• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Cағыныш

501 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Ертіс өзені жағалауы 23 ноябрь көшесі, 14 үйде Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың жары Сәбира апамыз тұрады. Осы көшедегі тарихи ғимараттардың бірінде 1908-1909 жылдары семинариялық курста Жүсіпбек Аймауытов білім алған деген тақта тұр. Қазақтың біртуар ұлының ізі қалған семинария үйінің ауласында біраз үнсіз тұрып, алдын ала хабарласқанымыздай, апамыздың пәтер қоңырауын бастық. Бізге есікті батырдың жары, аяулы апа­мыздың өзі ашты. Үстелдің үстін альбом, сарғайған қағаздар, кітаптар, фотосуреттерге толтырып қойыпты. Апамыздың әңгімелесуге тыңғылықты дай­ындалғаны көрініп тұр. Оны қоя тұр. Алдымен дәм ауыз ти. – Жүр қызым, ас үйге, деді келе-сала үстел үстіндегі көп дүниені ақтарып қарастыра бастағанымда. Жасым 87-ге келді, ас үйде жүріп тамақ пісіретін хал-қуатым бар әзірше, апаңның пісірген дәмді тоқаштарын кейін еске алып жүрерсің, деді дастарқан басында. Жұмыс орным Махмет Қай­ырбаев атындағы көшеде дейсің бе? Оңды болған екен, қарағым. Кеңес Одағының Баты­ры атанған атаңның рухы қолдап жүрсін. Украина, Белоруссия, Литваны жаудан азат етуге қа­тысты. 90-жылдары көзі тірі кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен көше­ге есімі бе­рілді. Тілеуіміз қабыл болып, Елба­­сы аман болсын, – деп батасын берді. Бұдан кейінгі әңгімеміз үлкен үйдегі кітап, қағаздар толы үс­тел басында жалғасын тапты. Апамыздың Батырға ұнаған парасатты, байсалды, сабырлы мінезінен үйренеріміз де көп екен. Батыр сізді алып қашыпты дей­ді ғой апа, деп сұрадым бір сәт. Алып қашса керім сұлу болған шығармыз, деп ақырын жымиып күліп алды. Мұзафар Әлімбаев бізге арнаған өлеңінде: «Халықтың ұлы атанып елге оралды, Елеусіз бір баласы еді Қайырбайдың, Махмет бақ сыйласа Сәбираға, Сәбира бақыт болды Махметке», деп жазды. Махмет қарапайым еді. Елу жылдай бірге өмір сүрдік. Немере, шөберелерін көрді. 1996 жылы шілде айында Махмет те өмірден өтті. Биыл осымен 18-ші жыл Жеңіс күні м­ерекесін біздің отбасымыз ба­тырсыз қарсы алдық. 1925 жы­лы қаңтарда ол кезде Семей губерниясы дейді, одан кейін Бесқарағай ауданы Семиярка деген жерде дүниеге келді. Ата-бабалары өзіміздің Май ауданы, Аршалы жазығындағы Құлмырза тауын мекен еткен көрінеді. Махметтің атасы Қабзолда ишан Құлмырза ауылында мешіт салып, балалардың сауатын ашқан. Меккеге қажылыққа барып, мұ­сылмандық парызын өтеген. Қабзолда ата тұңғыш немересі Қайырбайды өсірді. Қайырбай ата қажының әулетінде өскені үшін тұтқындалып, атылып кетеді. Ядролық полигонның батыс шекарасы Ертіс өзенінің сол жағалауымен өткен. Махметтің ата-бабасы тұрған Құлмырза есімі берілген ауыл мен тау, ата-баба зираты сол жабық аймақта қалды. Әкесі Қайырбай Мұқатай, Мамыртүбек дейді ол кезде, қазіргі Курчатов қаласы арқылы Семиярка ауылына көшіп келген ғой. Менімен сол жерде танысты. Ауылда мұғалім болды. 37-жылдары 12 жасында әкесін халық жауы деп алып кетеді. Соғыс басталғанда 16 жасында майданға сұра­нып өтініш бергені де, әкем халық жауы емес деп ақтап алғысы келді, деп көзіне жас алды. Марқұм  Әзілхан Нұршайықов ағамыз жазған «Батырдың өмірі» атты кітаптан оқы­ғандарым бар еді апа, дедім үнсіздікті бұзып. Соғыста танктерге қарсы шай­қасатын бата­реяның командирі болды. Жаудың әр танкін ол «Әкем үшін!» деп жойдым деп айтатын. Соғыс біткенде 20 жасар Махмет Кеңес Одағының Батыры атағын алып, елге оралды. Әкесінің халық жауы емес екенін дәлелдеді деген осы ғой, қызым. 1944 жылы тамыз айында бұларды Литваның Шяуляй қаласына 15 артиллеристпен бірге фашистер қоршауында шайқасып жатқан әскерге көмекке жібереді. Сол шайқаста Махметтің жауынгерлері жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, оларды Шяуляйға өткізбейді. Осы ерлігі үшін 1945 жылы оған 24 наурызда Махмет Қайырбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Калинин, Смоленск, Витебск түбіндегі шайқастарға, 1944 жылы жазда 3-Белоруссия майданының әскерлерімен және партизан құрамалары қатарында Минскіні, 1-Балтық майданында литвалық Паневежис, Шяуляй қалаларын, Елгава теміржол торабын азат етуге қатысты. Сол шайқаста Махмет атамыз «ЗИС-3 маркалы екі зеңбіректі қоршаудан алып шыққан екен, деп сұрақ қойдым мен де әңгімені сабақ­тап. Ә, Әзілхан жазған кітаптан оқып айтып отырсың ғой, деді апай. Иә. Махмет Қайыр­баев «Багратион» шайқасында генерал Баграмян басқарған 1-Балтық майданы әскерлерінің қатарында Витебск, Полоцк қалаларын жаудан азат етуге қатысыпты. Батарея жау танкілерімен бетпе-бет келеді. Жарты сағаттан кейін Қайырбаевтың жауынгерлері жау танкілерімен шайқасын бас­тайды. Күн батқанға дейінгі шайқаста жаудың төрт танкісін өртеп, оларды қалаға қарай өткізбейді. Зеңбіректерді өзен­нен өткізерде сал жасап арғы жағалауға жеткізіпті. Батыр ағамыз артиллериялық ату мен тактикалық дайындықты жетік меңгеріпті. Шяуляйды құтқару операциясында да немістер қоршауда қалған жауынгерлерге жеті рет шабуыл жасайды. Төртінші күн дегенде барып, Махмет Қайырбаев бастаған топ зеңбіректі жау қолына қалдырмай, жаяу сүйретіп, полктарына қосылады. Полк командирі Мель­ников: мен сендерден айырылдым ғой деп ойладым, деп батырды құшақтай алады. Мен кітаптан оқымай-ақ бәрін де жатқа білемін, қызым. Ұмыта қойған жоқпын әлі. Қазір де сол кезінде Махмет жиі айтатын соғыс жылдарының жаңғырығы кей-кейде менің де ойыма оралады. Өмір мен өлім ортасынан келді. Жазықсыз жапа шеккен әке рухы қолдаған шығар. Өмір бойы сабақ беріп, мұғалім болдым, өзің білесің, көптеген шәкірттер тәрбиелеген адаммын, қызым. Зеңбіректі сүйреп алып шыққан шайқас «Шяуляй танк шайқасы» деп аталыпты. Махмет айтатын, шайқас бір айға созылды деп. Жау бір күнде 400 танкіден жіберіп отырған екен. Біздің жаяу әскерлерді, танктерді артқа қарай шегіндіріп те тастайтын көрінеді. Соған қарамай, жаудың бізге жасаған бес шабуылын тойтардық деп отыратын. Басқа екі зеңбірек жау тойтарысынан істен шығып, Махмет қалған зеңбіректердің біріне көздеуші болып, жаудың үш танкісін жандырып жібереді. Жауынгерлері жауға қарсы тұрды. «Халық жау­ының баласы» деген сөзге қарсы тұрды. Анасы Мәликеге сүйеніш болды. 1941 жылы Семей мұғалімдер институтының әдебиет фа­культетіне оқуға түседі. Соғыс басталып, 1942 жылы аудандық әскери комиссариаттың ұй­ғарымымен бесқарағайлық қос жігіт Бадаев пен Қайырбаев По­дольск артиллериялық учи­лищесіне оқуға аттанады. 1943 жылдың сәуірінен бастап Махмет Қайырбаев Калинин майданына қатысты. 712-ші жойғыш танкке қарсы артиллериялық полк командирінің бұйрығымен лейтенант Қайырбаев 5-ші бата­реяның командирі болып тағайындалады. Калинин, 1-Балтық және Ле­нинград майдандарындағы ұрыс­­тарға қатысты. Шяуляй ұры­сы артиллеристер үшін айтар­лық­тай сынақ болды. Шяу­ляй жанындағы шайқаста ко­ман­дирлер Н.Сазонов пен С.Гор­ш­­­­ков, зеңбірек ны­са­нашы­сы Н.Ефи­мов пен бата­рея командирі М.Қайырбаев Кеңес Одағының Батыры атанды. 1977 жылы 135,1 шыңында Шяуляй қаласын жаудан азат еткен Кеңес армиясы әскерлеріне арналған ескерткіш-мемориал ашылды. Осы оқиғаға орай өткен жиында Кеңес Ода­ғының Батыры, Павлодар об­лыстық атқару коми­тетінің тө­р­­­­ағасы Махмет Қайыр­баев қатысты. Соғыс қырғын ғой, жеңіс елге оңай келген жоқ, міне, 70 жылдай уақыт өтті, ауыр естелігі естен әлі кетер емес, қарағым. Жалғыз мен емес, соғыста, тылда бүкіл халық ерлік жасады, менің ерлігім менің халқым жасаған ерліктен биік емес, дейтін Махмет. Зеңбірек демекші, Махметтің жау қоршауынан алып шыққан зеңбіректі 1991 жылы Литва жаққа біздің соғыс ардагерлері өтініш жазып, сұратты ғой. Со­дан, 1992 жылы ақпан айында Вильнюстің музейінде тұрған жерінен Павлодарға жеткізілді. Есте­лік естен кетпейді дедім ғой, Махметтің өзі полк командирін, майдандас достарын үнемі айтып жүретін-ді. Ақыры, сол 70- жылдары Воронежде тұратын бұрынғы полк командирі Г.Мель­ников Павлодарға келді. Полк командирінің Павлодарға келгенін Әзекең (Нұршайықов) жазған. Осы кездесудің куәсі де болды. Жазушыға керегі осы, әңгімелесіп тап-тұйнақтай етіп жазып шықты. Әзекең мен Махмет бір-бірімен жылдар бойы сыйласқан жандар ғой. Бейбіт күнде кездескенге не жетсін, соғыс кезіндегі әңгімелерін, майдандас дос-жарандарын айтып екеуі де бір жасап қалды. Сөйтіп, полк командирін қазақы шапан жауып, дәстүрімізге сай лайықты күтіп, шығарып салдық, деп Сәбира апамыз алдымызға сурет толы альбомды қойды. Сарғайған суреттер сырының бір өзі куәсі болғандықтан әрбіреуіне ұзақ тоқталып, әңгімелеп берді. Айы-күніне дейін ұмытпай, ол күні жаңбыр жауып тұрып еді дейді есіне алып. Әлі күнге дейін көңілінде жастай қосылған сүйген жарға деген ыстық ықылас, бірге жүрген күндерге деген сағыныш кетпегенін байқайсыз. Қайта өткен­нің естелігін айтқан сайын қуанып, қуат алатындай. Соғыстан кейін, 1946 жылдан бастап Махмет Қайырбаев кеңес және партия органдарында, бейбіт өмірді қалыптастыруда қызмет атқарады. Тың жер­лерді игеру науқаны басталды. 1946-57 жылдары Успен және Ақсу, Ақтоғай аудандарын басқарыпты. Ал, 1968-76 жылдары Павлодар облыстық комитетінің екінші хатшысы, 1976-1982 жж. облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. Соңында соғыс жылдары жазған хаттары, майдандастарының естеліктері, соғыстан кейінгі жылдардағы кездесулерден сыр шертетін суреттер мен бейнематериалдар, КСРО Қорғаныс министрлігінің Подольск мұрағатынан алынған көшірме құжаттар, қуғынға ұшыраған атамыз жайындағы жазбалары қалды. 1946 жыл­дың жазында аға лейтенант Қайыр­баев өзінің Семиярск ауылына оралды. Аудандық кеңестің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі мең­герушісі болды. 1946-1957 жылдар аралығында Павлодар облысының Бесқарағай, Успен, Ақсу аудандарында басшылық қызметтерде еңбек етті. 1956 жылы Махметтің әкесі ақталды. Әрбір сурет өткен жылдардың шежіресіндей сыр шертеді. Өзі жау қоршауынан алып шық­қан зеңбірек қазір облыс орта­лығындағы Батырдың бүгінгі күнге қалдырған естелігіндей Әс­кери даңқ музейінің алдында тұр. Сәбира апамыздың үйі­нің бір қа­бырғасын алып тұрған қоңыр шкафтың іші толы кітаптар, кітап болғанда да қолға түсе бер­мейтін шетел, орыс және қазақ жазушыларының шығармалары екен. Мұның барлығы да Махмет атаң оқыған кітаптар, соғыс жайлы жазатын орыстың жазушысы Константин Симоновты жата-жастана оқитын, қолы босай қалса кітапқа үңілетін, өзің көріп тұрғандай міне, өте көп жинады. Барған жерлерінен ылғи кітап әкелетін еді, соңын­дағы ұрпағына қалды мирас болып. Біздің де ғұмырымыз осы кітаптардай ғой қызым, сағымданып алыстап кетсе де өзіңе айтып берген әңгімедей жан-жүрегіңде жазылып қалады екен. Ал, өткеннің бағасын білу  – бүгінге парыз, деді қоштасарда батырдың жары. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.