Мәдениеттің көшін алға оздырып жүрген әрбір маманның, талант иесінің тағдыр шұғыласының бір парағы сән-салтанатымен айшықталды. Көздің нұры мен көкіректің жырын қатар аңғартқан сол мәдениет саласының қызметкерлері Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында әсем әнмен шалқып, күймен қалқығандай сезілді. Кейбір ардақтылар омырауына еңбегінің өтеуіндей көрінген төсбелгілерді тағынса, кейбір жерлестеріміз әртүрлі марапатқа ие болды. Ал Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы үздік мәдениет мекемесі атанып, ұжымға автокөлік сыйға тартылды.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты кеш Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әні мен би композициясынан бастау алды. Ұлы Даланың дара ойшылының «Сәулең болса кеудеңде» жыры театр актерлерінің орындауында асқақтады. Рухани салтанатта алғашқы болып сөз алып, сала қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев алдымен жәннат мекен тұрғындары мен мәдениет саласының өкілдеріне облыс басшысының ыстық сәлемін жеткізді.
«Мәдениет – қоғамның рухани қозғаушы күші, халықтың ортақ игілігі. Кез келген ұлт ең алдымен өзінің төл тарихымен, дәстүр-салтымен, өркенді өнерімен әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі бола алады. Бұл орайда Жетісу сан ғасырлық тарихында өзінің мол мәдени мұрасымен мақтана алады. Осы рухани сабақтастықты үзбей, жаңа заманға сай дамыту үшін біз бұл салаға барынша қолдау көрсетіп келеміз. Мәселен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының биылғы бюджеті 15 млрд теңгеге жуықтап отыр. Осы салада еңбек ететін қызметкерлер саны 2 100-ден асады. Өткен жылы Қаратал ауданы Кәлпе ауылдық Мәдениет үйі, Қаратал тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілді. Ондаған нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, шалғай ауылдардағы мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда», – деген ол өз кезегінде өткен жылы атқарылған істерді, аталып өткен мерейтойларды айшықтады.
Сонымен қатар биылғы жоспарға да қысқаша тоқталып өтті. Мәселен, биыл Мұхаметжан Тынышпаевтың 145, Пышан Жәлмендеұлының 140, Ілияс Жансүгіровтің 130, Әбілхан Қастеевтің 120 жылдықтары аясында көрнекті қайраткерлердің өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталатын болады. Өз кезегінде қазақ бейнелеу өнерінің атасы саналған Әбілхан Қастеевтің бюсті Талдықорған қаласында орнатылмақ.
«Ел идеологиясы мен сананы жаңғырту бастамаларында мәдениет саласының алатын орны ерекше. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең алдымен, өз туындыларымен танымал болуы керек, қоғамға, әсіресе жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, парасаттылықты күтеді», деді. Шынында да әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар іске асырылып жатқан ел өмірінің жаңа кезеңінде зиялы қауымға артылар жүк ауқымды. Халықтың рухани байлығын еселеумен қатар қоғамның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне өнер адамдарының қосатын үлесі зор», – деп айрықша атап өткен Марлен Қапашұлы мәдени сала мамандарын марапаттауға көшті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен Дина Нұрғалиева әжеміз бен театр майталманы Аман Қожабеков марапатталды. Еселі еңбегін ел руханияты үшін бағыттаған 16 жерлесіміз «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін омырауында жарқыратты.
Сол сияқты жылдағы дәстүрге сай Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай арнайы номинациялар бойынша үздік деп танылған азаматтар, мекемелер мен өнер ұжымдары марапатталды. Атап айтқанда, Мәдениет үйі қызметкерлері арасынан әр аудан-қаладан жалпы 10 адам үздік деп танылды. Сондай-ақ «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», «Үздік аспапшы», «Үздік дәстүрлі әнші», «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік театр артисі», «Үздік музей қызметкері», «Үздік кітапхана қызметкері» аталымдарының жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Сонымен бірге «Үздік халық театры» атағын Көксу аудандық Мәдениет үйінің Мұқыры халық театры, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» аталымын «Алтын дән» халықтық ән-би ансамблі, «Үздік музей» атағын Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі, «Үздік кітапхана» – Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «Үздік Мәдениет үйі» аталымын Алакөл ауданы Қабанбай ауылдық Мәдениет үйі жеңіп алды. Аталған аталымдардың барлығының жеңімпаздарына арнайы диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Ал аймақтағы «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» ретінде облыстық Д.Рақышев атындағы филармония танылып, оған жеңіл автокөліктің кілті берілді. Шара барысында «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған «Құрмет» орденінің иегері Дина Нұрғалиқызы мен «Үздік дәстүрлі әнші» аталымын жеңіп алған Бейбіт Мұсаев сөз алып, өнерін дәріптеген, мәдениетін мәуелеткен елдің алар орны қашанда төр екенін айшықтады. Оған қоса руханиятына көңіл бөліп, өнерпазын баулып, оған қамқорлық жасап, ақсақалдары мен ақжаулықты аналарын ардақтап жүрген облыс басшыларына, атқамінер азаматтарға алғысын жеткізді. Көпшілікті төл мерекелерімен құттықтады. Игі іс-шара облыстық Д.Рақышев атындағы филармониясы бастаған жетісулық өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.
Жетісу облысы