• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Сараптама 28 Мамыр, 2024

АЭС-ті кімге салдырған тиімді?

1061 рет
көрсетілді

Егер еліміз атом электр стансасын саламыз деп шешсе, онда ең абзалы француз тәжірибесін пайдалануға бо­лар еді. Оған себеп көп. Бірін­ші кезекте ой­ға оралатыны – оның тарихы. Фран­­цияның ядролық энергетикамен қа­рым-қатынасы тым ерте қа­лып­тас­ты. Оны сонау Анри Беккерел, Пьер және Мария Кюримен байланыстырып қарай аламыз.

Екінші назар аудартатын фактор – тә­жірибесі. Франция соңғы 40 жылда өзі тұтынатын электр энергиясының 70 пайызын АЭС арқылы өндірді және өндіріп келе жатыр. Сонымен қатар әлемде ядролық энергия үлесі жоғары нөмірі бірінші мемлекет болып есептеледі. 1979 жылға дейін Франциядағы энергия көзінің 56 пайызы қазба байлық, негізінен көмір есебінен өндірілді. Содан бері ел атом энергетикасына көшті және көшбасшылық позицияға орнықты.

Үшінші фактор – қуаттылығы. Францияда жалпы қуаттылығы 62 ГВт болатын 56 АЭС бар және бұл көрсеткішпен АҚШ-тан кейін, Қытайдан алда, яғни әлемде екінші орында тұр.

Тағы бір фактор – көпжылдық ынты­мақтастық. Француз компаниялары біздің елге 90-жылдардың соңынан бастап ынтымақтастық орнатты. 1996 жылы «КАТКО» қазақ-фран­цуз бірлескен кәсіпорны ашылды. Өткен жылдың қараша айында Франция Пре­зиденті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келіп, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөз жүргізгенін білеміз.

Бесінші маңызды мәселе  – ресурс. Қазақстан әлем бойынша уран өндірісінің 42%-ын қамтамасыз етеді, ал «Қазатомөнеркәсіп» АҚ (КазАтомПром) таза үлесі 22% құрайды. Бұл компания – уран экспорты мен импортының, атом электр стансаларына арналған ядролық шикізат пен арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар бойынша ұлттық оператор. Барлық кен орындары Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақстан 2009 жылдан бері уран өндірісі бойынша бірінші орында келеді. Қазіргі уақытта франциялық «Orano» компаниясы біздің елімізде «Қазатомөнеркәсіппен» бірлесіп бүкіл уран өндірісінің 7 пайызын игеріп жатыр. Осы тұрғыда бірлескен жобалар, жаңа кен орнын игерудегі француз компанияларының тәжірибесі өте маңызды.

Меніңше, Франция да Қазақстанмен серіктестік орнатуға мүдделі. Оған Африка елдерінде болған ахуалдар әсер еткені сөзсіз. Мысалы, Нигер – әлемдегі уранмен қамтамасыз етуші негізгі елдердің бірі. 2022 жылы әлемдік нарықта сатылған уранның 5%-ы Нигерден болған. Нигердегі уран өндірісімен көп жыл бойы «Orano» компаниясы айналысады және шикізатты басты сатып алушы ел – Франция. 2023 жылы Нигерде болған әскери төңкеріс уран бағасына ерекше әсер етті. Оған қоса, мұндай қақтығыстар ушығып кетсе, уран өндірісінің тоқтап қалу қаупі де болжанды. Франция электр энергиясының 70%-ын атом энергетикасынан алатынын ескерсек, бұл ел үшін үлкен тәуекел болып саналады.

Жалпы, уран кен орындарына бай Африка елдерінде (Чад, Орталық Африка Республикасы, Нигер) болып жатқан геосаяси ахуал Еуропа елдері үшін басқа альтернатива іздеуге мәжбүрледі. Әрине, Қазақстан үшін бұл жақсы мүмкіндік бола алады. Айтылған факторлардың барлығы дерлік атом энергетикасы бойынша Франциямен серіктестік орнатуға негіз болады. Әрине, АЭС салу тұрғысынан сан салалы пікір бар. Бұл ретте Ресейдің де аты жиі ауызға ілігеді. Мұнда уран өнеркәсібіндегі рөлі зор. Уран өндірісі бойынша «Росатом» компаниясы біздің «Қазатомөнеркәсіптен» кейін әлемде 2-орында тұр.

Өткен жылы «Росатом» Қазақстандағы «Буденовское» кен орнының 49%-ын сатып алды. Бұл кен орнының 2023 жылғы қор көрсеткіші 114 мың тонна немесе «Қазатомөнеркәсіп» жалпы қорының 20%-ын құрады. «Росатом» Қазақстандағы АЭС құрылысын тізгіндеуден ынталы. Алайда Ресейдің өзі еліндегі электр энергиясының тек 20%-ын ғана АЭС арқылы өндіріп отыр. Осының өзі көп нәрсені меңзесе керек. Салыстырмалы түрде, француз компания­ла­рының атом электр стансасы бойынша тәжірибесі мол, сапасы да жоғары саналады.

«Росатом» да, «Orano» да әлемді 85% уранмен қамтамасыз ететін 9 компания қатарына кіреді. Дегенмен ұлттық мүддені де ойлау маңызды. Бір ғана серіктес елге тәуелді болып қалмас үшін, әртүрлі бәсекелестік орнатып, ынтымақтастықты кеңейткен абзал. Қазақстан әлі де 20-30 жылдай әлемді уранмен қамтамасыз ете алады. Бізде ашылмаған жаңа кен орындар бар. Осы әлеуетті тиімді әрі ұтымды пайдалану – қазіргі заманның басты сынағы.