Облыста орман қоры 550 мың гектар аумақ пен «Көкшетау» ұлттық табиғи паркіне тиесілі 134 мың гектар жерді алып жатыр. Бұл – облыс аумағының 5,5 пайызы. Орманның 85 пайызы – ақ қайың, 7 пайызы – терек, 4 пайызы – қарағай, қалғаны шырша, тал сияқты аз санды ағаштар.
Орманды өрттен сақтау – маңызды міндет. Кейбір қуаңшылық жылдары орманның өртке қауіптілігі арта түседі. Әсіресе қураған ағаштары тазаланбаған, қалың нуының арасы ашылмаған ормандарда өрттің тұтануына себеп көп. Сөндірілмеген темекі тұқылының өзінен-ақ жел көтерсе қураған қалың ағаш бұрқ ете қалары сөзсіз. Ал өрт күшіне бір мініп алса, қызуы ешкімді жақындатпай, өртсөндірушілерге қиындық тудырады. Орман өрті өсімдік, шөп-шалам, жабайы жануарлар мен аңдардың бәрін күйдіріп, микроклиматты бұзады, топырақтың құнарын жояды, ауаның экологиялық және химиялық көрсеткіштерін бүлдіреді. Сондықтан ормандардың өртенуіне жол бермеу – орманшылардың, өртсөндіргіштердің ғана емес, жалпы халықтың міндеті.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Тәшімовтің айтуына қарағанда, ормандардың өрт қауіптілігі маусымы қар кеткен сәттен басталып, күзгі жаңбыр басталатын уақытқа дейін созылады. Сондықтан орманды өрттен қорғау ісі шаруашылықтарда қар кетпей басталады. Өртке қарсы күресетін материалдық-техникалық база нығайтылып, жаңа техникалар мен агрегаттар алынады. Қазір 12 орман шаруашылығында 25 өртсөндіргіш машина бар. Сонымен бірге өрттің таралуын шектеу үшін жер жыртуға пайдаланылатын 87 трактор, патрульдік автомобиль, 38 су сақтайтын сыйымдылық, жедел хабар жеткізетін 810 радиостанса бар.
«Өрт қауіпсіздігі мәселесіне өте сақ қараймыз. Барлық шаруашылық пен орманды пайдаланушылардың өрттің таралуына жол бермейтін минералды жолақтарды жүргізуін қатты қадағалаймыз. Өртке қарсы күресте жаңадан шыққан технологияларды енгізуді де үнемі ескеріп отырамыз. Қазір 11 шаруашылықта өртті бейнекөрініс арқылы табу мүмкіндігі бар 16 интерактивтік кешен 20-22 метр биіктіктегі мұнараларға орнатылған. Сонымен бірге орман қорын бақылайтын 3 дрон бар», дейді Е.Тәшімов.
Бұлардан басқа биыл облыстық бюджеттің есебінен орман шаруашылықтарына 300 млн теңгеге 2 өртсөндіргіш машина, 8 дөңгелекті трактор және 12 квадроркоп алынып, таратылып берілген. Қазір шаруашылықтар материалдық-техникалық жабдықтау нормативі бойынша 87 пайызға қамтылған.
Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуына қарағанда, биыл өрт қауіптілігі маусымы басталғаннан бері 14 рет қау шөп пен қоқыстар жанып, өрт 3,4 гектар жерді қамтыған. Алайда орман өрті әлі болған жоқ. Былтыр 6 рет орман өрті болып, ол 28,6 гектар жерге жайылған.
Биыл тасқынның күштілігінен көптеген орманда әлі су тұр. Сондықтан ұтқыр топтардың ормандарды аралап, рейдтер жүргізуі де төмендеп кеткен. Биыл олардың саны 209 рет болған, ал былтырдың сәйкес мерзімінде жасалған рейдтер саны 247 еді. «Өрттің жайылуы өте қауіпті және тұрғындарды әсіресе осындай өрт алаңдатады. Кейінгі үш жылда өңірімізде бірнеше үлкен өрт болып, 12 тұрғын үй мен 200-дей саяжай құрылыстарын жоқ қылды. Әсіресе былтыр мамыр айында Береке шағын ауданында болған өрттің қасіреті зор болды. Бұл өрт 9 тұрғын үйді құртып, 2 үйді жарамсыз етіп кетті. Сондықтан өрт қауіпсіздігіне жалпы халық болып сақтық жасауымыз керек», деді Д.Растихин.
Солтүстік Қазақстан облысы