Евгения Путиловамен Пушкин кітапханасында онлайн-кездесу өтті
Шығыс өңірінде «Қазақстан-Ресей: шекарасыз ашық оқулар» халықаралық жобасы аясында ресейліктермен кездесулер жалғасуда. Таяуда облыс орталығындағы А.Пушкин атындағы кітапханада А.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің құрметті профессоры, Санкт-Петербург қаласы Жазушылар одағының мүшесі, «Четыре века русской поэзии детям» атты үш томдық кітаптың авторы Евгения Путиловамен онлайн-кездесу ұйымдастырылды.
Жақында жарық көрген үш томдық басылым авторының айтуынша, аталған кітап орыс әдебиетінің фольклордан бастап қазіргі кезеңге дейінгі поэзиялық даму энциклопедиясы іспетті.
Онлайн-кездесуге өңірдегі филология мамандары, балабақша тәрбиешілері және кітапханашылар қатысты. Жазушы Евгения Оскаровна шығармашылығы жөнінде Ленинград облыстық балалар кітапханасының директоры М.Куракина әңгімелеп, таныстырды. Жазушымен кездесу әдеттен тыс онлайн-жүйеде өткізілсе де, қос тараптағылар кеңістік айырмасын сезінген жоқ. Жазушы ілкіде күйеуінің қызметіне байланысты Қазақстанды аралап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мемлекеттің бүгінгі даму келбетіне қаныққанын ерекше атап өтті.
Евгения Путилованы қаламгер-әріптестері «орыс балалар әдебиетінің әжесі» деп атайды. Ол – балалар әдебиетін филологиялық зерттеулердің негізгі нысанына айналдырған қаламгер. Көптеген жылдар бойы ел арасында сақталған, халық аузында жатталған туындыларды зерттеуде елеулі еңбек етті. Жазушы ізденісінің нәтижесінде орыс поэзиясы балаларға арналған туындыларының бірқатары өз авторларын тапты.
Өскемендік оқырмандар сауалына орай Е.Путилова өзі редакторлық еткен «Детская литература» оқулығының толығымен жапон тіліне аударылғанын және жуырда жарық көретінін жеткізді. Бүгінде аталған еңбектен алынған үзінділер жапондық журналдарға жарияланып үлгерген.
Кездесу соңында орыс балалар әдебиетінің өкілі алдағы уақытта тағы да Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.