Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Иран Ислам Республикасының елшілігінде болып, тікұшақ апаты салдарынан Президент Ибрагим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтып, қолдау білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ел президенті көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
«Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің және Үкімет делегациясы мүшелерінің мезгілсіз қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Өз ұлтының ұлы перзенті Ибрахим Раиси – Отанына адал қызмет еткен тұғырлы тұлға. Біз оны парасатты басшы, беделді саясаткер, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірген қайраткер ретінде әрдайым есте сақтаймыз. Қазақ халқының және өзімнің атымнан ирандық бауырларымызға қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат, рухы пейіште болсын!», деп жазды Мемлекет басшысы.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті