• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Еуроодақ есеңгіреп тұр

348 рет
көрсетілді

Біз сәуегей де, көріпкел де емеспіз. Бірақ көптен бері ерулі атқа ербие мініп жортқандай етегі елбең-елбең етіп жүрген Еуропаның бүгінде елең-алаң жолдың нағыз айрығында тұрғанын пайымдау қиын емес. Бұған «Кәрі құрлықтың» негізін құрап отырған Еуропа одағының алағай да бұлағай күн кешіп, ертеңгі күнінің еңсесі нендей болары түсініксіздіктің түйткіліне ұрынып тұрғаны басты пайым. Оның үстіне, одақ елдерінің өзі ішіне де іріткі түсе бастағанына біраз болып қалды. Осының бәрі еуроаймақтың күндердің күнінде қирай кететінін аңғартып тұр.

Гректер кетсе, Еуроаймақ іргесі сөгіледі

Грекияның премьер-министрі Антонис Самарас 2014 жылғы желтоқсанда елді құт­­қарып қалу жөніндегі қазіргі бағдарламаның жұмысын алдағы ақпан айы­ның соңына дейін созу туралы ха­лық­аралық кредиторлар «үшті­гімен» келісімге қол жеткізді. Осылайша Еуропа комиссиясының, Еуропа орталық банкі мен Халықаралық валюта қорының кепілдемесін алған Эллада елі 25 қаңтарда мерзімінен бұрын өтетін болып белгіленген парламент сайлауына беймарал дайындала бастады. Бірақ бір нәрсе айқын, сайлауда жеңіске жеткен партияның қай-қайсысы да жоғарыда аталған бағдарламаның аясы одан әрі кеңей­­­тіле түсуіне тезірек келісім алуға мәжбүр болады. Мәселе мынада, Грекия наурыз айында Халықаралық валюта қорының €1,5 млрд. ($1,77 млрд.) қаржысын қайтаруы, ал сәл кейінірек бұдан да маңыздырақ борыш мін­дет­темесін жабуы тиіс. 2014 жылы елдің сыртқы қары­зының жалпы ішкі өніміне қатысы рекорд­тық көрсеткішке жетіп, 174,9 пайызды құрады. Ал ең төменгі деңгей 1980 жылы орын алып, 22,6 пайызға тоқтап еді. Өткен жы­лғы желтоқ­санда елдің парламенті 2015 жылғы бюд­жетті барынша оптимистік сарында, Грекия эко­номикасын 2,9 пайызға көте­ру және ішкі жалпы өнім 3 пайыз дең­гейін­­дегі алғашқы профит тұрғысында қабылдады. 2014 жылғы бюджеттің тапшы­лығы жалпы ішкі өнімнің 12,7 пайызға жуығын құраған жағда­йында жасалғанын да айта кетуіміз керек. Енді Грекияға көмектің жаңа қалтасын алу немесе бұрыннан барын ұлғайту жөнінде келісімге ке­лудің орайы келіп жатса, оған өз қарыз­дары бойынша дефолт жария­­лау процедурасын бастан кешетін болады. Эллада елі 2010 жылдан бері халықара­лық дағдарысқа қарсы бағдарламаның көмегі­мен тіршілік етіп келеді. Ол кезде көмектің бірінші бағдарламасы бөлетін ақшаның көлемі 110 млрд. еуро болатын. Алайда, бұл қаржы елдің табанынан тік тұрып кетуіне жетпеді. Сондықтан 2011 жылы аясы 2012 жылдан 2014 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтитын 130 млрд. еуро мөлшеріндегі екінші бағдарлама бекітілді. Сонымен, былтырғы жылдың соңында аталмыш бағдарлама да жұмысын аяқтаған еді. Тек, жоғарыда айт­қа­нымыздай, премьердің күш салуы арқасында ғана көмек көрсетуді ақпанның ақырына дейін соза тұруға мәміле жасалды. Ал Еуропа орталық банкі содан әрі Грекияның банк жүйелерін қаржыландырудан бас тартса, елдің үкіметі ең соңғы мүмкін болатын қадамға – өз валютасын шығарып, еуроаймақтан шығуға баратын болады. Және бұл жай қорқыту үшін істелетін қоқан-лоққы емес. 2014 жылдың соңында грек банктерінен кеткен депозиттер көлемі 3 млрд. еуродан асып түсті. Егер жағдай қазіргідей үргін-сүргін қалпында қалып, соңғы нәтиженің не болатыны белгісіз күйінше қала берсе, шығыс ауқымы тек ұлғая береді. Осы орайда гректер 2013 жылдың соңында елді дефолттан соңғы сәтте ғана құтылып үлгерген Кипрдің ахуалына тап болудан қорқады. Сол жолы арал –мемлекет үкіметі ауысқаннан кейін ол елдегі екінші дәрежелі банктерді жою, банктердің жеке сектордағы қарыздарын сызып тастау және 100 мың доллардан артық қаржыны төлемнен алып тастау арқылы Халықаралық валюта қоры мен Еуропа одағынан 10 млрд. еуро көлемінде ақша алды. Ал 2013 жылдың наурыз айында капитал қозғалысының шектеулілігі, сарапшылардың пікірінше, іс жүзінде елді еуроаймақтан шығарып тас­таумен бірдей болды. Осылайша Еуропа орталық банкі тіпті биліктің ауысуының өзі Еуроодақ қаржы институттарын қорғауға бағытталған реттеушінің іс-әрекетіне тежеу сала алмайтынын көрсетті. Қазір жұртты алаңдатып отырған басты мәселе, ертең сайлаудан жеңіп шығатыны күмән келтірілмей тұрған оңшыл радикалды «Сириза» коалициясының лидері Алексис Ципрас «үштіктің» талабын орындаудан бас тартып, үкіметтің мемлекеттік және муни­ципалдық басқару жүйесін­дегі, салық салу мен еңбек рыно­гындағы жүргізіліп жатқан реформаларын жиыстырып қоя салуы мүмкін. Оппозиция кезінде бұл жаңалықтарды өмірге ендіруге қарсы дауыс берген болатын. Рас, «Сириза» басшылығы өздерінің шетелдік инвестициялар мен бизнес­тің дамуына қарсы емес екендерін мәлім­деген. Бірақ экономика сала­сындағы бұрынғы сәтсіздік­терге жауап бермейтінін де жеткізді. Алексис Ципрастың айтуынша, коали­цияның жеңісі «Грекия­ның қалпына келтірілуінің басы» екенін білді­рілетінін, егер партия өз үкіме­тін құра алса, басты бағыт еуро­аймақты «неолиберал тәжірибе­сінен әлеуметтік қорғау мен өсім моделіне» айналдыруға бағытталады. Дегенмен, Еуроодақты сынаға­нына қарамастан, «Сириз» оның көмегінсіз ештеңе жасай алмайды. Солшыл коалиция жоспары тармақтарының бірі Еуроодақтан 5 миллиард еуро көлеміндегі кредит болып отыр. Егер мұның бәрі орындалмайтын болса, Грекияға одақтың есігін тарс жауып кеткеннен басқа жол қалмайды. Сол кезде еуроаймақ құлауының бірінші шегесін суыратын осы ел болып шығады.

«Оңтүстік тасқынның» орны бөлек еді

Еуропаның көптеген елдерінің басшылары Ресейден газ жеткізуге арналған «Оңтүстік тасқын» жобасын «тірілтуге» болатынынан әлі үміттерін толық үзе қойған жоқ. Солардың бірі – Болгария премьер-министрі Бойко Борисов Еуроодақтың кедергі келтіруі мен «Газпромның» бұл магистраль құрылысынан бас тартуына қарамастан, осы құбырды өз елінің жерімен жүргізуді қалайтынын білдірді. Мұның алдында Брюссельдің айтағына еріп қалған София бұл жобаның сырт айналуының өзінен 50 млн. долларға жуық қаржыдан айырылып қалғалы тұрғанын кеш сезді. Сарапшылардың пікірлерінше, енді «Оңтүстік тасқынның» Балқан түбегі арқылы тартылуы үшін дауыс берушілер қатарына Австрия, Сербия, Венгрия, Италия, тіпті Германия мемлекеттері де қосылып кетуі мүмкін. Себебі, Ресейдің газы жұрттың бәріне керек. Сондықтан Брюссель ұсынып отырған басқа нұсқаның олардың талаптарын қанағаттандыруы күмән туғызады. «Болгария «Оңтүстік тасқын» жобасының жүзеге асырылуы үшін барын салады, деп атап өтті Бойко Борисов Брюссельде Еурокомиссия энергетика одағы төрағасының орынбасары Марош Шефчовичпен жүргізілген келіссөзі аяқталғаннан кейін. Біз құбырдың болгар жерімен өтуіне үлкен мүдделілік танытамыз». Бұл оның Еуроодақтың бұған балама ретінде ұсынған жобасына оншалықты қанағаттана қоймағанын байқатады. Ал «Оңтүстік тасқын» дегені­міздің өзі не? Аталмыш газ құбы­рының жобасы бұдан 10 жылға жуық уақыт бұрын ойластырылған еді. Себебі, Украина жерімен өткен бұрынғы құбыр бойындағы дау мен талас жыл озған сайын ушыға берді. Ақырында 2009 жылы қазіргі дағдарыстың да басы басталды. Мұның соңы айтылған жобаның жасалуына апарып жеткізді. Қарастырылған газ құбыры Ресейдің Батыс-Сібір ойпатындағы кен орындарынан алынатын газды оңтүстіктегі жаңа арна арқылы Еуропа елдеріне жеткізуді көздеді. Украина аума­ғын айналып өтетін ендігі құбыр­лар Австрия, Болгария, Венгрия, Грекия, Сербия, Слове­ния және Хорватия арқылы Батыс­тағы тұтынушыларға Сібір­дің сапалы газын тасымалдайтын бол­ған. Жоба аталған машрут­қа қаты­сушылардың бәрінің көңілдерінен шықты. Себебі, он­дағы елдердің әрбірі «көгіл­дір отын­ды» тасы­мал­дауға қатыс­қан­дары үшін көретін жеке жеңіл­діктерінен бөлек, өз бюджеттеріне 400-500 млн. доллар шамасында қосымша табыс кіргізетін еді. Сол тұста бұлардың жолына аяқ астынан Еуроодақ жата қалды. Ол аталмыш елдердің қайткен күнде де жобаға араласпауларының жолдарын қарастырып бақты. Қазір «Кәрі құрлықтың» Ресей отынына тәуелділігі 30 пайыз шамасында. Ал «Оңтүстік тасқынның» іске асырылуы бұған тағы 10-15 пайыздық тәуелділікті қосады. Осыны аңдаған одақ екіұдай жолдың үстінде қалды. Былай тартса арба сынады, былай тартса, өгіз өледі. Оған бір жағы өзін Украинаның ықпалынан құтқаруды қамтамасыз ету керек болса, екінші жағынан қажетті мөлшерде отынды алып тұруға қол жеткізу мін­деті қойылды. Осы тұрғыдан кел­генде, «Оңтүстік тасқын» тұйық­тан шығудың ең оңтайлы мүмкіндігін ұсынатындай көрінді. Алайда, көп ұзамай пенделіктің пешенесіне жазылғаннан аса алмаған Еуроодақ «байдың асын байғұс қызғанадының» кебін киіп, жұрттың бәріне ұнап қалған жобаның желкесінен қиғаннан артық жолды таба алмай, абдырады да қалды. Мұның басы ретінде ол «Газпромды» газ құбырына толық иелік етуден ажыратып, оның тізгінін Еуропаның белгісіз бір компанияларына ұстата қоюды ұсынды. Былайша айтқанда, өзгенің бұйымына өңгенің билік жасауы керектігін алға тартты. Бүгінде дәл осын­­­­дай талапты Еуро­комиссия одақ елде­­­­­­­рі­не отын жет­­кізушілердің бәріне қойып отыр. Бірақ «Оңтүстік тасқынның» жөні мүлдем бөлек болып шық­ты. Қалай қарастырғанда да, бұл құбырға «Газпромнан» басқа иелік ете алатын қуатты кәсіпорын табылмады. Ал жобаның бірнеше баламалы нұсқасы болды. Соның Nabucco деп аталатын біріншісі «Баку-Тбилиси-Эрзурум» бағы­тымен Түркия аумағына газ апаруды қарастырды. Ол жылына 20-30 млн. текше метр газды айдап шы­ғуға шақталды. Әйткенмен, ар­тық газы да, ақшасы да болма­­ған­дықтан, ол бас­талмай жатып тоқтап қалды. Сосын Иран мен Әзер­байжаннан тұрба тартатын тағы екі жоба қарастырылды. Бірақ қаржы­мен қолдау жағына келгенде, проб­лема туындай бергесін, олар да жы­лы жабылып, қоя салынды. Ал «Оңтүстік тасқын» жөнінде Еуроодақ түпкілікті қарар қабылдағаннан кейін, оны да тоқтатуға тура келді. Соның ішінде одақ алдымен Болгарияны бұл жобадан бас тартуға мәжбүр етті. Содан кейін Түркия арқылы тартылатын жаңа жобаны жүзеге асыру мәселесі көтерілді. Міне, осыдан кейін Балқан түбегіндегі елдер «Оңтүстік тасқын» жобасын қайта жандандыру жайын қайта көтере бастады. Тек олар бұған «қолдарын мезгілінен кеш сермеп» жатқан жоқ па екен, деген қауіп бар.

Литва еуроға көшті, қымбатшылық та келіп жатыр

Литваның еуроаймаққа көшкенін тойлағаны күні кеше еді, оның еуроны айналымға ендіргенінің алғашқы нәтижелері қазірден біліне бастады. Елдің статистика департаментінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың басынан еуроның енуіне байла­нысты қандай өнімдер бағаларының өсе түскені белгілі болып тұр. Бұл туралы BBC Russian хабарлады. Департамент қаңтардың алғашқы аптасында тұтынымдағы көптеген заттар бағаларының күрт өскенін жариялаған. Атап айтқанда, дүкендерде жүзімнің құны – 20, пияз – 11, әйел шұлықтары – 8,8, әжетхана қағазы – 7,4, кір жуатын ұнтақ – 4,7, ерлердің шаш алдырулары 2,7 пайызға қымбаттай түскен екен. Департаменттің мәліметіне сай, Литвада өткен жылдың ортасынан бастап екі валюта – лит пен еуро қолданыста қатар жүргізіле бастаған. Бұл жаңа валютаға күні бұрын бейімделе түсу мақсатынан туған. Соған қарамастан, көптеген сауда орын­­­­­дарының иелері бағаларды қымбаттата түсу­дің желеуін тапқан. Айталық, Литва мейман­­ханалар мен ресторандар ассоциация­сының төрағасы Гядиминас Бальнистің тұжырымына қарағанда, бәзбір сатушылар «тұтынушылармен есеп айырысуда қолайлы болуы үшін» зат бағасын жинақтап көрсетуге ерік берген. Осылайша бірқатар кафелер мен ресторандағы бағалар аяқ астынан бірден 10 пайызға көтеріліп шыға келген. Мәселен, егер бұрын кешенді тамақ 10 лит немесе 2,90 еуро тұрған болса, жаңа жылдан кейін бағалар еуроға көшкен кезде ол 11 лит немесе 3,19 еуро болып шыға келген. Мұндай баға ауытқушылықтары барлық дерлік бұйымдар мен заттар түрлерін шарпыған. Бағаны күрт өсіріп жіберушілік елдегі шағын жеке дүкендердің барлығын дерлік қамтыған. Панявежис қаласындағы кәсіп­кер­лердің бірі Йонас Катинас бірінші кезектегі керекті алкогольді ішімдік, темекі, бірқатар ет өнімдері секілді бұйымдар бағаларын түгел жинақтап шыққанын, сондықтан олар­дың бұрынғыдан айтарлықтай қымбат­тап кеткенін айтып отыр. Ал бұл секілді бизнесмендер барлық салада жетіп-артылады. Сонымен бірге, сарапшылар мұның бәрі елдегі баға өсірудің тек алды екенін айтып отыр. Нағыз өсім көктемге қарай қауырт көрінуі тиіс. Ол, әсіресе, еуроның доллармен салыстырғандағы бағасы арзандай түседі деп болжанып отырған алдағы уақыттарда айқынырақ білінеді. Бір айта кететін жайт, елде еуро айналымға енуіне байланысты мұнда 5000 компания мен 14 мың дүкен иелері жақын арада бағаны өсірмеу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Бірақ оның орындалып отырғаны шамалы. Осы ретте тұтынушылар құқығын қорғау қызметі алғашқы аптаның өзінде 600-ден астам кәсіпорынның осылайша тәртіп бұзып отырғанын анықтап үлгеріпті. Литвада еуро ақша айналымына көшуге байланысты тағы бір тосын проблема бой көрсетіп жатыр. Ол – жалған валютаны жасау әрекеті. Полиция департаментінің өкілі Рамунас Матонистің айтуынша, алғашқы аптаның ішінде қолдан еуро купюрасын жасауға әрекет еткен 30-дан астам дерек тіркелген. Департаменттегілер бұл үдерістің әзірге толас таппайтынын да біліп отыр. Сонымен бірге, бұл қитұрқы тірлікке Еуропаның басқа елдері азаматтарының да қатыстары барлығы анықталуда. Соның ішінде италия азаматтарының белсен­діліктері айқын байқалады. Олар 20 және 50 еуро номиналы бар қағаздарды бас­ып шығаруға көбірек күш салып тұр. Серік ПІРНАЗАР,       «Егемен Қазақстан».