• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыр атлетика 29 Мамыр, 2024

Өрендер жетістігі

108 рет
көрсетілді

Перу астанасы Лимада ауыр ат­ле­тикадан жас­өспірімдер ара­сын­дағы әлем біріншілігі аяқ­талды. Бай­рақты бәсекеде бақ сы­наған 9 өреніміздің төртеуі елге олжалы оралды.

Қазақстанның зілте­мір­шілері арасынан жарыс жолына алғашқы болып 67 кг салмақтағы Ақжол Құрманбек шықты. Атақты Үштөбе ауыр атлетика мектебінің түлегі жұлқып көтеруде алдына жан салмады. Аса шиеленісті тартыс жаттығудың екін­ші түрінде жалғасты. Чемпиондық атақтан үміт­керлер үшеу еді. Олар – мы­сырлық Хус­сейн Ха­муда Аб­дель­рахман, мол­до­валық Алек­сандр Бал­жи және Ақжол Құр­­манбек. Үшеуі әбден ті­ресті. Тартыс ша­рық­тау ше­гіне жетер тұс­та Балжи бәсекелестікке шыдамай, қола медальды қанағат тұтты. Енді қалғаны – екеу. Өкі­нішке қарай, қандасымыз соңғы мүмкіндігін пайдалана алмай, басты қарсыласын алға жі­беріп алды. Нәтижесінде, Ақ­жол күміспен күптелді. Оның нәтижесі – 285 кг (129+156). Бас жүлде Мысыр спортшысына бұйырды. Чемпионның көр­сеткіші – 286 (128+158) кг.

Келесі күні 89 кг салмақта сайысқа түскен Нұрдос Сабыр алыстағы Оңтүстік Америка құрлығында қазақтың әнұранын шырқатты. Былтырғы әлемдік додада күміспен күптелген қан­­­­дасымыз бұл жолы алдына жан салмады. Қоссайыстың қо­­рытындысы бойынша ол 333 (148+185) килограмдық зілте­мір­ді еркін еңсерді. Екінші орынды еншілеген армениялық Валерик Мовсесян Нұрдостан 4 кг кем көтерсе, өзбек Бекзод Гофуржонов үшінші сатыға жайғасты.

Көп кешікпей өзінің коман­далық әріптесінің жеңісті жо­лын Аянат Жұмағали жал­ғастырды. Ол 76 кг салмақ дә­ре­жесінде әлем чемпионы атанды. Аянаттың нәтижесі – 222 (97+125) кг. Бір айта кетерлігі Аянат барлық алты мүмкіндігін ұтымды пайдаланды. Күміс пен қола медальды финляндиялық Мини Хормавирта (211 кг) мен үндістандық Санжана Санжана (210 кг) өзара бөлісті. 81 кг сал­мақта сынға түскен Сәния Ор­манбаева 201 кг салмақты тік көтеріп, қола медальды мойнына ілді. Қазақ қызы италиялық Сара Дал Бо (207 кг) мен венесуэлалық Людисмар Апарико Алфонсоны (206 кг) алға жіберіп алды. Ал Дарья Балабаюк (59 кг) – төртінші, Әли Медетбаев (73 кг) – бесінші, Дидар Абдолла (102 кг) мен Еділ Асқаров (+102 кг) алтыншы орындарды қанағат тұтты.

Нәтижесінде 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медальды олжа­лаған Қазақстан құрамасы жал­пы ко­ман­далық есепте Ко­лумбиямен бірге үшінші және төртінші орындарды өз­ара бө­лісті. Ал­­дымызда – Ве­­несуэлла (3+1+1) мен Үн­дістан (2+2+2). Сондай-ақ ТОП-10 коман­даның қа­тарына Өзбекстан (1+1+2), Мысыр (1+1+1), Сирия, Грузия, Түрік­мен­стан (1+1+0) және Түр­кия (1+0+2) құрамалары енді. Лимада барлығы 15 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 29 елдің туы биікте желбіреді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Албанияның Дуррес қаласында өткен әлем бірін­шілі­гінде Қазақстанның жас­өспірімдер құрамасы 2 алтын, 2 күміс олжалаған еді. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін Таися Алексееваның қанынан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектің іздері байқалып, ол күміс медальдан айырылды.

 

Жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпаздары

Ерлер: 49 кг – Фреди Андрес Бустилло (Колумбия), 55 кг – Рамазан Ефе Юлмаз (Түркия), 61 кг – Давид Варгас Кампос (Венесуэла), 67 кг – Хуссейн Хамуда Абдельрахман (Мысыр), 73 кг – Бедебрат Бхарали (Үндіс­тан), 81 кг – Руслан Рахматжонов (Өзбекстан), 89 кг – Нұрдос Сабыр (Қазақстан), 96 кг – Мо­хамад Алкатеб (Сирия), 102 кг – Сүлейман Жафаров (Түрік­менстан) және +102 кг – Ираклий Векуа (Грузия).

Қыздар: 40 кг – Преетисмита Бхол (Үндістан), 45 кг – София Эстрада Велез (Колумбия), 49 кг – Луция Гонзалес Боррего (Ис­пания), 55 кг – Николета Кожакару (Молдова), 59 кг – Мария Паз Касадевалл (Аргентина), 64 кг – Алехандра Ренгифо Шириноз (Венесуэла), 71 кг – Йесмар Ошао Родригес (Венесуэла), 76 кг – Аянат Жұмағали (Қазақстан), 81 кг – Сара Дал Бо (Италия) және +81 кг – Етта Майя Лове (Канада).