнамаларына сай келетін өңірлік сайлаулар өткізілуі керек. Ал Киев бұл сайлауларға қатысқан өкілдермен келіссөздер жүргізуге дайын, деді ол сөз сөзінде. Сондай-ақ, ол кеше Петр Поро­шенко Киев Донбасқа Еуропа­лық одақпен ынтымақтастық орнату үшін де, Ресеймен қарым-қатынас жасау үшін де, тілдік режім бойынша да айрықша құқық беруге дайын екендігін жеткізгендігін айтты. «Яғни, барлық тиісті құқықтар берілмек. Алайда, бұл үшін Луганск, Донецк облыстарының өкілеттікке ие азаматтары керек. Қазіргі таңда мұндай өкілдер Ресейдің азаматтары болып тұр. Олардың басым көпшілігі – бас барлау басқармасының және басқа да арнайы қызметтердің офицерлері. Ал мұндай өкілдермен қандай келіссөздер жүргізілуі мүмкін», деді. Ю.Лазебник. Сондай-ақ, ол Украинаға Еуропа мемлекеттерінен материалдық жағынан қолдау таны­тылғанын, ал Қазақстан ТМД  ел­дерінің ішінде ғана емес, бұрынғы посткеңестік кеңістік елдері ішінде де алғаш болып гуманитарлық көмек көрсеткен мемлекет екенін атап өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».