арасындағы 1982 жылғы келісім маңызы енді айтылып, бағалана бастады
«Жауын аяған жаралы» дейді көнеден қалған бір ұлағат. Бірақ кейде аңдатпай аяғыңнан шалатын жақыныңнан гөрі, ашық айқаста басымдығыңды бағалап, ерлігіңді мойындайтын жаудың өзі артық-ау! Редакция тарапынан қазақтың атақты «қара майоры» хақында шұғыл мақала жазу жөнінде тапсырма алып, талай-талай шығармаға арқау болған Гиндуштың Паншер шатқалындағы «Мұсылман батальонының» командирі Борис Керімбаев пен ауған көсемі Ахмад шах Масудтың арасында болған ұрыс қимылдары туралы оқиғаларды оқи отырып, осындай ойға қалдым. Иә, бірі – «Паншер королі» (Б.Керімбаевтың тағы бір лақап аты) атанған қазақтың батыр ұлы, енді бірі – «Паншер арыстаны» (Ахмад шах Масудтың лақап аты) атанған тәжіктің қайсар ұлы жауласқан қарама-қарсы қос лагерьдің мүдделері үшін соғыса жүріп, бір-бірінің ерлігін таныды, мәрттігін түсінді.
Қазақтың «қара майоры» өзінің бір естелігінде ауған моджахедтерінің қолбасшысы Ахмад шах Масудпен үш рет кездескенін айта келіп, соңғы кездесуде «Паншер арыстанының»: «Сен жауынгерсің, мен де жауынгермін. Ендеше, нағыз жауынгерлер сияқты шынайы келісімге келейік», деп атап көрсеткенін, осы кездесуден кейін ол сөзінде тұрып, бейбіт келісімге қол жеткізілгенін, бейбіт келісімнің екі жылға жуық созылғанын, бұл ауған соғысы кезіндегі адам шығыны азайған ең бір тыныш күндер болғанын құрметпен еске алады. Қанша жерден жау болса да, қарсыласыңның қасиеттерін тани білу де мәрттік. Елінің азаттығы жолында жанқиярлықпен күресіп, сол үшін талибтер қолынан мерт болған тәжік ұлы Ахмад шах Масудты қазақтың «қара майоры» осылай таныса, әскери стратегияны өте жетік білетін ірі қолбасшы Масуд ең мықты қарсылас, ең айлалы командир Б.Керімбаевтың басына 1 миллион доллар ақша тігетінін жариялап, «қара майордың» ерлігін ерекше мойындайтынын паш етті. «Паншер арыстанының» өзі мойындаған осы бір өшпес ерлік қалай өрілген еді...
Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстандағы соғыс қимылдары барысында Паншер шатқалына бақылау жасау басты стратегиялық міндетке айналды. Шындығында да бұл жерге иелік еткен әскердің мерейі үстем болатын. Себебі, Паншер шатқалының ұзындығы 120 шақырымға созылып, бір шеті Пәкістан мемлекетінің аумағына шықса, бір шеті Кеңес Одағынан Ауғанстан еліне кіретін жолдағы ең маңызды стратегиялық Саланг асуымен жалғасатын. Көтерілісшілерге келетін қару-жарақтың 70 пайызы осы шатқал арқылы тасылса, моджахедтердің оқу-жаттығу лагерьлерінің басым бөлігі де осында орналасқан. Шатқал маңындағы тұрғындардың басым көпшілігі кешегі Кеңес Одағынан қашқан өзбек, тәжік, қазақ және қырғыздардың ұрпақтары болатын. Олардың кеңес әскеріне деген кегі қайтпаған. Саланг асуы арқылы ғана өтетін КСРО құрамаларына қарсы шабуылдар да осы жерден жасалатын. Паншер шатқалында шоғырланған ауған әскеріне кезінде Кеңес Одағында әскери білім алған талантты қолбасшы Ахмад шах Масуд басшылық жасайтын.
Міне, осындай стратегиялық маңызы бар жерге тұрақты бақылау орнату – КСРО әскери басшылығының басты міндетіне айналды. Бұл міндетті жүзеге асыру барысында бұдан бұрын қолданылған бірнеше әскери шабуылдар сәтсіздікке ұшырады. Ақыры кеңес әскері 1982 жылы мамыр айында шешуші шабуылға шықты. КСРО тарапынан бұл шабуылға 12 мың жауынгер, 8 мың ауған үкіметі әскерінің солдаты, 200 МиГ ұшағы мен 300 тікұшақ, жүздеген бронды техника мен артиллерия қатысты. Бірнеше күнге созылған кескілескен ұрыс барысында кеңес әскері зор шығынмен Паншер шатқалын басып алды. Ауған моджахедтерінің басым бөлігі қаруларын тығып тастап, шатқалдың ұзына бойындағы қыстақтарына сіңіп кетті. Біраз әскер Ахмад шах Масудпен бірге Пәкістан аумағына өтіп өтті.
Шатқалды алуын алғанымен кеңес әскері үшін оны ұстап тұру қиынның қиынына айналды. Қыстақтарға сіңіп кеткен моджахедтер дүркін-дүркін партизандық шабуылдар жасап, кеңес әскерін зор шығынға ұшыратты. Оның үстіне Пәкістанға өткен Ахмад шах жалпы жұрттың алдында құран ұстап, бір айдан кейін Паншер шатқалын басқыншылардан тазартуға ант беріпті. Енді не істеу керек? Кеңес әскерінің басшылығы моджахедтерге арнайы дайындықтан өткен «мұсылман батальонын» қарсы қоюға шешім қабылдады.
Ол – ауған соғысы тарихында ерліктің өшпес үлгісін жасаған «Қапшағай батальоны» еді. Ресми түрде Бас штабтағы Бас барлау басқармасының 177-ші арнайы тапсырмаларды орындайтын отряды деп аталатын бұл батальон 1981 жылдың қаңтар айында құрылып, Алматы маңындағы Қапшағай қаласына орналастырылған болатын. Батальон командирі, кәсіби барлаушы, майор Борис Керімбаев әскери бөлімшелер мен гарнизондарды аралай жүріп, әрбір жауынгерді өзі іріктеп алған еді. Сондықтан «мұсылман батальонының» жігіттері кілең «сен тұр, мен атайын» дегендей, қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз жігіттерінің сырттандары болатын.
1981 жылдың 29 қазанында «Қапшағай батальоны» Ауғанстан жеріне кірді. Сол күні – ең алғашқы шайқасқа түсіп, оқ пен отты көрді. Қараша айында кеңес әскерінің жүк артқан автоколоннасын қорғау міндеті Керімбаевтың батальонына жүктелді. Өткелі тар шатқалда автомобиль керуеніне құрбашы Маулана Қара бастаған мұздай қаруланған әскер шабуыл жасады. Олар тар жолды екі жағынан бітеп, колоннаны қақпанға қысып, қос бүйірден атқылай бастады. «Қапшағай батальоны» жанкештілік танытып, жау шабуылын тойтарып отырды. Шатқалдағы шайқас 11 сағатқа созылды. Ақыры моджахедтер мол шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Автомобиль колоннасын түгел жойып жіберуді көздеген жау әскерінің бір ғана «КамАЗ»-ды өртеуге мұршасы жетті. «Қапшағай батальоны» жауға күйрете соққы бере отырып, колоннаны аман сақтап қалды. 11 сағатқа созылған қанды шайқаста батальоннан сегіз адам жараланып, екі жауынгер қаза тапты. Бұл соғыс тактикасында жауынгерлерін барынша сақтай білетін командирдің біліктілік шеберлігінің нәтижесі болса керек. Сөйтіп, 1982 жылдың жазына дейін талай-талай күрделі шайқастарда жеңіске жетіп, шеберлік шыңдаған «Қапшағай батальоны» ауған жеріндегі кеңестік әскердің ең үздік бөлімшелерінің біріне айналды. Борис Керімбаевтың «мұсылман батальонының» атағы КСРО-ның ең жоғары әскери басшылығының назарына ілікті.
Ахмад шах Масудтың құран ұстап: «Бір айдың ішінде Паншерді қайтарып аламын!» деген антын естіген кеңес әскерінің басшылары бар салмақты осы «Қапшағай батальонына» салуды ойлады. Борис Керімбаевты штабқа шақырып алып, кезектен тыс подполковник шенін берді. Орденмен марапаттады. Содан кейін «мұсылман батальонының» алдына қиын да жауапты міндет қойды: Паншер шатқалын батальон бір ай бойы ұстап тұруы керек. «Қара майор» осы бұйрық арқылы әскери басшылық өзінің жігіттерін ажал апанына айдап салып отырғанын жақсы түсінді. Б.Керімбаевтың өзінің бұл қауіпті тапсырмадан бас тартуға мүмкіндігі бар. Бірақ батальон бұйрықтан бұлтара алмайды. «Қара майордың» орнына басқа командир тағайындап, батальонды бәрібір қанды қасапқа салады. Сондықтан өл, тіріл тапсырманы орындап, жігіттерді аман алып қалудың қамын ойлау керек. Шешімін осылай түйіндеген Борис Керімбаев сарбаздарын бастап, Паншер шатқалына аттанды.
Жол көрсету үшін берілген адам жаудың жансызы болып шықты. Ол батальонды бірден арнайы тосып жатқан жау әскерінің үстінен бір-ақ шығарды. Қиян-кескі ұрыстан «Град» реактивті қондырғылары арқылы толассыз оқ жаудырудың нәтижесінде шығынсыз шықты. 12 маусымда «қара майордың» арнаулы отряды Паншер шатқалындағы жаудың негізгі тірек нүктесі және стратегиялық биіктікте орналасқан Рух қыстағын басып алды. Туған ауылынан айырылу Ахмад шах үшін күйрей жеңілумен пара-пар еді. Ол қайткенде де стратегиялық тірек нүктесін қайтаруды ойлап, жанкешті шабуылға шықты. Қарша бораған оқтан шатқалдың үстінде күн тұтылды. Тоқтаусыз жүргізілген ұрыс қимылдары 32 сағатқа созылды. «Қара майордың» жанкешті жауынгерлері көмекке келген басқа батальондардың жәрдемімен Ахмад шахтың әскерін Паншер шатқалынан тықсырып шығарды.
Әскери тактиканы терең меңгерген қос қолбасшының арасында шын текетірес басталды. Ахмад шах шатқалға сыналай кіріп, барлық стратегиялық биіктіктерді басып алған «қара майорды» қалай да қуып шығуды ойлады. «Қара майор» болса, басып алған биіктіктерді тек қорғап қана тұрудың опа бермейтінін түсініп, қарсы шабуылдарға шығып, «спецназ» тәжірибесін пайдаланды. Сөйтіп, моджахедтерге тұтқиылдан ұрыс ашып, керуендерін талқандап, дүркін-дүркін күтпеген жерден ойсырата соққы беріп отырды. Ахмад шах құйындай құбылатын «мұсылман батальонының» шабуылдарынан әбден зәрезап болып, әскери тактикасына құрық бойлатпайтын «қара майордың» әдістерінен айласын асыра алмады.
Ахмад шахтың әскери тактика мен стратегияны өте жетік білетін ірі де білікті қолбасшы екенін кеңестік әскери басшылар ғана емес, барлық шетелдік мамандар да мойындаған болатын. Осы тәжірибелі қолбасшы өзінің қарсыласының қапысын табу үшін оның басына 1 миллион доллар ақша тігуге дейін барды. Паншер шатқалын бар болғаны бір ай ғана ұстап тұруға жіберілген «мұсылман батальоны» күші басым жаумен сегіз ай бойы жеңісті шайқастар жүргізді.
Егер текетірес одан әрі созыла беретін болса, өзінің жағдайы күрт нашарлайтынын Ахмад шах жақсы түсінді. Ақыры ешкімге иелік беріп көрмеген «Паншер арыстаны» келісімге баруға мәжбүр болды. Кеңес әскері тарапынан келіссөзді әзірлеу үдерісіне «қара майор» да қатысты. Сөйтіп, Ахмад шах Масуд алғаш рет кеңес әскері басшыларымен келісім жасасты. Бұл келісім бойынша, Ахмад шах Масуд 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі кеңес әскері мен ауған әскери гарнизондарына (Бабрак Кармал үкіметінің әскері) қарсы соғыс қимылдарын жүргізбеуге, өзі бақылайтын аймақта бейбітшілікті сақтауға уәде етті. Кеңес өкіметінің өкілдері Ахмад шах бақылайтын аймақтағы жергілікті биліктің ісіне қол сұқпауға тиіс болды. Тәжіктің текті ұлы мәрттігін танытты. «Ахмад шах Масуд уәдесінде тұрды. Ол келіссөзде көрсетілген 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі кеңес әскері мен ауған әскерлерінің гарнизондарын атқылаған жоқ, оларға қарсы ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ», – дейді кеңес әскерінің басшыларының бірі Александр Ляховский өзінің «Трагедия и доблесть Афгана» атты кітабында. Сөйтіп, ауған соғысында екі жылға жуық уақыт бойы бейбітшілік орнады. Бұл кезеңде қаншама қыршын жастың өмірі сақталып қалды десеңізші!
Оттан да, оқтан да қайтпаған Ахмад шах өзіне тиімсіз бұл келісімге қалай барды? Оны «мұсылман батальонының» жанкешті ерлігі мен «Қара майордың» қайсарлығы келісімге келуге мәжбүр етті. Батырлық пен батылдықтың ерен үлгісі болып табылатын Борис Керімбаевтың ауған соғысындағы ең басты ерлігі де осы!
Мыңдаған боздақтардың өмірін аман сақтап қалуға себепкер болған осы бейбіт келісімнің қос кейіпкерін қалай құрметтесе де лайық. Өкінішке қарай, бұл ретте де әділдіктің ауылы алыс қалғанын ашық айту парыз. Барлық ғұмырын ауған халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске арнаған Ахмад шах Масуд 2001 жылы талибтердің қолынан қапыда мерт болды. Атақтан да, шеннен де шет қалған «қара майор», Ауған соғысының ардагері Борис Төкенұлы Керімбаев Алматы маңындағы саяжайында соғыс зардабы салған ауыр науқаспен күресуде. «Ердің атын елі шығарар» деген ұлағатты ұлықтай отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында халқымыздың батыр ұлы «қара майорға» қандай құрмет көрсетілсе де лайық болар еді...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.