• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2015

Ерінбеген етікші болатынның заманы өткен

350 рет
көрсетілді

Алдына кеуделі мақсаттар қойып, биік межелерге қол созған ел үшін қоғамның әрбір мүшесінің белсенділік танытуы аса маңызды. Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы осы ретте қыз-келіншектердің  елдік мұратқа ұмтылудағы рөлін бұрынғыдан да еселей түсуді өзінің алдына қойған басты міндеттерінің бірі санайды. Біздің тілшіміз Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және  отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшесі,   Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан СӘРСЕМБАЕВАҒА жолығып, оған осы тұрғыда атқарып жүрген жұмыстар жайын айтып беруін сұраған еді. – Раушан Біргебайқызы, қауым­дас­тықтың атының өзі сіздердің негізінен қыз-келіншектердің іскерлігін арттыруға қызмет ететіндеріңізді білдіреді. Қазіргі таңда нәзік жандылардың іскерлік қабі­лет­терін арттыруда қандай қадамдар қажет деп санайсыз және әйелдердің әлеу­е­тін қоғам дамуында пайдалану дә­ре­же­­сі жеткілікті деңгейде деп ойлайсыз ба? – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты халыққа Жолдауында 2050 жылға дейін дамыған экономика мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы мүмкіншіліктері негізінде берекелі қоғам құру қажет екенін атап көрсетті. Жалпы алғанда, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуда қарапайым адамның әлеуметтік хал-жағдайының тегеурінді болуы ең маңызды индикатордың бірі дер едім. Ал Мемлекет басшысы қойған мақсаттарға қол жеткізу – қазіргі қаржылық-экономикалық дағдарысқа байланысты орын алып жатқан көптеген жаһандық өзгерістерге төтеп бере алатын, тиімді де әрекетшіл әлеуметтік модель қызмет істегенде ғана мүмкін болмақ. Әрекетшіл әлеуметтік модельді әйел­дер қауымынсыз елестету мүмкін емес. Тари­хымызға көз жіберсек, қазақ әйелінің қоғамда өз орны болғаны айқын аңдалады. Кешегі аттары аңызға айналған қазақ қыз­дарының сіңлілері олардың заңды жал­ғасы, бүгінгі тәуелсіз еліміздің еркін тынысты қыздары қоғамдағы қай істен де шет қалмауы тиіс. Кей жағдайда олардың қажетті ақпараттармен қамтылуы, өздерін және отбасыларын әлеуметтік жағынан қорғауда біліктіліктері жетпей жатуы мүмкін. Бірақ, қайткенде де, қазақ қызы қарекетсіз емес. Осы тұрғыда ойласа келе, өнімді еңбекпен қамтамасыз етуге, әлеу­мет­тік қамсыздандыру деңгейіне сайма-сай жағдай жасауға жәрдемдесуге және ха­лыққа әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсе­туге қатысты біраз жұмыстар атқарудамыз. 2011 жылдан бері Қазақстанда «Ең­бек­пен қамту-2020» Жол картасы» іске асырылуда. Ол бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірінші кезекте басты назар оқытып-үйретуге, жұмысқа орналастыруға, өз ісін ашуға және оны кеңейтуге, жұмыссыздық деңгейін азайтуға аударылып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен әлеуметтік-еңбек саласында құқық қорғау бойынша ақпараттандырылу деңгейін және «Еңбекпен қамту-2020» Жол картасына» қатысу мүмкіншіліктерін арттыруды мақсат тұттық. Осы оймен өз ісін ашу және жұмысқа орналасу арқылы әйелдердің әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуды көздеген «Әлеуметтік-еңбек саласындағы әйелдер арасында жүргізілетін ақпараттық-насихат жұмысы» жобасын қолға алдық. Сөйтіп, 3 өңірде – Алматы, Қостанай және Атырау облыстарында ақпараттық-насихат жұмыстары жүріп, семинарлар өтіп, оларда нысаналы топтарды айқындадық. Атап айтсақ, оның біріншісі – жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған әйелдер және жас қыздар, екіншісі – репродуктивті жас­та­ғы әйелдер, үшінші–зейнет алдын­дағы және зейнеткерлік жастағы әйелдер. Осы санаттардағы адамдармен ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп, олардың қандай құқықтары бар, өздерін қорғай алуды біле ме, зейнетақы жүйесінің реформалануына қатысты өзгерістерден қаншалықты хабардар, жалпы, әйелдердің жеке өз бизнестерін ашудағы бизнес-жос­парлар жасаулары тәрізді толып жатқан пайдалы кеңестер берілген семинарлар өткіздік. Олардың қорытындысында 50-ден астам әйелдің өздерінің ісін ашуға мүдделі екендіктері анықталды. – Сіздердің тараптарыңыздан осындай талабы бар әйелдерге қандай да бір көмек көрсетіле ме? – Бүгінгі күні ауылды жерлерде тігін, асхана, шаштараз істерімен айналысқысы келетіндер баршылық, біз соның ішінен бизнес-жоспарлары нақтыланған және оларды сәтті қорғап шыққан 57 әйелге қолдау көрсеттік. Ол қандай көмек? «Еңбекпен қамту-2020» Жол картасы» бой­ынша іс бастаймын деген әйел 3 млн. теңгеге дейін тиімді микронесие ала алады. 6 пайыздық өсіммен ғана қайтарылатын бұл несиенің бизнесті енді бастап жатқан адамға көмегі әжептәуір. Біз іскерліктің әліппесін жоғарыда жобалары іріктеліп шыққан әйел­дерге үйреттік, жобаларын қорғап шық­қандар енді сол микронесиелерін күтіп отыр, олар өз істерін ашады деп үміттенеміз. Әлеуметтік еңбек қатынастары сала­сын­дағы әйелдер арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын біз екі кезеңге бөліп өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Соның алғашқысы, өткен жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жоғарыда айтылған 3 облыста семинарлар өткізу еді, оған 1500 адам қатысты, екінші кезекте, әйелдердің құқықтық мәселелеріне қатысты туындайтын барлық сұрақтарға жауап беретін арнайы мамандар тарапынан кеңестер беруге «Жедел байланыс» желісін ашу болатын. 10 желтоқсанда Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте барша қазақстандықтарға осы туралы хабарланып, содан бері «Beeline» компаниясы ұсынған 69-69 қысқа байланыс нөмірінің көмегімен қазір тегін кеңестер берілуде. Ал «Beeline» абоненттері үшін байланыс мүлде ақысыз. Астана қаласының тұрғындары 78-25-69, 48-12-36 нөмірлеріне телефон шалып, кеңестер алуларына болады. Және бір айта кетерлігі, жобаны іске асыру барысында 50-ден асқандарға кешенді «(50+бастама)» жәрдемдесу жос­парына ерекше маңыз берілді. Қазақстан халқы қартаюға бет алған мемлекеттер қатарына жатқызылады, сол себептен зейнеталды және зейнет жасына келген халық категориясымен жұмыс жүргізу бағ­дарламасы бүгінгі біздің қоғамда жоғары сұранысқа ие және өзекті де көкейкесті мәселе болып табылады. Ал аталған халық категориясы – эко­но­микадағы еңбек нарығына қосымша адами ресурс ретінде іске қосып жіберетін мүлдем жаңа, соны категория. Зейнет жасының кезең-кезеңмен көтерілетіндігін ескерсек, еңбек тұрғысынан кемсітушілікке көбірек ұшырайтындар зейнеталды жасындағы адамдар, оның ішінде әйелдер. Компаниялар жұмысқа көбінесе жас адамдарды алғанды жөн көреді. Көп жағдайда тәжірибелі, білікті маман­дар жасы ұлғайғандықтан, ешкімге керексіз болып, көптеген қазақстандықтар кемсіту­шіліктерге ашықтан-ашық ұшырап жатады. Жұмысқа тұру жөніндегі өтініштердің жартысынан астам бөлігінде жас ерек­шеліктеріне қатысты шектеулер қойы­латыны анық. Әсіресе, бұл шектеулер 40-45 жастағы әйелдерге қатысты. Сондай-ақ, жұмысқа қабылдау туралы хабарландырулардан да түрлі шектеулерді көруге болады. Олардың ішінде, ең жиі кездесетіндері – жынысы анық көрсетілген шақырулар – жас мөлшері анық көрсетілген шақырулар – мүгедектігіне байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тарту жөніндегі ескертулер. Хабарландыруларды өте мұқият қарайтын болсаңыз, жүкті әйелдерге қа­тысты шектеулерді кездестіруіңіз екі­талай, алайда, іс жүзінде, 5-7 айлық жүкті әйел­ді жұмысқа қабылдауға әзір жұмыс беру­шіні табуыңыз екіталай. Тіпті, таба алмайсыз да. – Сонда не істеу керек? – Іскер әйелдер қауымдастығының жүр­гізілген жұмыстар барысында көз жет­кізгені – құзыретті мемлекеттік орган­дар­дың жұмысқа алу барысында жол берген гендерлік және жас ерекшеліктеріне байланысты кемсітушіліктерін анықтау үшін мониторинг әдісін қолдану қажеттігі. Осы ретте, жұмысқа орналасу барысындағы кемсітушілік фактілеріне пәрменді тойтарыс берудің маңызы аса жоғары. Біздің кеңес беретін «Жедел байланыс» қыз­мет­керлері осы тәріздес келеңсіздіктер орын алғанда не істеу керектігі жайында да ақыл қосады. Жалпы алғанда, әйелдерге қатысты түйткілді мәселелер көп. Еңбек кодексінің 194-1-бабына сәйкес, әйелдің жүктілігіне және босануына қатысты демалысына жасалған төлемнен Қор есебінен жасалған төлемді шегеріп тастау ерікті түрде еңбек, ұжымдық келісімшарттарда және жұмыс берушінің актісінде қарастырылған болса ғана жасалады. Алайда, іс жүзінде аталған айырмашылықты жұмыс берушілер төлей бермейді. Осы мәселелерді реттеу мақсатында және барлық жұмыс беру­ші­лердің аталған норманы орындауын қамта­масыз ету үшін аталған айырма­шы­лықтың міндетті түрде жұмыс беруші тарапы­нан төлену мүмкіндігін қарау қажет сияқты. Сонымен қатар, жастар, оның ішінде жас қыздар проблемасы да бар. Мәселен, жұмыс берушілер енді ғана университет қабырғасынан шыққан түлектен гөрі еңбек тәжірибесі бар, өзі жас, өзі дайын маманды жұмысқа қабылдауға ынталы. Сол себептен, қазіргі таңда, кадр нарығында үлкен үйлесімсіздік (дисбаланс) орын алып отырғандығы байқалады: жоғары оқу орындарының түлектеріне тәжірибесінің жоқтығынан, ал 55 жастан асқан адамдарға жасының егделігінен жұмысқа орналасу өте қиынға түсуде. Аталған жас мөлшеріне жататын азаматтар категориясының өмірлік деңгейін көтеру мақсатында оларға жеткілікті зейнетақы жинақ қорын жасақтауға көмектесу мен жұмыссыздықтың жалпы деңгейін төмендету үшін 55 жастан асқан адамдарға арнап ішінара еңбекпен қамту стратегиясын әзірлеп, іске қосу қажет. Шетелдерде кеңінен қолданыс тауып отырған 55 жастан асқан адамдарға арнап жұмыс орындарын квоталау тәжірибесі ар­найы назарға лайық. Германияда осы бағ­дарламаға деген кәсіпкерлердің қызығушы­лығын арттыру мақсатында квоталаумен қатар, 50-ден асқан жұмыскерлерді жұмыс­қа алған жағдайда, жаңадан алынған жұмыс­шылардың жалақыларына субсидия жасау қарастырылған. Егде адамдардың жұмыспен ішінара қамтылуы туралы заңға сай – 55 жасқа толған жалданбалы жұмыс­кер­лер алдыңғы 5 жыл ішінде, аз дегенде, 1080 күнтізбелік күн (яғни, жобамен 3 жыл) міндетті әлеуметтік сақтандыруға жата­тын еңбек қатынасында болатын болса, нет­то-жалақының 70%-ы (мемлекеттік қызмет­керлер үшін 83%) сақтала отырып, толық жұмыс күнін екі есе азайтуға құқылы. Жұмыс берушіні осы қадамға ынталан­дыру үшін Еңбекпен қамту және жұмыс берушілер одағы тарапынан заңды түрде қаржылық демеушілік жасау қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Қысқартылған жұмыс күні жұмыс берушімен келісілгеннен кейін жұмыскерге қолайлы апта, ай немесе жыл ішіндегі мерзімге бөлінеді. Бұл заң алдыңғы бес жыл ішінде үш жылдың жеке кезеңдерінде жәрдемақы немесе жұмыссыз отырған кезінде көмек алған болса (оның қатарына ауруы себебімен алған жәрдемақы да жатады) немесе толық емес күн неме­се апта режімінде жұмыс істегендерге қатыс­ты. Францияда ірі кәсіпорындар 50 жастан асқан жұмыскерлеріне жалақы мөлшерін сақтай отырып еңбекпен ішінара қамтуды (қысқартылған жұмыс күнін) ұсынады. Кейбір мемлекеттерде (Болгария, Ре­сей, Македония және Украинада) егде жас­тағы жұмыскерлер жалақы төленетін қоғам­дық жұмыстар бағдарламасына енгізіл­ген. Біздің елімізде де шетелдік тәжіри­беге сүйене отырып, 50 жастан асқандарды еңбекпен қамту бойынша кешенді еңбекпен қамту жоспарына (50+ бастамасы) енгізген жөн. Бұл жоспардың мақсаты қазіргі таңда іске асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберіндегі жұмыс орнын ұйымдастыру шараларын қамтуға тиіс. Атап айтатын болсақ, әйелдердің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаларға белсенді қатысуы, «Бизнестің жол картасы-2020-ға» 50 жастан асқандардың қатысуын ынталандыру қарастырылғанмен, алайда, аталған шаралардың орындалу мониторингі іске асырылып жатқан жоқ. Ағылшын жазушысы Гильберт Чес­тертон «Кім де болса ақпараттың адал, риясыз, шынайы және өзінің көзқарасына сәйкес болғанын қалайды» деп жазған екен. Жоба бойынша еліміздің Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында жүргізілген ақпараттық-насихат жұмыс­тары тап осы мақсатты көздеген болатын. Қой­ылған міндеттерді сапалы іске асыру нә­тижесінде жоба мақсаттарына қол жеткізу мүмкін болды, атап айтсақ: елімізде мемле­кет жүргізіп отырған саясат бойынша әйел­дердің құқықтарын сақтау жөніндегі ақпарат­тылық деңгейі көтерілді; барлық категориядағы әйелдердің, әсіресе, зейнеталды жастағы және зейнет жасындағы әйелдердің әлеуметтік ахуалы жақсаруына септігін тигізді. – Жоғарыда бұл жобаның 3 облыс көлемінде жүргізілгенін айттыңыз, ал келешекте ол жалғасын таба ма? – Дұрыс айтасыз, әрбір жақсы жоба жалғасса ғана оның тиімділігі арта түседі. Осы қанатқақты жоба арқылы біз де біраз тәжірибе жинақтадық. Жүргізілген жұмыс барысында бір аудиторияда жас­тар мен орта және зейнет жасындағы әйелдерді араластыруға болмайтынына көзіміз жетті, себебі, әрбір категорияның міндеттері әртүрлі, соның салдарынан бірін қызықтыратын мәселенің екіншісінде өзектілігі төмен, немесе керісінше. Сон­дықтан шараға келген адамдарды мақсатты топтарға бөлген дұрыс та тиімді болмақ. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы жұмысын ауылдағы зейнеталды жастағы әйелдермен жалғастыруға дайын, әрине. Ал жастарға қатысты жұмыстарды еліміздің барлық облыстарында көптеп саналатын жастар ұйымдары жүргізе алар еді. Жобаны іске асыру тәжірибесі халық­тың әрбір жеке категориясына арнап атаулы оқыту бағдарламаларын әзірлеу қажет­тігін көрсетіп берді. Мысалы, жастарға арналған бағдарламада психолог жүргізетін жұмыстарды қамту керек, себебі, олар жұмыс берушімен қарым-қатынасты психологиялық тұрғыдан дұрыс орнатуды, жұмыстағы шиеленісті жағдайларды шеше білуді үйренеді. Ал зейнеталды жасындағы әйелдер үшін интернетпен және басқа да ұтқыр құрылғылармен жұмыс істеуді үйрену, кәсіби біліктілікті жетілдіретін курстар, зейнетақы есептеу жолдарымен зейнеттік аннуитетті алу әдістерін үйрену өте маңызды. Зейнеттегілерді, бірінші кезекте, қаржылық қызметтер (сақтау, сақтандыру, несиелеу), сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысу және шипажайлық емге қолжетімділік мәселелері толғандырады. Сондықтан осындай көптеген ерекшеліктерді екшеген жобаның жалғасты болуын қалаймыз. Барлық қыз-келіншектерге қажетті кеңес алу үшін қысылмай «Beeline» желсіндегі 69-69 қысқа байланыс нөміріне және Астана қаласының тұрғындарына 78-25-69, 48-12-36 нөмірлеріне қоңырау шалыңыздар, өз құқықтарыңызды қорғауды үйреніңіздер дегім келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.