• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Мамыр, 2024

Алматы-Қостанай пойызында оба жұқтырған жолаушы болған

139 рет
көрсетілді

Оқу-жаттығу тапсырмасына сәйкес оба жұқтырған науқас Алматы-Қостанай бағытындағы №43 жолаушылар пойызының екінші вагонында келе жатқан. «Железнорудный» станциясынан кейін жолаушының жағдайы нашарлаған. Ол жолсеріктен бірнеше рет көмек сұраған, бірақ қызуды басатын дәрілерді қабылдағаннан кейін жағдайы жақсармаған, деп жазады Egemen.kz. 

«Алматы-Қостанай» пойызы бүгін таңертең сағат 10:30-да соңғы нүктесіне жетті. Перронда төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем қызметкерлері, полиция қызметкерлері және жұқпалы аурулар мамандары күтіп тұрды.

«Мұндай оқу-жаттығулардың мақсаты – барлық теміржол қызметтерінің функционалдық міндеттерін, атап айтқанда, хабарламаларды таратушы диспетчерлік қызметтердің және төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғаныс штабтарының функционалдық міндеттерін орындау. Сондай-ақ облыс пен қаланың медициналық ұйымдарымен және басқа да ұйымдарымен өзара байланыста болу керек», дейді Қостанай қалалық көліктегі ведомстволық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жібек Юсупова.

Дәрігерлер мен жолсеріктер 1986 жылы туған науқастың бір күн бұрын Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы туыстарына барғанын анықтады. Дәрігерлер қауіпті ауруды жұқтырған адамды да, онымен байланыста болған жолдастарын да тексерді. Нұсқауларға сәйкес жолсерік ауру жұқтырған жолаушыны мүмкіндігінше басқалардан оқшаулауы керек.

«Біздің міндеттерімізге алдымен осы вагонды қоршау, инфекцияның одан әрі өршуіне жол бермеу үшін басқа жолаушылардың кіруіне жол бермеу кіреді. Бұл жағдайда біз вагондарды жауып тастаймыз, яғни теміржол көлігіндегі жолаушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген», деді Қостанай стансасы әкімшілік полиция басқармасының бастығының міндетін атқарушы Әсет Жақыпов.

Ережеге сәйкес, инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған барлық жолаушылар медициналық мекемеде егжей-тегжейлі тексерілуге ​​тиіс. Барлық адамдар вагоннан шыққан соң арнайы топ залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Төсек-орын толығымен алынып, мұқият өңделеді. Мамандар Қазақстанда оба ауруы соңғы рет 2003 жылы тіркелгенін айтады. Ал биыл елімізде тырысқақ ауруының үш жағдайы анықталды, олардың барлығы басқа елдерден әкелінген. Ал Қостанай облысына келетін болсақ, соңғы бес жылда аса қауіпті жұқпалы аурулардың ошағы тіркелген жоқ. Бірақ қызметтер бәрібір кез келген нәрсеге дайын болу үшін жаттығулар жасайды.