• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Жыл жетістігі жетерлік

359 рет
көрсетілді

Дзюдо – жер жүзіне ең танымал спорт түрінің бірі. Бүгінде спорттың бұл түрінен дүниежүзінің көптеген елдерінде ұлттық федерациялар жұмыс істеп, Күншығыс елінің төл күресін дамытып жатыр. Біздің елде де дзюдо күресімен айналысатын жастардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Осы орайда Дзюдо федерациясының жастарды спортқа тартып, күрестің бұл түрін дамытуда жасап жатқан жұмысын айта кеткеніміз жөн. Жақында біз «Дзюдо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті Маратбек МЫҚТЫБЕКОВПЕН өткен жылы елімізде дэюдоны дамыту үшін қандай жұмыстар жасалғаны туралы әңгімелескен едік. – Былтыр ұлттық құра­маны жарыстарға дайындау мақсатында қандай жұмыс жүргізілді? – Алдымен ұлттық құраманың дайындығына байланысты айтарым, біз кеңесші-жаттықтырушы ретінде бельгиялық белгілі бапкер Александр Яцкевичті шақырдық. Ол кезінде 10-нан астам Олимпия ойындарының және әлем бірін­шіліктерінің жүлдегерлерін және 50-ге жуық Еуропа чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушы. Өзі Олимпия ойындарының және әлем бірін­шіліктерінің жүлдегері, үш дүркін Еуропа чемпионы. Қазір Еуропа дзюдо одағының спорт директоры қызметін атқарады. Осы білікті маманмен ақылдаса келе, ерлер ұлттық құрамасының 2014 және 2015 жылдарға арналған жаттығу жоспары жасалды. – Жалпы алғанда, былтыр елімізде қанша жарыс өткізілді? – Өткен жылы әртүрлі жастағы спортшылар арасында 4 ел бірін­шілігі өткізілді. Ересектер арасында басқа мемлекеттерден келген спортшылардың қатысуымен 5 турнир, жастар және жасөсіпірімдер арасында 6 жарыс, оның ішінде Қарағанды қаласында өткізілген жасөспірімдер арасындағы Азия ашық кубогын атап өткен жөн. Әрине, ең үлкен жарысымыз Астанада өткізілген Гран-при. Оған 40-қа жуық мемлекеттен 300-ге тарта спортшы қатысты. Осы турнирде біздің дзюдошылар 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иегері атанды. Жарыстың ұйымдастырылу дәрежесі халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан жоғары бағаланды. – Өңірлердегі спорт мектеп­теріне федерация тарапынан қан­дай да бір көмек көрсетіле ме? – Дзюдо федерациясы облыс­тардағы спорт мектептерінің материалдық-техникалық базаларын нығайту жолында да жұмыс жасауда. Екі жыл ішінде дзюдо бөлімшелері мен түрлі мектептерге 13 комплект татами мен 178 комплект кимоно берілді. – Жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру мақсатында қандай жұмыс жүргізілуде? – Федерация спортшылар мен төрешілердің және бапкерлердің біліктілігін арттыру үшін ерекше көңіл бөлуде. Халықаралық семинарлар мен біліктілігін арттыру курс­тарында 30-ға тарта жат­тықтырушы мен төреші оқып келді. Өңірлерде отандық және шетелдік білікті мамандарды тартып, семинарлар өткізу арқылы кадрларды оқытуға көңіл бөлінуде. Осы бағытта 2014 жылы елімізде 7 семинар өткізілді. Ұлттық құрама сапындағы спорт­шыларды оқытуға жіті көңіл бөлінуде. Барлығы түрлі жоғары және басқа да оқу орындарында оқиды, бірқатары білім ошақтарын бітіріп үлгерген. – Спортшыларға қандай медициналық көмек көрсе­тілуде? – Федерация жұмысының негізгі бағыттарының бірі – спорт­шылардың ауруларының алдын алу, түрлі жарақаттан кейін оларды еліміздің және шетелдік емханаларда емдету. Конфедерацияның көмегінің арқасында биыл Ислам Бозбаев пен Лим Сергей шетелден сапалы медициналық көмек алып, бейімделу үстінде. Допингке қарсы орталықпен бірлесе тыйым салынған препараттарды қолданбау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше келеңсіз жағдайдың орын алуын, спортшылар мен бапкер­лердің тыйым салынған препараттар мен сусындардың және тағамға қосатын заттардың тізімін толық білмеуінен болды. – Қазақстанда дзюдо күресін жастар арасында насихаттауда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? – Елімізде дзюдоны насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жасалуда. Федерацияның ресми сайты жұмыс істеуде. Жақында әлем біріншілігінің сайтын іске қостық, өткізілетін шаралардың барлығы ақпарат құралдарында жарияланып отырады. Федерацияның «Қазспорт» телеарнасымен тығыз жұмысын ерекше атап өту керек. Осы арнадан жанкүйерлеріміз жа­рыстар мен дзюдошылар туралы материалдарды көре алады. – Дзюдоны дамытуда спорт­тық жекпе-жек және күш қолда­нылатын спорт түр­лері конфе­дерациясының рөлі қандай? – Конфедерация құрылғаннан бері материалдық және қаржылық мәселелер толыққанды шешілді. Оқу-жаттығу өткізетін спорттық базалар саны көбейіп, оларды жаб­дықтау жағы да жоғары деңгейге көтерілді. – Биылға қандай негізгі шаралар жоспарланып отыр? – Қазақстан үшін халық­аралық дзюдо федерациясының Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігін өткізу құқығы беріл­гендігінің өзі ма­ңызды. Бұл дзюдоның елімізде әрі қарай на­сихат­талуына мүмкіндік бермек. 2013 жылдың қыркүйегінде Халық­аралық дзюдо федера­ция­сының президенті Мариус Визер, Қазақстан дзюдо федерация­сының президенті Кеңес Рақышев және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов дзюдо орталы­ғының құры­лысына сәттілік тілеп, алғашқы кірпішін қалаған еді. Енді осы спорт ордасының құрылысын осы жылы аяқтау жоспарланып отыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».