• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Созақтағы хан мазары

1641 рет
көрсетілді

Тарихқа дәлдік керек. Түп-тұқиянын жазба жұмыстарымен емес, шежіремен түгендейтін, түгендеп те келген қазаққа ендігі жерде ғылыми жүйеге негіздеуіне бетбұрыс жасалды. Елбасы нақты тапсырма берді, қадау-қадау мәселелердің мәнісін тарқатты. Енді әркім көрпені өз жағына тартқанды қойып, шын тарих жазылуы керек. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің қайда жерленгені әлі күнге дейін белгісіздеу болып келе жатқандығы әртүрлі айтылып жүр. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында Әбілқайыр хан мен Жәнібек ханның қабірі Созақтағы Жуантөбе деген жерде деп айтылады. Оған тарихшы ғалымдар қате дерек деп бағасын берді. Мұхтар Әуезов 1960 жылдары Созаққа келгенінде бұрынғы қамал іргесінде тұрып: «Бұл жерлер жатқан тарих қой, – депті. – Мы­нау Созақта қазақтың екі ханы жатыр. Қарт Қаратаудың әр қой­науы толған сыр ғой. Анау Баба ата, Құмкент, Шашты Әзиз әулие – бәрі-бәрі құпиясын ішке бұғып жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң, талай тарихқа қанығар едің, шіркін, қолды бір босатып алып зерт­тер ме еді» деп армандаған екен. Қазақтың әрбір жәдігеріне ыждағаттылықпен қарап, халқы­мыздың жоғын түгендеуге үлкен үлес қосқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков 1993 жылдары Созаққа келгенінде қасындағы ғалым Мұхтар Қожаға: «Түбінде қазақ хандарын іздейтін, зерттейтін уақыт туады. Халқымыздың тарихы қалпына келеді. Тарихи болжамдарға қарағанда, қазақтың қос ханының қабірі осы Созақта делінеді. Соны зерттеңдер», деп аманат айтқан екен. Созақтың басынан өткен тарихи кезеңдерін шашауын шығармай тырнақтап жинап жүрген жергілікті тарихшы, кеудесі алтын сандық Сүлеймен Тәбрізұлына да осы бағытта ізденуді өтініпті. Тарихи деректерге сүйенсек, Әбілқайырдан іргесін аулақтатқан Керей мен Жәнібек өзіне ерген тайпаларымен қопарыла көшіп Моғолстанға, Есен-Бұға ханның қарамағына келгенде қазақ көшінің Шу мен оған қапталдас жатқан Мойынқұмға келгендігі айтылады. Сол ғасырларда осы өңірдің тарихи-мәдени сауда орталығы Созақ шаһары болғандығы, оның VI ғасырдан XIX ғасырға дейін өмір сүргендігі белгілі. 1946 жылы Әлкей Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы мен 1947-1948 жылдарда А.Н.Бернштам басқарған археологиялық экспедицияда осы деректер расталады. Яғни, өз алдына байрақ көтеріп, тарих сахнасына қазақ ұлтын алып шыққан Керей мен Жәнібектің сол тұстағы тірек қала Созақты жайлағандығы тарихтан мәлім. Жақында Асекең – Асанәлі Әшімов «Созақтың шырақшысы» деп баға берген Созақбай Әбді­құловтың бастауымен Созаққа барып қайттық. Бұрын да талай барған жеріміз ғой. Бұл жолғысының мәнісі бөлек. Созақ өңірінде Кеңес өкіметіне қарсы қылыш көтерген атақты Созақ көтерілісінен кейін жергілікті азаматтардан ауданға бірінші басшы сайланбаған. Кеңес империясының сауысқаннан сақ қызылкөздері «бұл өңірден басшы шықпасын» деп қызыл сиямен белдеуден бір тартқан деседі. Екі мыңыншы жылдардың басында Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев сол сеңді бұзып, Созақтың Созақбайын әкім етіп тағайындаған. Әбдіқұлов мал мен жанның амандығын ғана ойлайтын жай қатардағы басшының бірі емес, тарихты да қаузап, халқымыздың төрт құбыласын түгендей жүретін көшелі кісі. Ал Созақ, Әзіреті Қаратау – қазақтың төл шежіресіне тұнып тұрған өңір. Әбдіқұлов әкім Шолаққорғанға кіреберісте «Жастар аллеясын» ашып, ортасына қазақты жеке мемлекет деңгейіне жеткізген Керей мен Жәнібекке ескерткіш орнатқан. Қазақстанда бірінші рет. Авторы көрнекті сәулетші Аман­жол Найманбаев. Сәкең Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа телефон шалып, әңгіме барысында Керей мен Жәнібектің қабірі Созақ қамалында деген ел аузында айтылып келе жатқан деректі жеткізеді. Бердібек ағамыз: «Онда Бақтияр екеуің барып, мәселе көтерің­дер, анық-қанығын «Егеменге» жазың­дар. Әрі қарай тарихшы, археолог ға­­­­­лым­дарды іске қосамыз», деген екен. Бұл жолғы сапар мәнісі осы. Бұрынғы Созақ қамалының орнында ауылдың бір топ ақсақалдары тосып тұр екен. Алды алпыс, соңы сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ағаларымыз «қамал төрт қақпалы екенін үлкендерден естігенбіз, көз алдымызда соқпа тамдар құлап жатты. Бала кезімізде көк күмбезді кесененің үстіне шықтық, асыр-салып ойнаған едік-тен» әрі аспады. «Неге білмейді?» деп оларға кінә арта алмайсың. Қылы­шынан қан тамған Кеңес импе­риясының қанды қасабының соңғы құрбандары – Созақ көте­рілісшілері осы қамал­да соңғы сарбазына дейін оққа ұшқан. VI ғасырдан бері өмір сүрген, үлкен сауда орталығы, тірек қала болған қамалдың жермен-жексен қиратылуында осындай гәп бар. Ұлы әулие Қарабураның кесенесін бұзып, кірпішін құрылысқа пайдаланамыз деген қызыл белсенділер хандық дәуірден белгі қалдырмауға шын тырысқан ғой. Діттеп келген кісіміз бар еді. Сүлеймен Тәбріз ақсақал. Өзбекәлі Жәнібековтің аманатын орындап, көзі тірі шежіреші қарттардан тырнақтап дерек жинаған, арғы-бері тарихты қотарып, безбенге салған, талдау жасаған, жақсылардың сөзін терген азамат расында мол қазына иесі. Сүкеңе бардық. Ол кісі айтты. Біз қағазға түсірдік. – Ең әуелі Созақ шаһарының көне «Жібек жолының» үстінде пайда болған қамал-қала екендігін аңғаруға болады. Дәл түбінде қарт Қаратаудың күнгей бетінде орнаған Шабғар-Ясы-Түркістан қаласы 1500 жылдығын тойлаған болса, көне Созақ шаһарының сол қаладан бір жасының да кем еместігіне күмән келтіруге болмайтын сияқты, – дейді Сүкең. Созақ шаһары Қазақ ханды­ғының қалыптасу кезеңінде тірек қала ретінде шешуші маңызға ие болды. Осыған орай атақты ғұлама Әлкей Марғұлан: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде Созақ посел­ке­сін­де сол аттас қамал қала бар, ол қазақ жерлерін біріктірудің бастапқы кезеңінде қазақ ханды­ғының тірегі болған. Созақ қырға жақын тұрған ірі сауда-қолөнер орталығы еді, онда көптеген керуен сарайлары, тұрғын үйлер мен сауда дүкендері және қолөнер тауарлары, атап айтқанда, былғары, ұста, зергерлік және керамикалық тауарлар өндірілген шағын шеберханалар болған», – деп жазады. Созақ пен оның айналасындағы қоныстар жайлы: «Қаратаудың солтүстік беткейіне орналасқан Созақ әрдайым-ақ далалық аудандарда билік жүргізуі үшін де, сонымен бірге, Түркістандағы қалалар үшін де Қазақ хандығы әкімдерінің сыртқы жаумен күресіндегі басты таянышы, стратегиялық тұғыры болды. Созақ тек жақсы бекініс қана емес, сонымен қатар, далаға қарай шығыңқы орналасқан сауда, қолөнер кәсібі орталығы болатын. Созақ төңірегінде материалдарда атал­ған және археологтар зерттеген өзге отырықшылықты қазақ қоныс­тары: Күлтөбе, Ран, Тастөбе, Тас­қорған, Көктөбе қалалары да болды. Олардың кейбірі бекі­ніс­тер, бас­қалары егіншілікпен айна­лыса­тын­дардың ауылдары еді» деп жазады. Қазақ хандары осында жер­лен­генін айтқанда, жергілікті халық аузында айтылып келген пікірді ескерусіз қалдыруға болмайтын сияқты. Жасы егде тартқан кез келген Созақтың ұқпа құлақ байырғы тұрғындарынан сұрасаңыз барлығы бір ауыздан қамал-қаланың түстік жақ шетіндегі қазір тегіс жерге айналып, белгі қалмаған орынды «Хан мазары» деп көрсетеді. Біздің сұрауларымызға көп жылдар бойы ұстаздық еткен Абдужалилов Майюсіп: «Өрқақ­паның тау жақ шетінде, қамалдың дуалының түбінде «қос мазар» болатын. Қамал құлағанда мазарлар да тегістеліп кетті. Қабірдің басындағы зумруд тәрізді жасыл түсті шошақ белгіні балалар ұрып сындырғанын немесе біреу алып кеткенін білмеймін. Осындай адам тығыз тұратын жерге тегін адамды жерлемейді», – дейді. Ғұлама молда Батыр Қожам­құлұлы: «Өрқақпаның үстінде екі мешіт болатын, біреуі «Мәмет Халпе» мешіті, имамы Абдали дамулла, екіншісі оның шығыс жағындағы Жақыпбай салдырған мешіт, имамы Қарамағзұмның баласы Жалалиддин еді. Осы екі мешіттің арасында жөлек-жол болатын. Сол жолдың бойында дуал түбінде «Хан мазары» болатын»,  деп ол тегіс жерден қабірдің орнын қалай анықтайтынын былайша түсіндірді: «Мынау арық сияқты болып жатқан жолдың орны. Дуалдар құлағанда жолға топырақ аз түсіп арық сияқты болып қалған. Ал қабір осы жолдың бойында еді», – дейді. Созақтың зиялы адамы Мәжит Мадиярұлы: «Мен «Хан мазарын» зерттеймін дегендерге жәрдем берер едім. Себебі, қабір­дің орналасқан жерін жақсы біле­мін», – дейді. Осы сияқты пікірді көптеген қариялар айтқан еді. Айта кететін бір жайт, әрқайсысымен әр мезгілде сөйлессек те, олардың барлығы бір орынды анық көрсеткен еді. Олардың айтуынша, 1950 жылдарға дейін Қамал-қаланың сыртқы жағында дуалға жапсарласа тұрған қос қабірді халық «Хан мазары» деп келген екен. Қабірлердің үстінде көк түсті, күйдірілген құ­мыра тәрізді белгі болған. Қамал­дың құлаған дуалдарының астында қалып, қабір тегістеліп кеткен. Айтушылар «Хан мазарында» Керей мен Жәнібек хан жерленген екен» десе, енді біреулері Жәнібек хан мен оның баласы Махмұд сұлтанның, кейбірі Жәнібектің немересі Ақназардың қабірі екен дегенді көлденең тартады. Бүгінгі күндері ұқпа құлақ зерделі қариялар қатарының азайып бара жатқандығын есепке алсақ, «Хан мазары» деп халық ардақтап келген орынды ғалымдарымыз қашан тексеріп, анық-қанығына жетер екен деп толғанасың. Керей мен Жәнібек ханның және оның балаларының Созақ жерінде болғандығын тарихи деректер де растайды. Бір деректе 1470 жылы қыста қазақ ханы Керей қол бастап, Түркістанға шабуыл жасайды. Қазақ ханы әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырады, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденеді. Сөйтіп, 1470 жылы Сырдария жағасындағы екі қала – Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына кіреді. Махмұд сұлтан 1470 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Созақ шаһарының билеушісі болады. Тағы бір деректе Түркістан үшін болған бір шайқаста Жәнібек хан Суындық асуында қаза табады. Осы айтылғандардан Жәні­бекті сол кезде жау қолында бол­ған Түркістанға жерлемей, қазақ хандығының бас қаласы бол­ған Созақ шаһарына жерлеуі әбден мүмкін сияқты. Ал тарих­шыларымыздың «Шайбани­на­мадан» алып келтірген бір дере­гінде осы Суындық асуында Шайбанимен болған бір соғыста Махмұд сұлтанның бетіне қылыш тиіп, мұрнымен қоса бетінің тегістеліп кеткендігі айтылады. Белгілі тарихшы Фазлоллах ибн Рузбихан Махмұд сұлтан жайлы мынандай мәлімет береді: «Сауран, Созақ түбінде, Қаратаудың Со­ғынлық асуында және басқа жерлерде бірнеше ірі шайқастар болып өтті. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхаммед Шайбани басып алып, жеңістер мен жеңілістер жау­ласушы екі жақтың да үлесіне тиіп отырды. Сондай шайқастың бірінде Жәнібек ханның ұлы Махмұд сұлтан қаза тапты. Ол Созақтың қожасы еді, ал оның інісі Иренші Сауранды иеленіп тұрды». Осы қисынға қарағанда, Созақты ұзақ уақыт билеген Жәнібектің баласы Махмұд сұлтанның қабірінің де әкесінің қасына жерленуі табиғи шындыққа келетін сияқты. Созақ шаһарының батысындағы Ақназар деген жердің атын да халық Ақназар ханның атымен байланыстырып айтады. Ақназар – жердің аты. Қазақ хандығының алғашқы хандары Жәнібек, Керей, Бұрындық, Қасым, Тәуекелдің қасиетті қадам жайы болған киелі Созақ шаһарының батыс жағындағы бес шақырым шамасындағы, топырағы құнарлы, таудан келетін ағын суымен қатар, суы мол мөлдір бұлақтары бар, шаруа мен егіншілікке қолайлы орынды жергілікті халық «Ақназар» деп атап келген. Жергілікті халық «Ақназар» атын жылы ықыласпен жиі тілге алады. Олай болуының бірінші себебі, оның табиғатының көркем­дігі мен жерінің шаруаға қолай­лылығы болса, екінші себебі, қазақ хан­­дығының ел болып қалып­тасуын­да қажырлы күрес жүргізген аты аңызға айналған атақты ханы Ақ­назардың есімімен байланыс­ты. Соңғы кезде осы қазақ­тың атақты ханының атына байланыс­ты деректер ұмыт болуға айналды. Міне, ежелден қазаққа құт-қоныс болған Созақ қаласы, ондағы «Хан мазары» жайлы Сүлеймен Тәбрізұлы бастаған ақсақалдар айтқан деректер осы. Қазақ тарихының аса білгірі, әрбір деректерін ауадан алмай архив материалдарымен түйіндейтін Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романын жазуға қалам оңтайлағанда ақ қағазға мынадай сөйлемдер түскен. «Тарихтың тоғыз жүз тоқ­сан алтыншы тышқан жылы наурыз туып, қар сөгіле шығыс Дешті-Қыпшақтың падишахы Тәуекелдің сауын айтып, шұғыл шақыруымен киіз туылдырықты қазақ ұлына үкім жүргізуші қасқа-жайсаң ­атаулы Қаратаудың терістігін­дегі Созақ қаласына құрылтайға ­жиналды». Сол заманда қазақта Созақтан үлкен қала болса, ұлы хандар сол қалада жиналмас па еді? Яғни, тарихи қисындар Созақтың қазақ хандарының ордасы, астанасы болғандығын растайды. «Хан мазары» жағдайына келсек. «Созақ қамалында қазақ­тың екі ханы жатыр» деп әуелде Әлкей Марғұлан айтты. Сосын Мұхтар Әуезов айтты. Өмірінің соңғы жылдарында қатты ауырып, дерті сүйектен өтсе де Созаққа барып «қазақ тарихын түгендейтін уақыт келеді. Меніңше, Керей мен Жәнібектің сүйегі осында жа­тыр, зерттеңдер» деп Өзбекәлі Жәні­беков ағамыз аманат қалдырды. Үшеуі де қазақ үшін әр сөзі асыл азаматтар, білмеген жайт жайлы айтпайды. Хан мазарында анық кім жатыр? Киіз туылдырықты қазақты жеке мемлекет еткен Керей мен Жәнібек пе, әлде соғыста шейіт болған Жәнібек пен оның ұлы Махмұд сұлтан ба?! Биыл қазақ дербес мемлекет ретінде іргесін көтерген Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтіледі. Бұл әрі тарт пен бері тартта жүрген қазақ тарихының біржола түгелделетіндігінің бас­тауы болмақ. Құдай жеткізсін. Ал оған дейінгі атқарылатын шаруаның бірегейі, қазақтың қос ұлы ханының мазаратын табу, ескерткішін орнату сияқты жұмыс­тар қолға алынуы керек. Тағы да кейінге оралайық, Созақбай Әбдіқұлов Созақта әкім болып тұрғанда қос ұлы ханға шаңырақ көтертіп, ескерт­кіш қойды. Бірақ, ол – симво­ликалық дүние. Сөз басында, айтулы тұлғаларымыздың тарихи дәлелдікпен демей-ақ қоялық, бір ізбен салынған бей­несінің жоқ­тығынан есімізге сақтай алмай­тындығымыз, жас ұрпақтың тез ұмытатындығын айтқан едік. Әсілінде, бір ғылыми-зерттеу институты негізінде хан, батыр, билеріміздің бейнесін бір ізге түсіретін мезгіл жетті. Сонда ала-құлалық болмайды. Созақ қамалындағы Хан мазары, Керей мен Жәнібек жайлы мүмкіндігінше айттық. Біздікі тек ой салу. Ойласуға шақыру. Қазақстан Үкіметі осы мәселеге мұрындық болса, қанеки. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.