АТЫРАУ. 14 қаңтар. Атырау қаласында жолаушылар тасымалдайтын автобустың бірі екі адамды басып кетті. Екі жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова хабарлағандай, қайғылы оқиға бүгін таңертеңгі сағат 08.15-те болған. Нақтылай айтқанда, №12 бағытта жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушісі «Тамаша» ойын-сауық орталығы маңында жаяу жүргінші жолында екі әйелді басып кеткен. Ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмған екі әйелдің бірі 1953 жылы, екіншісі 1954 жылы туған. Қазір автобус жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясындағы 345-баптың 4-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші қамауға алынды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: Атырау облыстық ішкі істер департаменті.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.